«БАҚ ШАПТЫ МА, БАП ШАПТЫ МА?»

Исатай ауданында тестілеу пункті болмағандықтан, бұл аймақтағы мектеп түлектері облыс орталығындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде білім сынынан өткен болатын. Ал, шалғай ауылдардағы мектеп түлектері аудан орталықтарында тестілеу орталығынан тапсырды. Облыстық білім беру басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, 2769 бала тасымалданып, 439 бала жатақханаға орналасты. 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктінің инженері Ақмарал Қабатованың айтуынша, үш кезеңде Атырау қаласы мен Исатай ауданының 1982 түлегі өз білімдерін сынаған болатын. Соның ішінде, Атырау қаласындағы Н.Крупская атындағы №18 орта мектептің шәкірті Гүлнұр Аманжолова 122 балл жинаған. 157 оқушы жүз балдан жоғары жинаса, 657 түлек ең төменгі көрсеткіш 50 баллға да қол жеткізе алмаған.
Алдын ала әзірліктер барлық аудандар мен облыс орталығында қамтылып, сынақ шаралары атқарылды.
Оқушылар мен ата-аналарға тестілеу ережесі толықтай түсіндірілді. Алайда, мұндай түсіндіру жұмыстарына қарамастан, білім сынағын тапсыруға келген түлектер ұялы телефондарымен өтіп кетпек болып, бірқатар келеңсіз жайттар орын алды. Осыған орай, әр мектеп түлегін жеке-жеке тексеруге тура келгендіктен, облыс орталығындағы сағат 9.00-ге белгіленген тестілеу екі-үш сағатқа кешігіп басталды.
– Мұндай тексеріс балаларға психологиялық тұрғыда қысым жасайды. Балалар түнімен қобалжып, ұйықтамай шықты. Таңғы сағат 6.30-дан бері осы жерде тұрмыз. Содан бері бес сағат уақыт өтті. Ал, балалар әлі аудиторияларға кірген жоқ. Бұдан кейін олар өз білімдерін қалай дәлелдейді? – деп наразылық білдірген ата-аналар да аз болмады.
Бірақ, мұндай келеңсіз жайттың орын алуы, ең алдымен, тест тапсырушылардың кінәсі деп түсінген жөн. Мәселен, облыста мектеп бітіруші 1004 түлек Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға 2 маусым күні кіріскені белгілі. Тестілеудің алғашқы күнінің өзінде-ақ, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен келген, сондай-ақ, облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің бірнеше рет берген ескертулеріне қарамастан, білім сынағын тапсырушылар мен ұйымдастырушылар тарапынан тестілеу ережелері мен талаптарын бұзу жайттары көрініс тапқан.
– Оқушылар мен ата-аналарға тестілеу ережелері дұрыстап түсіндірілді. Ұстаздар да бұл жүйенің талаптары мен ережелерін жақсы біледі. Алайда, 2 маусым күні ҰБТ тапсыру үшін мектеп түлектерін аудиторияларға кіргізу барысында олардан 2000-ға жуық ұялы телефон, сондай-ақ, тестілеу талаптарына сай келмейтін оқу-әдістемелік және басқа да құралдар алынды. Сондай-ақ, тест тапсыру барысында да мемлекеттік комиссия өкілдері ұялы телефон пайдаланған түлектерді анықтады. Осының салдарынан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ҰБТ тапсыру кезінде 10 оқушы тестілеуден шығарылды. Бұл жерде алғашқы күні тест тапсырған түлектердің бірқатары тестілеу ережесін бұзды деген сөз емес, таза өз білімімен сынақтан өткен оқушылар да бар. Тест тапсыратын пункттерде ұялы телефондардың дыбысын тұншықтыратын арнайы құрылғылар орнатылған. Бұл құрылғылар тест тапсыруға бөлінген уақыт бойына жұмыс жасап тұрғандықтан, ұялы телефон пайдалануға еш мүмкіндік берілмеді, – деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова.
Облыстағы тестілеу қорытындысы бойынша, «Алтын белгіге» үміткер 152 оқушының 30-ы ғана өз білімдерін дәлелдесе, «Үздік аттестатқа» ұсынылған 81 түлектің сегізі өз білімдерінің соған лайық екендіктерін көрсеткен. Биылғы жылдың қорытындысымен облыстың орта балы 62,9 болып отыр.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары деңгейде өтті. Комиссия, құқық қорғау саласының қызметкерлері тарапынан еш қысым байқалған жоқ. Тарих пәнінен күрделі сұрақтар көп кездесті. Биыл логикалық сұрақтар көбейген, – дейді №34 лингвистикалық-мектеп гимназиясының түлегі Наурыз Карасов.
Сол сияқты, «Алтын белгі
ге» үміткер болып, ақтай алмаған №27 мектептің түлегі (аты-жөнін көрсетпеуді сұрады, – ред.) қисынсыз сұрақтардың кездеспегендігін, барлық тапсырмалар мектеп бағдарламасына сай болғандығын айтады.
– Тестілеу әділ түрде өтті, – дейді ол. – Қобалжудың әсері шығар, 94 балл жинап, білімімді дәлелдей алмадым. Жауаптарды апелляциялық комиссияның қарауына да беруге еш негіз болған жоқ.
– Апелляциялық комиссия түскен 143 өтінішті кері қарастырып, бірқатарын республикалық комиссия қарауына да жіберген болатын. Алайда, бірде-бір өтініш қанағаттандырылмады, – дейді университеттегі тестілеу пунктінің инженері Ақмарал Қабатова.

Өткен оқу жылында үш атыраулық түлек ең жоғарғы 125
балл жинаса, биыл аймақта мұндай көрсеткішке қол жеткізген бірде-бір түлек жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеу тек оқушының 11 жылдық білімін ғана саралап қоймай, жоғары оқу орындарына түсуге жол ашады. Ал, тестілеуден бас тартқан түлектер мектеп қабырғасында емтихан сынағын тапсырып, колледждерде білімін жалғастыруға мүмкіндігі бар. Сол сияқты, жоғарыда айтылған тестілеуден шығарылған он түлек те мектептен емтихан тапсырып, орта мектепті аяқтағаны жөнінде аттестат алуға құқылы.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*