Бақылаусыз көші-қон қылмыстың алдын-алуға кедергі келтіреді

Жыл басынан бері Атырау облысында 1523 адам тұрақты, 1117-і уақытша тіркеуге қойылды. Тұрғындар арасында түсіндіру шаралары жүріп жатыр. Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс кестесі өзгерді. Атырау қаласы бойынша мұндай 6 құрылым  келушілерді үздіксіз қабылдауда. Сәрсенбі күні аумақтық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте осындай деректер айтылды.

Бақылаусыз көші-қон

Пәтерді заңсыз жалға берушілер азаяды

Елімізде «Экстремизм мен терроризмге қарсы бірқатар заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңға қол қойылған болатын. Осыған орай  азаматтардың уақытша мекен-жайы бойынша тіркеуге тұруы міндеттеліп отыр. Алдағы уақытта пәтерді жалға берушіге де, алушыға да рұқсат қағазы болмаса айыппұл салынады. Облыстық ІІД көші-қон полициясы бастығының орынбасары Болат Досқалиевтың пікірінше, мұндай шара заңсыз жалға пәтер берушілердің санын азайтып, ішкі көші-қонға есеп жүргізуге мүмкіндік береді.

–  Азаматтарды тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеумен қатар, уақытша келген жерінде тіркеу де жүзеге асырылады. Уақытша тіркеуге тұру үшін бұрынғы тіркеуде тұрған жерінен шығудың қажеті жоқ, яғни, тұрақты тіркеуі сақталады. Уақытша тіркеу азаматтардың өзі көрсеткен белгілі бір мерзімге рәсімделеді. Бұл мерзім өткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жойылады, – деді көші-қон полициясының өкілі.

Тексеру қашан басталады?

Сұрақ: – Уақытша тіркелу бойынша тексеру қашан басталады?

Жауап: – Уақытша тіркелгендігін тексеру заң күшіне енгеннен кейін бір айдан соң, яғни 7 ақпанда басталады. Шараны учаскелік инспекторлар көші-қон полициясы қызметкерлерімен бірлесіп жүргізеді.

Ерекше тоқталғым келетіні, кең көлемді тексерулер бірден басталмайды. Күн сайын  жүргізіледі деген де сөз емес. Тек «Мигрант», «Төлқұжат», «Участок» деп аталатын жоспарлы жедел-алдын алу шараларын өткізу кезінде ғана жүзеге асады.

Бастаманың мақсаты айқын

Сұрақ: – Бұл өзгерістердің мақсаты неде?

Жауап: – Жаңа ереженің негізгі мақсаты – ішкі көші-қонды бақылап отыру. Осының негізінде денсаулық сақтау, білім беру, жұмыс орындарын ашу және тағы басқа әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешіледі. Бұл – жалпыәлемдік тәжірибе. Мәселен, Германияда тұрақты мекен-жайынан көшіп кеткені, я болмаса, бөтен біреудің мекен-жайын пайдаланғаны үшін 1 000-50 000 еуро айналасында айыппұл төлеу міндеті бар.

Кінәліні қалай анықтайды?

Сұрақ: – Учаскелік инспектор тұрғынның сол мекен-жайда қашаннан бері тұрып келе жатқанын қалай анықтайды?

Жауап: – Ол қажетті дәлелдемелер арқылы анықталады. Тіркеусіз тұру уақытын анықтау үшін дәлелдер жинау міндеті әкімшілік кодекске сәйкес, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жүктеледі. Яғни, олар көршілердің, баспана қожайынының, мейманның жауаптарын жинауы тиіс. Әуе билеттері, теміржол билеттері дәлел бола алады. Полиция хаттама рәсімдеп, әкімшілік айыппұлдар салады.

Бірінші рет заң бұзушы ескерту алады, екіншіде оған әкімшілік айыппұл салынады. Шетелден келушілерге жаңа тіркеу ережесінің ешқандай қатысы жоқ.

Қонақтардың арасында қылмыскер жүр

Сұрақ: – Бүгінде Атырауға таяу шетелден, анықтай айтқанда, Өзбекстаннан келіп жатқандар көп. Олардың арасында қылмыс жасап,  жауапкершілікке тартылғандары бар ма?

Жауап: – Өкінішке орай, мұндай жағдайлар кездеседі. Шетелдіктердің арасында жауапкершілікке тартылғандар аз емес. Ауыр қылмыстар болмағанымен, ұрлық, бұзақылық, тонау, сонымен қатар, ұсақ бұзақылық секілді келеңсіз жағдайлар бойынша олар заң алдында жауап берді.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтарын уақытша тіркелуге міндеттейтін заң қаңтардың 7-сінен бастап күшіне енді. Бұған дейін тұрақты тіркеу міндеті болған еді. Енді, өз үйіне адамдарды тұрғызғаны үшін жауапкершілік енгізіліп отыр. Оларды уақытша тіркеуге қою қажет. Аталған ереже бір рет бұзылса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал, бір жылдың ішінде тағы қайталанса, айыппұлдың көлемі екі есеге артады.

Азамат Базарбаев

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*