Бәсекеге қабілеттілік – басты талап

Жолдау Жолдарынан:

«Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды»

Бәсекеге қабілеттілік – басты талап

Адами капитал – мемлекеттің дамуы, оның мызғымас болашағы мен экономикасының күретамыры. Бұл ретте жұмсалған инвестициялар, соның ішінде білім беруге, әсіресе, ерте жастан бастап есейген шаққа дейінгі оқыту экономикалық көрсеткіштер мен қоғамның әлеуетіне айтарлықтай үлес қосады. 

Елбасының алға қойған тапсырмасына сәйкес, Назарбаев мектептері ұлттың зияткерлік әлеуетін арттырумен қатар, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін және оның үздіксіз дамуына үлес қосуда. Сондай-ақ, қазақстандық және халықаралық оқытудың тәжірибесін жалпы білім беру ұйымдарына тарату арқылы оқушының заманауи білімге қолжетімділігін қамтамасыз етуде көп жұмыс атқарылуда. Бұл тапсырмаларды орындау үшін осыдан он жыл бұрын еліміздің барлық аймақтарында көшбасшы мектептер құрылды. Зияткерлік мектептерде үздік қазақстандық және әлемдік білім беру тәжірибесінің моделі жасақталды. Бұл оқу орындары басқа орта білім беру мекемелерінде білім шамшырағын жаңғыртуды негізге алды.

Жаңа білім беру жүйесінің елімізде және халықаралық деңгейде мойындалғаны қуантады. Өйткені, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту үдерісі ұзақ жылдар бойы сараптамалар мен апробациялардан өтті. Сайып келгенде, бұл оқу бағдарламасы Ұлыбританияның ұлттық квалификациялық орталығымен (зияткерлік мектептердегі 12 жылдық білім беру жүйесі) GCE A-Level халықаралық сертификатына тең деп расталды. Германияның білім және мәдениет министрлігі Назарбаев мектептерін тәмамдаған түлектерді қосымша емтихандарсыз бірден немістің жетекші жоғары оқу орындарына қабылдауға шешім шығарды.

Сондай-ақ, Назарбаев Университеті Кембридж халықаралық емтихандар Кеңесінің сертификатын мойындап, емтиханның нәтижесі бойынша жоғары ұпай жинаған түлектерді бірден І курсқа қабылдауға бет бұрды. Ал, биылғы оқу жылынан бастап елдегі жоғары білім беретін сегіз университет Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектерін бірден ІІ курсқа қабылдайды. Бұл жетістіктер оқытудың осынау жүйесін барлық мектептерге енгізуді көздейді. Осы арқылы біз академиялық білімі терең, аса өнегелі, қоршаған ортаның өзгерістеріне өзіндік баға беретін, экономикалық және әлеуметтік процестерді болжайтын, идеяларды дамыту арқылы прагматикалық шешімдер қабылдай алатын жан-жақты тұлғаны қалыптастырамыз.

Бәсекелестік ортада сұранысқа ие, заманауи дағдыларды игерген маман қашан да – ел экономикасының негізі. Өйткені, қазіргі өркениет дәуірі ойлау қабілеті мүлдем басқа, ақпараттар ағынында адаспайтын және бітімгершілік қабілеті зор жандарға талап қоюда. Осыған орай қазіргі мұғалімдердің де оқыту шеберлігі, оларға жүктелетін жаңа міндеттердің артуы негізсіз емес. Себебі, баланы оқытатын мұғалім оқушыдан білімі мен біліктілігі жағынан кем түспеуі керек. Бала білетін гаджеттер, мобилді құрылғылардағы қосымшалар туралы мұғалімдер де хабардар болғаны жөн. Бұдан басқа, оларды қолданудың жолын, баланың ой-санасын дұрыс қалыптастыруға, оң бағытқа зерделеуге және көшбасшылық икемін дамытуға көмектесуі қажет. Өйткені, қоғамда бірнеше дәуірдің адамдары өмір сүреді. Ал, бүгінгі ұстаз алдында тұрған ең үлкен міндет – ХХІ ғасырдың азаматын тәрбиелеу. Біз кейде мұны Y және Z ұрпақтар деп атаймыз. Сіз бен біздің өмір сүріп отырған ортамыз – секунд сайын жаңаратын, минут сайын өзгеретін, ай сайын мың құбылған ақпараттық-технологиялар дәуірі. Бұл жағдайда адамның тұрақты дамуына мүмкіндік туғызу, оның әлеуметтік және рухани сұранысын қанағаттандыру басты назарда болуы тиіс. Міне, Елбасының Жолдауында бұл көріністер жан-жақты көрініс тапты.

Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылдау. «Ұстазын ұлықтаған ұлт қана ұлы бола алады» демекші, педагогтардың мәртебесі туралы арнайы заң қабылданса, сала мамандарының қызметін одан әрі дамытуға, мұғалімдердің әлеуметтік проблемаларын шешуге мұрындық болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жолдауында жас буынды тәрбиелеу, олардың алаңсыз білім алуына жағдай туғызуды шет қалдырмады. Жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбиені арттыратын «Жас ұландар» клубын құру, «Туған жерді танып біл» идеясы негізінде жаппай мектепішілік туризмді дамыту  келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан игіліктер екені баса айтылды. Бұл орайда аталған жобалардың басым көпшілігі еліміздегі зияткерлік мектептерде он жылдан бері табысты іске асып келеді.

Айдарбек АЙТБӨКЕШЕВ,

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*