Басқарудың тиімді бағдары

«Нұр Отан» партиясы Исатай аудандық филиалы саяси кеңесінің кезекті отырысында Елбасының  билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге арналған Үндеуі кеңінен талқыланды.

Басқарудың тиімді бағдары

Онда алғашқы сөз кезегін алған саяси кеңестің төрағасы, аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков Мемлекет басшысы өз құзыретіндегі біршама өкілеттіктерді Үкімет пен Парламентке беру жөніндегі шешімге саналы түрде барып отырғандығын, бұл – жаһандық ахуал мен ғаламдық үдерістерге, технологиялық және әлеуметтік жаңғырту талаптарына берілген нақты жауап, мұнда көзделген басты мақсат мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін барынша арттыру екендігіне тоқталды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасаған саяси  кеңестің  мүшесі, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбетәлиев бұл реформаның Үкімет пен жалпы атқарушы билік құрылымының  жауапкершілігін нығайтуға бағытталғандығын  және олардың Парламент пен мәслихаттар алдындағы есептілігін күшейтуді қамтамасыз ететіндігін айтты.

Бұдан кейін өзіндік пікірімен ортақтасқан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Ақтолқын Ахметжанова Үндеудің мағынасы мен мәнін қоғамға тиісті дәрежесінде жеткізу үшін бір ай мерзім ішінде ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілетіндігін, түсіндіру-талқылау шараларының нәтижелері бойынша елдің ұсыныс, пікір, тілектерін жинақтауда партия белсенділеріне, соның ішінде саяси кеңес мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктелетіндігін жеткізді.

Осы мәселеге орай, аудандық мәслихат депутаттарынан құрылған партиялық фракция өкілдері де өз отырысын өткізді.

Күн тәртібіндегі тақырыпқа байланысты фракция жетекшісі Ақтолқын Жақсылыққызының жасаған хабарламасында кемел елдің келешегі таразы басына түскен сындарлы сәтте жан-жақты сараланған  саяси реформа ретінде қабылданып отырған бұл Үндеу – мемлекетті демократиялық үрдіске бастайтын Елбасының жаңа бағыты, болашақ   дамуымыздың жаңа белесі екендігіне баса назар аударылды.

Соңынан сөз кезегін еншілеген фракция мүшелері, «Нұр Отан» партиясынан сайланған халық қалаулылары  сайлауда жоғары жетістікке жеткен партия өкілдерінің Үкіметті жасақтауда да ықпалды рөл атқаратындығын, Үкіметтің өзі мемлекеттік бағдарламаларды дайындап, орындалуына да өзі жауап беретіндігін, президенттік биліктің де сақталатындығын, стратегиялық  аса маңызды  салаларда оның өкілеттігінің айқын көрініс табатындығын атап айтты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Исатай ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*