«Балық суында патша…»

baluksyanfМезгілінде бал татыған бекіре мен дәруменді уылдырыққа әбден тойып, беттері нарттай болған тұрғындар, бұл тағамды «ұрпақ несібесі» деп, қатты қадірлейтін. Несін айтасыз, сол кездің кереметтерін бұдан әрі айта берсек, құдды ертегі тәрізді «әлқиссалап» кетеріміз анық. Сондықтан өткенді аңсап, таңдай тақылдатып, бас шайқасқанша болашақты бағдарлағанымыз жөн болар.
Бір уақыттары аталған саланың маңдай тірейтін бас мекемесі ҚР Балық шаруашылығы министрлігі болып, мұң-мұқтажы мен кем-кетіктері тиісті орындарға тікелей жетіп, қажетті шешімін тауып жататын. Одан кейін бұл құрылым комитет болып шағындалды, әрі қарай басқарма, ең соңында құрамында төрт-бес адамы бар бөлім болып қалады. Бұдан соң да талай өзгерістерге түсіп, әбден «сілікпесі» шыққан балық шаруашылығы биылдан бастап ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құрамына беріліпті. Қош деңіз, кімнің қарауында болса да, мемлекет қамқорлығында. Бірақ, кейбір өзекті мәселелердің түбіне жетпей бел ортада қалып қоятыны үлкен өкінішке әкеліп ұрындыруда. Нәтижесінде бүгінгі күні балық шаруашылығы саласындағы шешімін күткен соны мәселелер шаш-етектен.
«Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі Қазақстандағы сегіз бассейннің ең ірісі болып саналады. Мұндай бассейндер саны кеңестік кезде 43 болыпты. Атырау облысы бойынша құрамында 200-ге тарта маман жұмыс жасайтын аталған инспекцияда жеті бөлім бар. Негізгі қызмет түрі – балық аулауға рұқсат беру және бақылау. Осылайша, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын аталған мекеме ұжымы ел экономикасының маңызды салаларының бірі болып есептелетін балық шаруашылығындағы аса жауапты міндеттерді атқарады.
Бір қарағанда, бұл қызмет түрлерінің екеуінің де өзіндік ерекшеліктері бар. «Үлкен жауапкершілікті қажет ететін бұл міндеттердің бір жерге тоғыстырылып қойылғандығы жұмыс барысында кереғарлық туғызбай ма?» деген де ой туындайды. Бұл ойымызға аталған инспекция жетекшісінің орынбасары Мұрат Ермекқалиев құрылымдық міндеттердің талапқа сай орындалып отырғандығын, жұмыс барысында әркім өз міндетіне жауапкершілікпен қарағандықтан қиындықтар бола қоймайтындығын айтты. Ал, инспекцияның ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің бас маманы, осы салада 52 жыл бойы еңбек еткен, жасы жетпісті алқымдап, зейнеткерлікке шықса да осы бір қыр-сыры көп саланың сан тарау «құпияларын» жастарға үйретуді мақсат еткен Бостан Шәмішұлы Сүлейменов бұл туралы басқаша пікірде:
«Жалпы инспекцияның функциясы дұрыс емес деп ойлаймын. Шынымен де біздің жұмысымызда қайшылық бар. Өзіміз рұқсат береміз, өзіміз бақылаймыз. Ойлап қараңызшы, қалай бақылаймыз, егер аулауға рұқсатты өзіміз беріп отырсақ? Осы екі маңызды міндет екіге бөлінсе, іс нәтижесі қазіргіден де жоғары болар еді. Бұл, мүмкін, болашақтың еншісінде шығар, мен өз ойымды қосып отырмын». Кәнігі маман осылайша өз ойын ортаға салды.
