Бәйгеден Қазақстан Президенті жүлдесінің жеңімпаздары анықталды

ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі шеңберіндегі Атырау облысының Астанадағы күндері аясында ҚР Президентінің жүлдесіне бәйге жарыстары аяқталып, жүзден жүйрік болғандар марапатталды.

Елорданың «Қазанат» ипподромында өткен дүбірлі додада шабандоздар бәйгенің үш түрі бойынша жарысқа түсті: жорға жарыс, құнан бәйге және аламан бәйге.

Қазақстанның барлық аймақтарынан 50-ге жуық шабандоз қатысқан айтулы бәйгенің жүлде қоры да қомақты – 51 млн теңге. Ақшалай жүлдеден бөлек, жеңімпаздарға Атырау облысының әкімдігі мен ұйымдастыру комитетінің арнайы сыйлықтары табысталды.

1500627127_article_b_1500_

Сонымен қоса, жамбы ату, қыз қуу, садақ ату секілді ұлттық ойындардан көрініс көрсетіліп, мәдени-ойын-сауық бағдарламасы да назарға ұсынылды.

Шашасына шаң жұқтырмай бас бәйгеге ие болған шабандоз – алматылық Диас Жұмаш. Аламан бәйгеде 21 шақырымды сүрінбей бағындырып, топ жарған тұлпар иесіне 13 млн. теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал, 7 шақырымдық құнан бәйгенің мәресін бірінші боп кескен арғымақ – Ділмұхамед Жолаушының жүйрігі. Оған 7 миллион теңге берілді. Жорғалар ішінде (5 шақырым) Айхан Төлегеновтің аты шашасына шаң жұқтырмай, оза шауып, 3 миллион теңгенің иегері атанды.

«Біз үшін бұл үлкен жеңіс. Осыған жету үшін көп дайындалдық. Бірақ бүгін барлығы ойдағыдай болып, арманым орындалды. Менің туғандарыма, әкеме алғысым шексіз», – деді аламан бәйге жеңімпазы Дияс Жұмаш.

Айта кетелік жеңімпаздарды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады.

 Өз тілшіміз

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*