БАС ЖОСПАР – ШАҺАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ

ҚР Үкіметінің 2002 жылдың 6 тамызындағы №880 санды қаулысымен бекітілген Атырау қаласы бас жоспарының қолданылу мерзімі 2015 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Құжатта атап көрсетілгеніндей, қаланың сол кездегі аумағы 13186,0 гектарды құраған. Бас жоспарға сәйкес оны 19205,2 гектарға дейін ұлғайту көзделген. 2015 жылы қала тұрғындарының саны 220 мың адамды құрауы тиіс болатын. Алайда, бұл межеге қазірдің өзінде қол жеткізіліп отыр. Мәселен, ағымдағы жылдың басында қаланың орталығы мен маңындағы елді мекендерді қоса есептегенде халықтың саны 314,5 мың адамға жеткен. Мұның өзі бүкіл облыс тұрғындарының тең жартысынан асады (55,4 %). Соның ішінде бұрыннан қаламен іргелес, шектесіп жатқан Балықшы мен Жұмыскер кенттерінің халқын қоса алғанда бұл көрсеткіш 221,3 мың адамға тұрақтаған.

Жер көлемі үш есеге өседі

Жоба қаланың әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасына негізделген немесе сол тұрғыда қарастырылған. Есепті мерзімде тұрғын халықтың саны 350 мың адам болады деп белгіленген. Қаланың құрамына әкімшілікке қарасты 26 елді мекеннің 16-сы және Махамбет ауданына, облыс орталығына жақын орналасқан Алмалы мен Береке ауылдары кіргізіледі. Сәйкесінше, қаланың жер аумағы 16566-дан 45871 гектарға (үш есеге жуық) өседі, соның ішінде бір ғана Махамбет ауданынан қосылатын аумақтың көлемі 7145 гектарды құрайды.

Бас жоспар жобасын қайта жаңғырту шеңберінде, қала аумағының ұдайы ұлғайып отыратындығын ескеріп, болашақта шаһардың өзін 16 тұрғын ауданға бөлу қарастырылған.

Өнеркәсіптік өңірлердің аумағы ұлғаяды

Нақты жағдайға және қолдағы бар деректерге сүйенсек, қаланың шығыс бағытын темір жол және өнеркәсіптік аймақ шектейді. Батыс бағыты Атырау халықаралық әуежайы, қалалық зират сияқты нысандармен шектеліп, инженерлік-геологиялық жағынан алып қарағанда қолайсыз аумаққа жатады. Сол сияқты, оңтүстік бағыт қаланың Каспий теңізіне жақын орналасуымен, іргелес аумақтарға су жайылып кету ықтималдылығымен, одан бөлек осында  «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватының орналасуымен ерекшеленеді.

Айта кету керек, жобада қарастырылған жаңа аумақтарда негізінен жеке  тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Ал, көп қабатты тұрғын үйлер қаланың мөлтекаудандары аумақтарында, жағалау аймағының бойында, сондай-ақ, жалпықалалық магистральдарға таяу тұстан салынады. Ескерер бір жайт, қазірдің өзінде Атырау қаласы оңтүстік-шығыс, солтүстік, солтүстік-шығыс және Балықшы өнеркәсіптік аймақтарынан тұрады. Жобада оларды сол күйінде сақтай отырып, кейбір кереғар жағдайларды біртіндеп ретке келтіру және әрі қарай дамыту мақсат етілген. Сонымен бірге, онда солтүстік-шығыс бағыттағы Қарабатан темір жол бекеті аумағынан жаңа мұнай-химия кәсіпорындары жайғастырылатын, өз алдына бөлек өнеркәсіптік аймақты қалыптастыру ұсынылған. Өңіріміздегі іргелі кәсіпорындардың бірінен саналатын Атырау мұнай өңдеу зауытының оңтүстігіндегі аумақтан тұрғызылады деп жоспарланған ұлттық индустриялық мұнай-химия паркінің құрылысына бөлінген жер телімінің  резерв ретінде сақталғандығы дұрыс болатындығын да жобалаушылар қаперлеген.

Мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған вагондарды жөндеп, жуып-шаюмен шұғылданатын «Ақ Жайық» ЖШС, басқа да осындай қызметпен айналысатын құрылымдар, «Каспийпромстройнедвижимость» кәсіпорнына қарасты мұнай базасы шығыс бағыттағы Теңдік стансасы жанынан жасақталатын жаңа алаңға көшіріледі. Оңтүстік-шығыс аймақ бойынша осы айтылып отырған Теңдік стансасынан Атырау мұнай өңдеу зауытына дейінгі аралықтан, дәлірек айтқанда, солтүстік жағынан жаңадан темір жол тарауын салу туралы да ұсыныс берілген.

 

Қоқыс полигоны жаңа орынға көшіріледі

Қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын болашақта қазіргі орнынан 15 шақырым қашықтықта орналасатын жаңа орынға көшіру көзделген. Сол секілді транзиттік, бірінші кезекте ауыр жүк тасымалдайтын автокөліктердің қаланың ішіне кірмей, сыртымен айналып өтуін қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті маңыздылықтағы магистральдардың қиылысқан тұстарынан айналма жолдар салу қажеттілігі туындап отыр. Экологиялық қауіпсіздік пен атыраулықтардың қолайлы тыныс-тіршілігіне кепілдік беру мақсатында Жайық өзенінің жағалауынан тұрғындар үшін демалыс аймақтарын ашу, көгалдандыру мәселесіне басымдық берілген. 

Жасалынған баяндаманы мұқият тыңдап, жан-жақты зерделеп, талқылаған халық қалаулылары келер жылдан бастап күшіне енуге тиісті Атырау қаласы бас жоспарының жобасын негізінен алғанда бірауыздан мақұлдады. Әлі де болса қайта қарап, жетілдіре түсетін тұстарының барлығын да назардан тыс қалдырмады.

 

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*