ghfhfgffӘдетте жұмысты орындау және ұтымды орындалуына жағдай туғызу деген ұғым бар. Шынтуайтына келгенде, іс тетігі материалдық-техникалық базаның мықтылығында екендігі даусыз. Балық аулауға рұқсат беретін, әрі оның орындалу заңдылығын бақылайтын аталған инспекцияда бір қарағанда жұмыс толассыз жүріп жатыр. Аянып қалып жатқан ешкім жоқ. Бірақ, қолбайлау болып отырған кемшіліктер қаншама? Құнды балықтың «көршілестер» құрығына ілініп, қолды болып жататыны талай рет айтылып та, жазылып та жүр. Ал, оларды құрықтайтын, тәртіп бұзушылықтың алдын алатын мүмкіндіктердің аздығы үлкен қолбайлау екендігін мүмкін біле бермеуіміз өкінішті. Мысалы, бақылау жұмыстарына пайдаланылатын шағын және орта жылдамдықтағы кемелерден басқа толыққанды бірде-бір кеме жоқ екен. Бұл жағдай браконьерлер мен басқа да заң бұзушыларға қатысты бақылау жұмыстарын жүргізуге толық мүмкіндік бермей отыр. «Жоғарыдан бақылайтын тікұшақ болса» деп армандайды қызметкерлер. Өкінішке орай, оған қаржы жоқ. Басқаны айтпағанда, автокөлікпен 30 пайыз ғана қамтылған. Жанар-жағармайдың жетпестігі де аяққа тұсау болып тұрғандай. Жыл сайынғы қысқартудан қызметкерлер санының азайып кетуі жұмыс сапасына елеулі әсер етіп отырғанға ұқсайды. Бас прокуратура тарапынан екі мәрте штаттық кестеге өзгеріс енгізіп, мамандар санын көбейту туралы нұсқаулық беріліпті. Әрине, үміттері бар, бірақ күдіктері басымырақ.
Осындай кедергілерге қарамастан инспекцияда жұмыс қарқыны бір толастаған емес. Мысалы, бөлім бастығы Олег Тушкановтың сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылдың алты айының қорытындысында 1906 табиғат қорғау заңдылықтарын бұзу әрекеттері тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда отызға көп. Маман-инспекторлар табиғат қорғау заңдылықтарының сақталуын бақылау мақсатында 129 тексеріс жүргізген. «Бұл жұмыстар бізде үнемі ұйымдастырылып отырады. Басты мақсатымыз – заң нормаларын қатаң сақтау. Реттілікті сақтап, ысырапқа жол бермеу біз үшін өте маңызды» дейді мекеменің заңгері Бейбіт Табылдиев.

БЕКІРЕ НЕГЕ АЗАЙЫП БАРАДЫ?

Кеңес үкіметі кезінде Жайық өзенінің жоғары категориялы арнаулы мәртебесі болған. Отыз пайыздан астам таза суды теңізге беріп тұрған ару Жайықтың бүгінгі күнгі келбеті көңіл көншітпейді. Әлемдік аквомәдениетінде өзіндік орны бар бекіре тұқымдас балықтардың азайып бара жатқандығы алаңдаушылық туғызуда. Оның басты себептері су деңгейінің төмендеуі, су қоймаларының ластануы, өндірістік жұмыстардың жүргізілуі, қала берді браконьерлердің заңсыз әрекеттері, тағы сол сияқты құбылыстар. Тағы бір ойланатын нәрсе, балық теңізден келеді. Ал, Каспий жағалауындағы Ресей, Иран, Түрікменстан, Әзірбайжан мемлекеттері де бекіре тұқымдас балықтарды осы теңізден аулайды әрі олардың квотасы бізге қарағанда 5-6 есеге дейін көп көрінеді. Бұл да негізгі себептердің бірі болуы мүмкін бе? Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Бакуде өткен мемлекет басшыларының саммитінде бес мемлекет үшін бекіре балығын аулауға мораторий жариялау жөнінде ұсыныс берген болатын. Бірақ, 2011 жылдың қаңтарынан бастап біздің мемлекетіміз бір жақты мораторий жариялап, қауіптің алдын алу шараларына кірісіп те кеткен.
Деректерге көз салсақ, бұрынғы балықтардың еркін өтіп, уылдырық шашып, қайтып келетін жолының бүгінгі күні 50-60 пайызы суы тартылған тақыршаққа айналған. Бекіре тұқымдас балықтардың теңізде өсетіндігін, теңіз арқылы ғана бізге келетіндігін ескерсек, су деңгейінің төмендігі балықтардың уылдырық шашатын жерге барып қайтуларына үлкен кедергі келтіруде. Екіншіден, уылдырық шашатын жерлердің барлығын шөп басып кеткендіктен, балықтардың барғанмен қайтуы нашар. «Бұл тығырықтан шығудың бірден-бір жолы мелиорация жұмыстарын жандандырып, қайраңдап қалған арналарды ашу» дейді мамандар. Осы орайда Бостан Шәмішұлы әңгімеге араласты:
«Жай, науқандық емес, бұл жерге күрделі мелиорация жұмыстары керек. Мелиорация жасау – бұл қауіптің алдын алатын бірден-бір шара. Сәл шегініс жасасақ, 1961-1963 жылдары Жайықтың Яйицкии рукав деген каналы қазылды. Сол кездегі балықтың көптігінен қайықтың балықтың үстімен жүзгендігінің куәсі болғандығым бар. Ал, Қиғаштағы Шарон өзенінен өтетін Ганюшкино каналында 1970 жылы 124 км. қазылғандағы істің нәтижесін көргендер әлі де арамызда жүр. Бұрынғыны армандап, қол қусырып отырғаннан ешкім ештеңе ұтпасы анық. Дегенмен, ойды ой қозғаған осындай сәтте есіңе еріксіз түседі екен. Айтпағым, бұл каналдардың барлығы да сол кеңес үкіметі кезінде қазылған. Және бұрын каналдардың барлығының да жауапты иелері болатын. Қазір жан-жақтың барлығы да иесіз қалғандай. Егер жауапкершілік болса дәл осындай қиыншылықтар кездеспес еді деп ойлаймын».
