Бәсекеге бейім білім ордасы (ФОТО)

Облыстағы бәсекеге қабілетті білім ордасының бірі – Атырау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің құрылғанына биыл – 25 жыл. Бұл тарих үшін көп те, кем де емес. Ал, осы мерейлі мерзім ішінде аталған оқу орны Елбасының білім беру саласын дамытудағы тапсырмаларды атқаруда қандай нәтижеге жетті? Бүгінгі беталысы мен болашақтағы бағыт-бағдары қандай?

DSC_0308

Ширек ғасыр бұрын алғаш қоңырауы соғылған білім ордасы бүгінде заман талабына сай көптілді білім және тәрбие беруде. Оқу тәрбие жұмысының үзіліссіз жүргізілуін қамтамасыз ету үшін жоғары санатты 28 мұғалім және арнайы семинарлардан өткен тәрбиешілер  жұмыла жұмыс жасауда. Ашылған жылдан бері лицейден 1163 түлек қанат қағып ұшты. Оның 63-і «Алтын белгі», 106-сы ерекше үлгідегі аттестат иелері. Шәкірттері республикалық және халықаралық түрлі пән олимпиадалары мен ғылыми жобаларда 955 жүлделі орынға ие болды.

– Лицей 2009 жылы Қазақстан мектептері арасында үздік 2-ші мектеп атанды. Сонымен бірге, 2013 жылы облыс бойынша «Ең үздік мектеп» атағын иеленді. Өткен жылы ЮНЕСКО Клубымен шығармашылық ынтымақтастық жасау мақсатында меморандумға қол қоюы да басты жаңалық,  – дейді лицейдің баспасөз қызметі жетекшісі Амандық Есқалиев.

ЕАС 007

Соңғы үш жылдың өзінде лицей шәкірттерінің жеткен жетістіктері аз емес. Халықаралық Назарбаев университетінде білім алып жатқан түлектерінің саны 61-ге жетті. Өткен жылы 49 түлектің 27-сі мемлекеттік грант иегері атанса, 11-і шетелдік жоғары оқу орындарына қабылданды. Әр жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша білім ошағы аймақта алдыңғы орында.

Мемлекет басшысының білім беру саласындағы тапсырмаларына ерекше ден қойған лицейде бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл бағытта лицейдің оқыту жүйесіне енгізілген жаңалықтар аз емес.

– Былтырғы оқу жылынан бастап оқу процесі «EduPage» электрондық журнал бағдарламасымен жүргізіледі. Сабақ кестесі, бағалау, үй тапсырмасы, хабарландыру, оқушы – ата-ана – мұғалім арасындағы кері байланысқа ерекше ден қойылған. Оны сайт арқылы және смартфонда мобильді қосымша ретінде қолдануға болады. Оқушылардың жүз пайызы, ал, ата-аналардың  жетпіс пайызы пайдаланады. Бұдан басқа, үй жұмысы, қосымша материалдар, сауалнамалар, онлайн тесттер, электрондық сілтемелер беру үшін «Edmodo» желісі қолданылады. «BilimLand», «Quizlet», «Kahoot» сайттары арқылы онлайн режимде пәнге қатысты әртүрлі видеолар, презентациялар көрсетіліп, қызықты ойындар ойнатылады, – дейді Амандық Есқалиев.

ЕАС 492

«MC Kvadrat» Youtube каналы негізінде оқушылар өз қолдарымен жасаған әртүрлі тәжірибелік жұмыстармен, жаңалықтармен бөліседі. «Робототехника» үйірмесі де қарқын алған жаңалықтың біріне айналды. Ашылғанына екі жыл болған бұл клубтың бүгінде отызға жуық мүшесі бар. Олар компьютермен бағдарламалар жазып, роботтарды құрастырады. 12 оқушы облыстық, республикалық және алты оқушы халықаралық «Infomatrix» олимпиадасынан жүлделі орын алды. Облыстық деңгейде әдістемелік кабинетпен бірлесе отырып, «BilimRobotics» роботтар жарысын ұйымдастыруда.

Үш тілде білім беру жүйесін енгізуге байланысты атқарылып жатқан іс-шаралар легі де жетерлік. Әсіресе жаратылыстану және математика ғылымдарын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде меңгертуге көбірек көңіл бөлінеді. 8-11 сыныптар 100%, ал, 7 сыныптарға химия, биология, физика, информатика, математика пәндері 1-тоқсанда 25%, 2-тоқсанда 50%, 3-тоқсанда 75% , 4-тоқсанда 100% ағылшын тілінде жүргізіледі.

ЕАС 217

Мұғалімдер жазғы және күзгі демалыстарда қалалық мектептердің 140 пән мұғалімдеріне 10 күндік ағылшын тілінде оқытуға байланысты курс өткізеді. Лицейдің физика, химия, информатика мұғалімдері өз пәндері бойынша нұсқаулық құралдар жазады.

Лицей оқушылары өткен және биылғы оқу жылдарында облыстық, республикалық пән олимпиадасынан «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алуы да үлкен мәртебе.

ЕАС 624

Әр елдің келешегі мектебіне тікелей байланысты. Біз тақырыпқа арқау еткен білім ордасы «сен тұр, мен атайын» деген шәкірттерді оқытып жатқанына куә болдық. Бәсекеге бейімділікті алға қойған лицейдің мақсаты айқын. Бағдары да нық. Ендеше, ел ертеңі үшін еңбек етіп жатқан білім ошағының алдағы қадамдарына біз де сәттілік тіледік.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*