Бөтен сөзге бейім болма!

Сөйлеу – адамның ойын, сезімін еркін білдіріп, жеткізу үшін тілді қолдану үрдісі. Бүгінде жастарымыздың қара сөзге сараң болуы өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі, компьютерге қадалған «білгіштеріміз» қарапайым сөз құраудан да қалып, жаһанданудың жетегінде кетіп бара жатқан жайы бар. Олардың күнделікті қолданып жүрген сөздерінде орысша да, қазақша да жаргондар араласып, тіл тазалығы бұзылып барады. Мысалы, «тормоз», «зависать етті», «базар жоқ», «косягқа кіргізу», «құлаққа лапша ілу», «счетчик қою», «маяк тастау», «скидовать ету»…

Тіл тағдыры – ел тағдыры

Оқушы, студент жастар ара­сындағы сөз тіркестеріне құлақ түрсеңіз, «крышасы бар», «ботан болу», «миды шіріту» деген сөздерді естисіз. Әдетте фразео­логиялық мағынаның пайда болуына дәстүрлі тіршілік пен мәдени өмірдің әсері мол. Образға негізделген көрініс тіл арқылы жарыққа шыққанда ондағы ұлттық қабылдау, қазақи дүниетаным, ойлау аңғарылуы тиіс. Бұдан келіп ауызекі сөйлеу тіліміздің сәл болса да мағына жағынан құлдырағанын көреміз.

Сөздердің көпшілігі дөрекі, тұрпайы болып келеді. Бұлай болуы жастар тіліне, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге тікелей байланысты. Қазіргі кезде «сындыру», «қораға кіргізу» сынды тұрақты тіркестер қолданылуда. Бұлардың тек маржандай тіліміздің құнсыздануына ғана емес, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне де тигізер зияны аса зор. Жалпы, тілдің дұрыс дамуы, не құрдымға кетуі әртүрлі алғышарттарға байланысты болары даусыз. Олар – қазақ тіліндегі бағдарламалар, отандық кино, өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынас, дәстүрлі емес қоғамдық ағымдар, заманауи музыка, әлеуметтік желілер, қоғамдағы келеңсіз жағдайлар.

Тіл – қай ұлттың болмасын, тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі. Қандай тіркес болмасын, халық өмірінің әрқилы кезеңдерінен көрініс табады. Уақыт өте келе, тілдегі қолданыста жүріп, тұрақталып қалған тіркестер өзгеріп, басқа мағынаға ие болып жатады. Алайда, заман талабы осы екен деп мән-мағынасыз сөздерді қолдану – қазақ үшін жат қылық.

Санақ мәліметтеріне сүйенсек, қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес, барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» куә бола алады. Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жет-пісінші, ал, тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.

«Күн шалмас қараңғы көңілді сөз шалады, күн жылытпас сұм жүректі сөз жылыта алады» деп бекер айтылмаған. Қалай болғанда да, «от ауызды, орақ тілді» деген атымызға затымыз сай болғаны жөн. Республикада мемлекеттік тіл ретінде қазақ тіліне ғана конституциялық мәртебе беріліп отыр. Олай болса, қолда бардың қадірін біліп, аталы сөздің бағасын кетірмейік дегім келеді.

Ұлт қайраткері Халел Досмұха­­мед­ұлының мынадай сөзі бар: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтен­ше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтен­ше сөйлесең, бұл – күйініш». Осы айтылғаннан да көп тағылым алуға болар еді.

Амандық АБДОЛ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*