Бұл жерде табиғаттың аса құнды байлығы болып табылатын бекіре тұқымдас балықтарды қорғау мен сақтауға ешқандай көңіл бөлінбей отыр десек, артық кеткендік болар еді. Бұл ойымызды басшының орынбасары Мұрат Шманғалиұлы былайша толықтырды: «Жыл сайын бюджеттен 300 млн. теңге қаржы бөлініп, су түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп келеді. Жоғары жақтан тендер арқылы өтіп ұйымдастырылатын бұл шараны көріп жатқан жоқпыз. Бір білетінім, биылғы жылға бұл мақсатқа әлі бірде-бір тиын бөлінген жоқ. Бірақ, сонау тоқырау аталған жылдары көңіл бөлінбей, тұралап қалған мәселенің шешілуіне бұл қаражат өте аздық етуде. Сондықтан, шешімін күткен салаға тиісінше қомақты қаржы бөлініп, нәтижелі іске қол жеткізу бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі деп ойлаймыз. Басқа министрліктің құзырына өттік, енді жағдайымыз түзелер деп сенемін».

ЕНДІГІ ҮМІТ –
ЖАСАНДЫ БАЛЫҚТА

«Мемлекет бойынша ауланатын балықтың елу пайызын қамтамасыз етуге Атырау облысының мүмкіндігі бар» делінген деректерде. Демек, бұл мәлімет бүгінгі күні бекіре тұқымдас балықтарды қорғап қана қоймай, олардың санын көбейту керектігін жеткізіп тұрғандай. Жоғарыда табиғи көбеюдің кедергілерін айтып өттік. Әрине, жасандысына қарағанда табиғат жолымен көбейгенге не жетсін. «Жаратылысынан бекіре тұқымдас балықтар бауырын тау-тасқа үйкеп, уылдырығын шашып барып кері қайтатын. Бұл табиғи құбылыс қазір қамыс арасынан аса алмай отырғаны өкінішті. Сол себепті де жасанды жолмен көбейту әдісін пайдалануға мәжбүр болып отырғанымыз» дейді әңгіме барысында «Тілекші» ЖШС-нің цех бастығы, балық шаруашылығы саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман Мереке Ізғали. Иә, бұл жерде жартыны бүтіндеп, тығырықтан шығатын бірден-бір әдіс балықтарды жасанды түрде өсіру болып отыр.
Осы жолмен бекіре тұқымдас балықтарды өсіретін зауыт Атырауда ғана бар. Бір емес, екеу. «Атырау бекіре зауыты» РКМК және Орал-Жайық бекіре зауыттары. Бұл зауыттар 1998 жылдан бері мемлекеттік тапсырыс есебінде жұмыс жасап, жыл сайын бекіре тұқымдас балықтардың барлық түрінен 7 млн. шабақ өсіріп, Жайық тереңіне жіберіп келеді. «Атырау бекіре зауыты» РКМК-ның директоры Рашиден Қалидуллин:
«Негізгі мақсатымыз – бекіре тұқымдас балықтарды көбейтіп, сақтап қалу үшін Жайық пен Каспий су айдындарын шабақтармен толықтыру. Дәл осындай жұмыстар Каспий жағасындағы мемлекеттерде де атқарылады. Бұл жауапты жұмыстар балық, аң, құстардың жоғалып кетпеуін, генофондығының сақталуын қадағалайтын халықаралық «Ситиз» ұйымының бақылауында. Шабақтарды суға жіберместен бұрын нормалық көрсеткіштері сақталуға тиісті. Мысалы, салмақ дәрежесі 3 грамнан аса болу керек. Жергілікті ғалымдар ресейлік әріптестерінің «шабақтарды Каспий теңізінің кеңістігіне жіберу керек» деген пікірлерін толық қолдап отыр.
