БАЛА БАҚЫТЫ ҮШІН!

Бұл күні ертемен мешіт ауласына киіз үй тігіліп, кішкене балалар үшін ойын құрылғылары орнатылды. Сауда жасайтын үстелдер дайындалып, үстіне тәтті тағамдар, азық-түлік өнімдері, қолөнер бұйымдары, соның ішінде, ұлттық ою-өрнекті төсек-орын, киім-кешектер қойылды. Бұл – мешітте өтіп тұрған алғашқы жәрмеңке. Оған қалалықтар мен қала қонақтары көптеп келді. Әркім өз таңдауын жасады. Тұтынушылардың бәрі ризашылықтарын білдіріп, түрлі себеппен айтқан пітір-садақаларын да берді.

– Мұсылмандардың, жалпы адам баласының басты мақсаты – бір-біріне қайырымдылық жасау, жығылғанды тұрғызып, сүрінгенді демеу, – деді бізбен арадағы әңгімеде «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров. – Осындай мақсатпен біз қалың жамағаттың тек өзінің емес, өзгенің балаларына деген мейірімділік сезімін оятуды жөн санап отырмыз. Сол себепті осындай қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп, одан түскен қаражатты балалар үйі мен көп балалы отбасының мүмкіндігі шектеулі сәбилерінің емделуіне, басқа да мұқтаждарына, үкімет үйіндегі, мектеп-интернаттардағы балалардың қажетіне жұмсауды, соларға жәрдемдесуді ойластырудамыз.

Бас имамнан білгеніміздей, мұндай жәрмеңкелер енді жыл сайын өтіп тұратын болады. Бұған облыстағы басқа да мешіттер атсалысады.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*