Бала дәрігерінен бас тарту медицинаға қандай жеңілдіктер әкеледі?

 

Адам жанының арашашысы болып жүрген абзал жандармен сөйлесе келгенде ұққанымыз – осы. Осы реформа қолға алына бастағанда бауыр еті баласын маманданған педиатрдың емес, «әмбебап» дәрігердің қарайтынын білген ата-аналар тарапынан қарсы пікір білдірушілер көп болғанын білеміз. Қазір бірқатар шаңырақ иелерінің тарапынан «жалпы практика дәрігерлеріне» деген оң көзқарастың қалыптаса бастағанын байқаймыз. Дегенмен, «таза» педиатр мамандығын қалдыру-қалдырмау жөніндегі тұшымды ой дәрігерлердің өз аузынан шығары сөзсіз.
Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Дина Камелованың айтуынша, «жіңішке» сала дәрігерлерінің орнына жалпы практика дәрігерлерін даярлаудың тиімді жақтары бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Біріншіден, мұндай дәрігер үлкенді де, кішіні де, бас ауруын да, басқа ауру түрін де қарап, емдей береді. Медициналық қызметкерлер жетіспейтін қазіргі жағдайда емханалар үшін ол аса тиімді. Екіншіден, ауылдық жерлерде, аудан орталықтарында тұратын дәрігерлер бұрыннан да жан-жақты. Ауыл жұртының басы ауырып, балтыры сыздаса барлығы тайлы-таяғы қалмай өздері жақсы танитын санаулы дәрігерге ағылып барады. Медицинаның бір саласы бойынша білім алған дәрігердің екінші сала бойынша білімін тереңдету үшін алты ай оқып, сертификат иеленуі қарастырылған.
– Ауылдық жерлерде 75-80 пайыз отбасылық дәрігерлер қамтып отыр деуге болады. Қала бойынша №1 емханада да 85 пайыз отбасылық дәрігерлер қызмет атқаруда,-дейді Дина Базарбайқызы. Ал, Атырау облысы бойынша 2013-2014 жылдарға педиатрға сұраныс 25 бірлік құрайды екен.
Ақтөбе медициналық академиясын педиатр мамандығы бойынша бітірген тәжірибелі дәрігер, «Қазақстан отбасылық дәрігерлер ассоциациясы» Атырау филиалының басшысы Мейірімхан Нұрманова әлемдік стандартқа сәйкес жалпы практика дәрігерлерін оқыта отырып, сонымен бір мезгілде, педиатрия факультеттерін де қалдыру керек дегенді айтады.
– Біз 1 курстан бастап нәрестенің туған сәттен есейгенге дейінгі анатомиялық, дене ерекшеліктерін, дәрі-дәрмектері мен емдеу әдістеріне дейін жете оқыдық,-дейді ол. -Жалпы практика дәрігерлері баланы ондай деңгейде қарай алады деп айту қиын. Мәселен, өмір есігін енді ашқан шарананы қарайтын неонотологтың міндетін кез келген дәрігер атқара алмайды. Сондықтан, бала дәрігерлерін оқытатын факультеттерді қалдырған дұрыс. Оларды жабу қиындық келтіре қоймас, бірақ, қайтадан ашу қиын болары сөзсіз.
Осы жерде еске сала кетейік, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан, Қазақстан, тағы басқа бірқатар елдер жаңа жүйені қабылдағанмен, ескісінен бас тартпаған. Сөйтіп, сан жылдардан бері бала дәрігерлерінің альма-матеріне айналып, мықты материалдық-техникалық базаға ие болған педиатрия факультеттерін сақтап қалыпты. Ендеше, біздің де «артық қылам деп тыртық қылып алмауды» ойлағанымыз жөн емес пе?!
Жалпы практика дәрігерлерінің 11 мың халықтың 75 мың баласын қамтитын Атырау қалалық емханасының жүктемесін азайтуға айтарлықтай сеп болғанын оның бас дәрігері Раиса Баймұқанова растап отыр. Отбасылық дәрігерлер қалған қалалық емханалардың барлығында бар. Олар өздеріне қарасты учаскедегі үйлердің барлық мүшелерінің денсаулығын тексереді. Бұған тұрғындардың да кәдімгідей үйреніп қалғаны рас. Алайда, мынадай «нюансты» айта кеткеніміз абзал. Жалпы практика дәрігерлері баланың жеңіл-желпі сырқатын емдеп жазғанмен, сала маманының ақыл-кеңесі мен ем-домы қажет жерде қауқарсыз. Айталық, тікелей бала хирургі қажет болған жағдайда олар бәрібір балалар емханасына жолдамамен жібереді. Демек, тереңдетіп білім алған педиатрлар қалай болғанда да керек. Бас дәрігердің ойынша, ауылдық елді мекендерде отбасылық дәрігерлер өміршеңдігін көрсеткенмен, Астана, Алматы сияқты орталық қалалар мен облыс орталықтарында тар шеңбердегі сала мамандарына сұраныс жоғары. Ірі қалаларда халыққа әрбір дерт түрі бойынша маманданған дәрігерге бару мүмкіндігі қалдырылуы тиіс. Айталық, балалар гинекологі деген мұнайлы өңірде атымен жоқ. Кішкентай қыздың денсаулығы тап осы дәрігерге тірелгенде оны жолдамамен басқа қалаға жіберуден басқа амал қалмайды. Мұны еске салып отырғаным, денсаулық сақтау жүйесінің проблемалары мен кадр тапшылығын шешіп алмай тұрып, қолда барымыздан айырылып қалғанымыз қалай болар екен?! Өзгелер тың реформаны ақыл таразысына салып, безбендеп жатқанда біздің «оза шабуға» ұмтылуымызды немен түсіндіреміз?
Атырау қаласындағы №3 емхананың бас дәрігері Айман Өтегенованың қарамағында екі жалпы практика дәрігері бар. Салыстырмалы түрде алғанда, олардың басымдылығы бары рас. Жалақылары да бірнеше индикатор бойынша есептелетіндіктен жоғары.
– Ең бастысы, отбасылық дәрігерлер тиімді әрі үнемді. Ол маған жұмысқа бірнеше дәрігердің орнына жан-жақты білімі бар біреуін алуға мүмкіндік береді. Егер тек қана баланы емдеу тұрғысынан қарасақ, онда жоғары оқу орнында бес жыл бойына тек бала ағзасын оқыған педиатрлардың біліктілігі жоғары тұратыны анық, – дейді ол жасырмай.
Медициналық жоғары оқу орнының резидентурасында бала дәрігерлігі бойынша білімін арттырған жағдайда толыққанды педиатр болып шығуға болатындығын айттық. Біріншіден, көріп отырғандай, ол кемі жеті жылдан әріге созылатын үздіксіз процесс. Күндізгі бөлімде ұзақ уақыт оқуды қаламайтындар да, шамасы жетпейтіндер де болуы мүмкін. Оған «мына жерім ауырды» деп айтуды да білмейтін шақалақты емдеудің оңай еместігін қосыңыз. Дәрігерлерлердің өзі құйтақандай баланы ұстап, «қолы үйренген» педиатрлардың медицинаның басқа саласын оп-оңай меңгеріп кететінін айтады. Ал, өзге саладағы ақ халатты абзал жандардың аяқ астынан бала дәрігері болуы қиынға соғатын көрінеді.

Құралай ҚУАТОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*