Өкінішке орай, бұл әдісті іске асыруға бүгінгі күні зауыттың мүмкіндігі жоқ. Мысалы, шабақтарды теңізге апару үшін арнайы контейнерлері бар кемелер керек. Бұл проблеманы шешу әзірге мүмкін емес. Бірақ, қол қусырып отырудан аулақпыз. Шабақтарды теңізге шығару – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Сол себепті тәжірибе үшін 2010 жылы Қазақстанда бірінші рет 100 мыңдай шабақты теңізге жібердік. Олардың жүзіне арнайы «чип» салынды. Бұйыртса, 2016-2017 жылдары сол шабақтарымыз өсіп-өніп қайтып келеді деп күтудеміз» деп өз ойын ортаға салды.
Директорды толғантқан мәселелердің аса маңыздылығын Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Атырау филиалы директорының орынбасары, биология ғылымының докторы Юлия Ким де мақұлдады. Ғалымның айтуынша, шабақтарды Жайық өзеніне емес, Каспий теңізіне жіберсе, балықтардың тірі қалу көрсеткішін арттыруға қол жеткізу ғажап емес. Себебі, өзенде шоқыр, қортпа, көксерке, шортан сияқты жыртқыш балықтар да бар. Бекіре тұқымдастардың кішкене шабақтарын бұл жыртқыштар жемге айналдырулары әбден мүмкін. Бекіре аналықтарының тағы бір ерекшелігі, балық қамауда ұсталған жағдайда ұрықтану деңгейі төмендеп кетеді екен. Бұл жағдайды да бекіре тұқымдастардың азайып кетуінің бір себебі деп түсіндірген ғалым бұдан әрі табиғи сұрыптау бағытындағы ойларын да айта кетті. «Балық аулауды азайтуға болмаса мүлдем тоқтатып тастауға болмайды. Бұл процесті тоқтату кейбір балық түрлерінің шектен тыс көбейіп, былайша айтқанда, «үстемдік құрып», әлсіздердің құрып кетуіне себепші болуы мүмкін. Балықтардың да өзіндік «әлемі» болады. Мысалы, қаракөз бен табан жем талғамайды, ал тамақтың жекелеген түрін ғана жеп, азықтары біткесін өзгенің жеміне ауыз салып, «әлімжеттік» көрсететіндері де бар»,-дейді Юлия Анатольевна.
Біз бұл бағыттағы «Республикалық балық шаруашылығы қоғамдық бірлестігі» қауымдастығының төрағасы Азис Шотқараевтың пікірін білдік. «Каспий жағалауындағы мемлекеттердің ортақ байлықты қорғау туралы халықаралық міндеттемелері бар. Арнайы комиссия құрылған. Біз қазақстандық үлес үшін ғана жауаптымыз. Рас, балық шаруашылығына байланысты қолбайлау болып отырған мәселелер өте көп. Бұл – аквомәдени ортадағы стратегиялық маңызы бар саяси мәселе. Зауыттар арқылы қолдан ұрықтандыру – адамзаттың табиғатқа берген көмегі. Басты мақсат бекіре тұқымдастарды қорғау ғана емес, жасанды жолмен олардың санын көбейту болып отыр. Бұл қыруар қаржы мен тынымсыз еңбекті қажет ететін жұмыс. Бірақ табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз».
