«БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ – ЕҢБЕКТЕ»

Талай рет қиындықты көрсе де жігері жасымаған кәріс жігіті 1993-1994 жылдары өзі туып-өскен Түрікменстаннан Қарақалпақстанға қоныс аударды. Осында бірер жылдай апасының қолында болып, кейіннен қызмет бабымен Индер ауданына ат басын тіреді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кім-кімге де кесірін тигізбей қоймады ғой. Күнкөріс үшін жиырма жасар жас жігіт жүк тасушы да болды, балық та аулады. Күндіз-түні тынбай жұмыс жасады. Алғашқы жылдары Аққалаға келіп-кетіп жүріп, Ресейде де көтерме жұмыстармен айналысты. Сөйтіп, 2003 жылы қай кезеңде де өзге ұлтты жат көрмей, бауырына басқан қонақжай елге келіп, жары Қалығыз Есқайыровамен танысып, шаңырақ құрды. Әуелден-ақ қазақ тілін білетін күйеу жігіт ортаға бірден сіңісіп кетті. Бірте-бірте шаруашылықты қолға алып, кәсіпкерлікпен айналысты. Құдай қосқан қосағы Қалығыздың атына ашылған «Владимир» шаруа қожалығы бүкіл отбасының ортақ ісі мен табысы болды.

– Бастапқыда отыз гектар жер алып, онда егін ектік. Арасында егінімізге шегіртке түсіп, жаздың аптап ыстығында өніміміз шықпай қалған кездер де болды. Кейін жағдайымыз қайта түзелді. Өткен жылдың өзінде сәбіз, картоп жақсы шығып, аудан орталығындағы жәрмеңкеге апарып саттық. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында әкімдіктің көп көмегі тигенін де айта кеткен жөн. Балалық шағым Түрікменстанда өткендіктен, ондағы халықпен жақсы араластым. Алайда, қазақ қызына үйленіп, отау құрғаннан кейін сол тұрып жатқан жерімнің салт-дәстүрін, тілін білгенді жөн санаймын. Мүмкін, жастай жанұямнан алшақтап, ата-әже тәрбиесін көрмегендіктен болар, өз басым кәріс ұлтының жоралғыларының бәрін бірдей білмейді екенмін. Қазір анам өмірден өткенмен, әкем Түрікменстанда тұрады. Оның үстіне, өзім орыс мектебінен білім алдым. Соған қарамастан, қайын жұртым бауырына тартып, әрқашан құрметтейді. Ешуақытта ұлтым жайында кереғар пікір айтқан емес. Мен соған разымын, – дейді ол.

Ал, биыл жиырма жылдығы кең көлемде аталып өтетін Ассамблея ұйымының тұрақтылық пен бейбітшілікті, татулықты сақтауда ролі зор екендігін де атап өтті. Себебі, бірнеше ұлт өкілі мекендеген елде мұндай ұйым қажет-ақ. Ерекшелігі сол, бізде сол мыңдаған өзге ұлт өкілдері бір-бірін ешқашан кемсіткен емес. Қайта бәрі бір үйдің балаларындай еңбек етіп, өмір сүруде.

Әңгімесін түйіндеп, қайта жұмысына асыққан Александр көгілдір көктеммен ілесе келетін жер жырту, баптау, көшет өсіру науқанына әзірленіп жатқанын да жасырмады. Маусымдық шаруалар қыза бастаған сәтте кәсіпкер шаруашылыққа «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасымен жұмыссыздарды еңбекпен қамтиды. Ал, қыс айларында сақтап қойған өнімдерін сатып, өткізумен айналысады.

– Жалғыз ұлымыз Владимир қазір он бес жаста. Әзірге баламызды өсіріп, өз аяғына тұрғызғанша жұмысымызды тоқтатпауға тырысып бағамыз. Болашақта оқуын аяқтағаннан кейін балам да осында еңбек етсе екен деймін, – деп алдағы жоспарларының шетін қайырды. «Дәулетті ұлың болса, отбасыңның қорығы» деген бар емес пе, біз тілдескен Александр да кез-келген ата-ана секілді баласының келешегінен көп үміт күтеді.

Айбөпе САБЫРОВА,

Индер ауданы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*