БҰЛАҚТЫҢ КӨЗІН АШҚАН…

 

Осы тарихи мерзім ішінде бірнеше мыңдаған білікті мамандарды даярлаған оқу орны бүгінде білім беру саласындағы орасан бай тәжірибесімен мақтана алады. Университет түлектерінің еліміздің әр аймағында ғана емес, таяу және алыс шетелдерде лайықты қызмет атқарып жүруінің өзі қара шаңырақ үшін үлкен абырой.

Мен де 1986-1991 жылдары университет қабырғасында білім алған шәкірттердің бірімін. Сол жылдары бір топ студент тарих-филология факультетінде білім алдық. Ол уақытта университет ректоры Жамбыл Ақылбеков деген азамат болды. Білікті басшы оқу орнының жұмысын іскерлікпен ұйымдастырып, шәкірттердің тереңінен білім алуына бар жағдайды жасап отырды. Біз оқыған тұста факультет деканы екі мәрте ауысты. Бастапқыда факультетке Ғинятолла Нығметов, кейін Ибат Кәмешұлы жетекшілік етті. Ол кезде студенттердің теориялық қана емес, тәжірибелік тұрғыда білім алуына ерекше назар аударылатын. Тәжірибеден өту біз үшін үлкен мектеп саналатын. Өткен күндерді сағына еске ала отырып, сол кездері біздерге ұстаздық еткен Дәріжан Баяндиев, Хисмет Табылдиев, Үркімбай Қыдыралин, Күләш Қайырбекова, Мағрипа Орашова, Жиенбай Бакиев, Амангелді Шамғонов, Сейфолла Сапанов сынды оқытушыларды ерекше атап өткім келеді. Соның ішінде ұстазымыз Амангелді Шамғоновтың тарихи өлкетану бағытындағы үйірмесінің берері мол болған еді. Қызықты тақырыптарды көп қамтитын үйірмеге келушілердің қатары бір сейілмейтін. 

Кураторымыз Нина Борисовна Михаилова  да өмірімізде ерекше із қалдырды. Олай дейтініміз, түрлі жағдайлар орын ала қалған кезде кураторымыз қашан да жанымыздан табылып, бізге тура жолды нұсқап отыратын. Жалын атып тұрған  балаң жігіттерді қызғыштай қорғайтын. Ұстаздарымыздың оң тәлімінің арқасында 25 студенттен тұратын тобымыз өте белсенді, білімді топқа айналды. Және бірге оқыған курстастарымның дені бүгінде білім саласында абыроймен қызмет атқарып жүр. Ұстаздар мерекесі қарсаңында білім алған қара шаңырағымызды осы жолдармен еске алғанды жөн көрдім.

Жайық ҚОБЫЛАНДЫҰЛЫ,

Кенбай орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

 Қызылқоға ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*