Аталған зауыт басшысы Елбасының тапсырмасына орай екі зауытта да жаңғырту жұмыстары жүргізілуге және 30 млн. бекіре балығын өсіретін жаңа зауыт құрылысы салынуға тиістігін айтып, бүгінгі күні техникалық, биологиялық, экономикалық құжаттар жасақталу үстінде екендігіне тоқталды. Бұл бастама қолға алынған жағдайда екі зауыттан 12-14 млн. шабақ өсіруге және зауытта аналық, аталық балықтарды ұстауға толық мүмкіндік болады екен. Қазір зауыттағы ішкі бассейнде аталық және аналық балықтар бар болғаны 5-10 пайызды құрайды. Ал, көршілес Ресейде бұл көрсеткіш 70-80 пайыз. Зауыт директоры зауыттың мемлекеттік тапсырыстарын орындауға жергілікті өндірістік кооперативтер өте көп көмегін тигізіп отырғандығын, 2011-2013 жылдар аралығындағы «Амангелді» кооперативінің жасаған игілікті істерін де атап өтті. Мысалы, аталған кооператив биылғы жылдың өзінде 200-ден астам бекіре тұқымдас балықтарды ұстап тапсырған. Оларды аталық, аналық тұқымдарын алып, көбейтуге пайдаланылады. Әр балықтан екі килограмға жуық уылдырық алынса, осы екі килограмнан 250 мыңдай шабақ өндіріледі деп есептесек, бұл «Амангелді» өндірістік кооперативінің ортақ іске қосқан қомақты үлесі деуге әбден негіз бар. Тағы бір айта кететін нәрсе, 2011 жылдан бастап уылдырығы алынған балықтар қайта теңізге жіберілуде. Бұрын өңдеуге жіберілсе, мораторийге байланысты кері жіберу қолға алынған. Бұл балықтардың 2-3 жылда қайтып келетіндігіне мамандардың сенімі мол. Бұл да тұқымды сақтап қалудың бір тәсілі болса керек.
Осы жерде «теңіз – шегі мен шеті көрінбейтін алып айдын. Жағалай орналасқан бес мемлекеттің де өзіндік үлестері бар. Бірақ, теңіз түбі – ортақ. Балықтардың қайтып келуі туралы сеніммен әңгімелейміз. Оған кепілдік бар ма?-деген сауалымызға Рашиден Мусаұлы ынта-ықыласымен былайша жауап берді: «Балықтар да мал сияқты. Баққанды түсінеді. Әр аймақтың тамақтану базасы болады. Олар сол жерде жүреді, сол жердің шөбімен, тағы басқалармен тамақтанады. Былайша айтқанда, өздерінің үйренген ортасы қалыптасқан. Уылдырық шашатын кез келгенде барған іздерімен Жайық бауырына кері оралады». Табиғат ғажайыбы деген осы шығар, сірә.

БАЛ ТАТЫҒАН
БЕКІРЕНІ ҚАЛАЙ ЖЕЙМІЗ?

90-жылдарға дейін деректер бойынша тауарлық балық өсіру жақсы дамыған. Су тоғандарындағы балықтар екі-үш жылдық жайылымдарда өсірілген. Тауар ретінде қолдан өсіру әдісі бүгінгі күні алдыңғы қатарлы бірнеше мемлекетте пайдаланылып келе жатыр. Соның ішінде өз елімізде де бар. Мысалы, Алматы облысында тауарлы бекіре балығын өсіретін бірнеше ферма бар. Сол сияқты арнайы тоғандарда, бассейндерде өсірілетін шаруашылық түрлері де кездеседі.
«Бұл жерде әлемдік тәжірибе де, әдіс те жеткілікті деп ойлаймын. Мәселен, Қытайда балықтың 60 пайыздан астамы қолдан өсіріледі екен. Бұл үрдіс Атырау облысында да кеңінен тарайды деп сенемін. Сең қозғалған да сияқты, осы мақсаттағы ферма құрылысы жүріп жатыр деп естідім. Елбасымыз бизнесті дамытуға барлық мүмкіндіктерді жасап отырған тұста, бұл саланың да толық игерілеріне күмән жоқ. «Өзің өсір, өзің пайдалан» деген принципке сай, табиғат өз заңдылығымен өсіп-өнуге тиісті» дейді Азис Шотқараев бұл туралы. «Тауарлық өнім болса, браконьерлік те жойылады. Демек, қылмыс болмайды. Сөйтіп, балықты еркін тұтынуға қол жетер еді. Суы жоқ жерлерде де балық өсіріп, халық игілігіне ұсынып жатыр ғой. Біздің жерімізде бұл істі қолға алуға әбден болатын сияқты. Қолда барды ұқсататын азаматтар табылады» дейді мамандар сеніммен.
Түйін
Қолда барды ұқсату – ұқыптылықтың, жауапкершіліктің белгісі. Бүгіннен қамдану – ұрпақ еншісіне қалатын асыл мұраға деген жанашырлық. Сан жылдар бойы бабаларымыз кәсіп еткен бұл шаруашылықтың ақсауы – аталған салаға жете мән берілмегендіктің салдары. Біздің мақсатымыз – балықты өңір болып саналатын біздің аймаққа Үкімет тарапынан ерекше назар мен қолдау қажет екендігіне көз жеткізу болатын.

Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*