БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ – ЕҢБЕКТЕ

 – Атырауға қызмет бабымен талай рет келдім, бірақ депутат ретінде алғаш аралауым. Бұрынғы Гурьевтен ештеңе қалмаған екен, үлкен өзгерістер мен жаңалықтарға куә болып отырмын. Бұл облыс ел экономикасының негізін құрайды. Менің әкем тоғыз жасында жетім қалып, орыс тілінде бір сөз білмейтін ауылдың баласы білімге деген құштарлығының арқасында мектепті алтын медальмен бітірді. Тіпті, Ленинградтағы университетке оқуға түсіп, геолог атанып шықты. Кеңес үкіметінің ғылымы мен біліміне өз үлесін қосты. Мұны неге айтып отырмын? Қазіргі жастар геолог, физик, электрик, сантехник болғысы келмейді. Қазір олар бұл қызметтерді ескермесе, осы мамандықтарға сұраныс жоғарылаған кезде өкінетін болады. Мен өзім жеке кәсіппен де айналысамын. Көзім жеткені, қалтаңда қандай диплом болса да, іскерлік қабілетің мен білім-білігің болмаса, оның құны көк тиын. Иә, экономист, заңгерлер керек-ақ, алайда, күнделікті қолмен атқаратын шаруалармен кім айналысады? Сырттай оқуға жаны құмар жастарымыз өндіріске келіп, тәжірибеден өтсе, бір істі толық үйренуге жұмсаса, қандай жақсы болар еді! Жолдауда ел экономикасына үлес қосқысы келген қай азаматқа да мол мүмкіндіктер қарастырылған, жаңа жұмыс орындары мен алып құрылыстарға қажетті қаржы көздері бөлінді.

Біз нарық заманына өтіп кеттік, қазір тегін ештеңе де жоқ. Болашақта да болмайды. Әр адам өз мақсатына өзінің күшімен ғана жетеді. Сондықтан, қазірден бастап жастар өздерінің маман екендіктерін көрсете білсе, үкімет тарапынан көрсетілер қолдау да, көмек те көп. Мемлекет тек мүгедектер, қариялар және балаларға ғана қол ұшын береді. Ал, тепсе темір үзетін еңбекке жарамды азаматтар құр көмек күтуді доғаруы керек, – деді Меруерт Айтқажықызы. 

Осыдан соң Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанатының көшбасшысы Юрий Кустадинчев өз ойын жастармен бөлісті. – Мен Атырау мұнай және газ институтында техникалық инженер мамандығын меңгердім. Жоғары оқу орнын аяқтағаныма бес жыл болды. Өкінішке орай, жыл сайын диплом мен білім арасы алыстап барады. Меніңше, маман атанбас бұрын әуелі қарапайым жұмыста еңбектеніп, кейін жоғары лауазымдарда шыңдалуға болады. Елбасы бұл үшін бар жағдайды жасап отыр. Туған өлкемнің қоғамдық-саяси өміріне 2008 жылдан бастап араластым. Қазір Атырауда өз ісін ашамын деген кәсіпкерлер үшін «Даму» қоры бар, ал белсенді жастарға жастар мәселелерімен айналысатын басқарма және ресурстық орталық жұмыс жасайды. Өзім он алты жасымда компьютерлік-сервистік қызмет көрсететін мекемеде еңбек жолын бастадым. Жергілікті «Тандем» радиосында жүргізуші де болдым, түрлі пікірсайыс алаңдарынан табылдым, көңілді, тапқырлар клубының ойындарында өнер көрсеттім. Бүгінде облыстық мәслихат депутаты дәрежесіне дейін жетіп, ел үшін еңбек ету құрметіне ие болдым. Мұнымен айтқым келгені, күні-түні әлеуметтік желіде отыратын жастар бір сәт ойланып, компьютер алдында алтын уақыттарын босқа өткізбесе екен деймін.

Колледж басшысы Нұрлы Әйтиева халық қалаулыларының әсерлі әңгімесі үшін зор алғыс білдірді.

А.САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*