БАСҚАРМАЛАР НЕ ТЫНДЫРЫП ЖАТЫР?

alogo1223333334Сонымен, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы Жылан жылы не тындырды? Қолымыздағы құжатқа қарағанда, былтыр біраз іс атқарылыпты. Мәселен, бұған дейін бас жоспарсыз дамып келген аудан орталықтары мен ірі елді мекендерді ретке келтіру бағытында тиісті шаралар жүзеге асырылған. Бүгінде өңірде бес мыңнан астам тұрғыны бар 12 елді мекеннің төртеуінің ғана бас жоспары бар екен.
Демек, өзгелерін де жүйелеген жөн. Өйткені, еліміздің қолданыстағы «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 24 бабының 1-тармағының 10-тармақшасына және 47 бабының 1-тармағына сәйкес елді мекендердің аумақтарын дамыту мен оған құрылыс салу белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспар негізінде жүргізілуі керек. Бас жоспар қонысты дамытуды кешенді жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастыратын негізгі қала құрылысы құжаты болып табылады.
Сонау 1970-1980 жылдары жасақталған бас жоспардың ескіруі немесе мұндай құжаттың мүлдем жоқтығы сәулет саласындағы жұмыстардың жүйелі жүруіне кері әсерін тигізуде. Бұл, әсіресе, құрылыстарға жер бөлу кезінде көп қиындық келтіруде. Жер телімдерінің бас жоспарға сәйкессіз берілуінің өзі заңсыздық болып табылады. Соның салдарынан олар тыйым салынған қызыл сызықтарға түсіп кетіп, арты дауға да соқтырады. Жете зерттелмеген, инженерлік желілері тартылмаған аумақтардан жер телімдерінің беріліп кетуі де осындай оралымсыздықтарға себеп болып отыр.
Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен осы күрмеулі мәселе қолға алынды. Сөйтіп, Атырау қаласының бас жоспарын жаңғыртуға жағдай жасалды. Сонымен қатар, бес аудан орталығының қажетті құжаттарын жасақтауға қаражат бөлінді. Былтырғы 23 қаңтарда Құлсары қаласының, Махамбет, Миялы, Аққыстау мен Ганюшкин селоларының бас жоспарларын жасауға жарияланған конкурстың жеңімпазы ретінде шараны жүзеге асыру міндеті Алматының «Казгипроград-1 жобалау институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырылды.
Содан бес аудан орталығының бөлшекті жоспарлау жобасы мен топографиялық түсірілімі бірлескен бас жоспарын жасақтау жұмыстары аяқталып, бекіту үшін аудандық мәслихаттарға ұсынылған-ды. Былтырғы 10-11 желтоқсанда Құлсары қаласының, Миялы және Аққыстау селоларының бас жоспарлары бекітілді. Енді бұл елді мекендердегі құрылыс осы құжат негізінде жүргізіледі.
Ал, сонау 2002 жылғы 6 тамызда ҚР Үкіметінің №880 Қаулысымен бекітілген Атырау қаласының бас жоспары уақыт сынына төтеп бере алмады. Облыстың қарышты дамуы, құрылыстың қарқын алуы бас жоспарға түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетті. Атыраудың бас жоспары да Алматының «Казгипроград-1 жобалау институты» ЖШС-нің көмегімен дайындалды. Өткен жылғы 4 желтоқсанда өңірдегі барлық мүдделі құрылымдар өкілдерінің қатысуымен өткен алқалы мәжілісте облыс орталығының ұзақ мерзімді даму нұсқалары ұсынылып, мамандармен жан-жақты талқыланды. Жалпы, бұл бағыттағы жаңғырту жұмыстары үстіміздегі жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Атырау қаласының 435 га аумағына бөлшекті жоспарлау жобасын жасақтау жұмыстары басталды.
Басқарма облыс әкімдігінің 2002 жылғы 7 қаңтардағы №360 қаулысына сәйкес 2002-2011 жылдар аралығында Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының базалық деңгейін жүргізіп келді. Бүгінде өңірдің облыстық және базалық деңгейдегі Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық-графикалық жүйесін құруға техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге жергілікті бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, құжат толығымен дайындалды.
Биыл Қызылқоғадағы Сағыз, Жылыойдағы Жаңа Қаратон және Құрманғазыдағы Ақкөл тәрізді ірі елді мекендердің бас жоспарлары жасалмақшы. Сонымен қатар, Махамбет ауданындағы тоғыз округ орталығына да осындай құжат қажет. Мақат пен Индербор кенттерінің де егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын дайындау қолға алынбақ. Соның бәріне жергілікті бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінуі күтілуде.

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*