БАРЛЫҚ ІСКЕ ТИІМДІЛІК КЕРЕК

Бүгінде әлемдік және ұлттық экономиканың дамуы арасындағы айырмашылықтың түбінде анықталатын кезіне жеттік. Шындығында, Қазақстан экономикасы өткен жылдың соңынан бастап нашарлай бастады. Оған Елбасымыз айтқанындай, сыртқы ахуал әсер етуде. Дүниежүзілік додада «қара алтын» құнының құлдырауымен қатар, рубль мен юанның әлсіреуінің де ықпалы бар. Өйткені, Ресей мен Қытай – біздің шекаралас мемлекеттеріміз ғана емес,  әрі байырғы экономикалық әріптесіміз. Қазір солардың біріне АҚШ пен Еуроодақ елдері қысым жасап жатса, екіншісінің кәсіпорындары қуаттарын кемітті. Сондықтан, валюталары девальвацияға ұшыраған көршілеріміздің әрекеті бізді де нақты шаралар алуға мәжбүр етті.

Мен біраз жыл қытайлықтармен бірлескен кәсіпорынға басшылық жасадым. Аспанасты елінде де бірнеше рет болдым. Сөз жоқ, Қытай – Қазақстан үшін ірі инвестор. Ол еліміздің отын инфрақұрылымын қалыптастыруға және шикізат жобаларын жүзеге асыруға ондаған миллиард доллар жұмсады. Бүгінде юан біраз арзандады. Мұны қытайлықтар ел экспортын көтеруге және экономикалық тұрғыдан жақсаруға бағытталған оң қадам ретінде бағалап отыр. Ал, Ресей рублінің бағамы оған қарсы қолданылған экономикалық санкция мен әлемдік нарықта мұнай бағасының арзандауы салдарынан төмендеді.

Міне, дүние жүзінде және қос көршімізде орын алған осындай жағдайда теңгенің еркін айналымға шығарылуы – экономикалық тиімділік. Ол жалпы өсім мен шикізат бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде қазақстандық экспортқа өнім шығарушылардың өзгелермен бәсекеге қабілеттілігі артады, «қара алтын» құны құлдырауының салдарынан болатын соққының әсерін азайтады, мемлекеттік қаржы қорын қалпына келтіреді.

Жалпы, Үкімет пен Ұлттық банкінің қалыптасқан жағдайға жедел араласып, шұғыл шарасын алуы – бүгінгі күннің қажеттілігі. Теңгені күшпен ұстап тұру Ұлттық қордың сарқылуына соқтырар еді. Ал, ол бәріміздің ортақ байлығымыз емес пе? Мұнай бағасының қымбат кезінде оны экспорттаудан түскен табыстың бір бөлігін кейінге сақтау – Елбасымыздың үлкен көрегендігі.

Өзім мұнайшы болғандықтан, әрине, осы саланың тағдыры алаңдатады. Рас, Қазақстан – мұнай мен газға бай мемлекет. Бірақ, бұл ретте түйінді проблема да жоқ емес. Біріншіден, оны талай жыл бойы сыртқа тек шикізат күйінде сатып келдік. Содан түскен табысты ғана қанағат тұттық. Мүмкін, дамудың бір сатысында ол да қажет шығар. Әйтсе де, көмірсутегі шикізаты бағасының әлемдік нарықта ойнап тұратындығын ескерсек, тек соған иек артудың қате екендігін де көреміз. Өңдеу саласын ақсатып алдық. Ара-тұра сезіліп қалатын бензин тапшылығы мен оның бағасының өсіп кетуі де содан. Әлі күнге жетіспейтін жанармайымызды шетелден сатып аламыз. Соларға кезінде өзіміздің арзан мұнайымызды бергенбіз. Қазір Елбасының тікелей тапсырмасымен республикадағы мұнай өңдеу зауыттары күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықтармен жарақтандырылуда. Осындай төртінші өндіріс ошағы бой көтермекші. Сонда жоғары сапалы бензинмен өзімізді толық қамтамасыз етіп, артығын сыртқа шығарамыз.

Екіншіден, елімізге келіп жатқан инвесторлардың бірде-біреуі жаңа кеніштерді ашқан жоқ. Бәрі де отандық геологтардың әбден зерттеп, қорын нақты анықтаған кен орындарын пайдалануда. Түбі олар да сарқылады. Демек, қайтарымы мол тың алаңдарды анықтау – қазақстандық мамандардың міндеті. Елбасы жақында Атырауға келген сапарында да соны тапсырды. Каспий маңы ойпатының тұзасты қабатында көмірсутегі шикізатының зор қоры барын айтты. Ендігі міндет – соны шетелдіктермен бірлесіп игеру. Өйткені, геология – әрі қымбат, әрі тәуекелі көп сала. Оған мол қаржысымен инвестор тарту да оңай шаруа емес. Сондықтан, жұмсалған қаржының қайтарымы боларына шетелдіктердің көзін жеткізу керек. Мемлекет басшысы салалас министрліктер жетекшілеріне соны жүктеді.

Үшіншіден, мұнай-газ саласына  мамандарды мол дайындау қажет. Елімізге, әсіресе, қазіргі заманауи техника мен жаңа технологияны жете білетін геолог-барлаушылар көп керек. Түрлі себептермен геология саласы назардан тыс қалған кезде мамандарды даярлауға да жеткілікті көңіл бөлінбеді. Қазір Атырауда мұнай-газ институты мен политехникалық колледж бар. Тереңдете білім беретін арнайы оқу орны жұмыс жасайды. Солардың мүмкіндігін барынша пайдаланған жөн.

Төртіншіден, кеңестік кезде тым тереңге бұрғыбойлатуға техникамыз да, технологиямыз дажеткіліксіз еді.Тайызды ғана қазуға мәжбүр болған байырғы бұрғышылар сол кезде-ақ тұз астында мол мұнай бар екендігін білген. Міне, уақыт талабына сай Атырауда аса тереңді еркін бағындыратын қуатты бұрғылау қондырғысы мен берік қашаулар және ірі габаритті жабдықтар шығарыла бастады. Енді отандық және шетелдік компаниялар қазақстандық құрылғыларды қолданады. Елбасымыздың тапсырмасы да сол емес пе? 

Бақтыгерей ЖҰБАНОВ, ардагер-мұнайшы, Исатай ауданының Құрметті азаматы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*