БҰҚАРАНЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ

Ел болашағын айқындамақ саяси оқиғадан тыс қалуды жөн көрмеген  қарттар да көп болды.   Алғаш болып азаматтық борышын ақтауға келгендердің бірі Анду Қошанов – тыл ардагері.

Бұл сайлау учаскесінде халық белсенділіктерін көрсетті. Таңғы сағат 7 мен 8 аралығында 62 сайлаушы дауыс беріп үлгерді.  Бұл бұқараның елдегі саяси науқанға бейжай қарамайтынын көрсетеді.

«Мені, әсіресе, жастардың біркісідей белсенділік танытулары  қуантты. Саяси сауатты ел болашақтары өсіп келеді. Біздің сайлау учаскемізге қарасты 685 сайлаушы болса, оның 15-і – кәмелеттік жасқа толған жастар. Түске дейін бұл жас сайлаушылардың 9-ы, яғни жартысынан көбі  келіп, дауысын берді. Бұл – өскелең ұрпақтың Отанына деген сүйіспеншілігі», – дейді аталмыш сайлау учаскесінің төрайымы Гүлжанай Қалиева.

– Алғаш рет қолыма жеке басымды куәландыратын құжатымды алғанда қатты қуанған едім. Енді, міне, бүгін – мен үшін тарихи сәт. Алғаш рет Президент сайлауына қатысып, елімнің ертеңіне үлесімді қосуға мүмкіндік алдым. Бұдан асқан қуаныш жоқ. Бұл менің өмірімдегі ең елеулі оқиға деп түсінемін. Қарап тұрсам, мен тек өзім үшін ғана таңдау жасаған жоқпын. Мен отбасымның тыныштығына, еліміздің болашағына таңдау жасадым деп түсінемін, – деген Гүлби Асылбекова қуанышын жасыра алмады.

Бұл сайлау учаскесінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясы өкілдері Улрике Аннелове Найндров пен Эрик Нилсендер болып, науқанның өтуіне бақылау жасап отырды.

Айта кетелік, түскі сағат 11.30-да  418 тұрғын өз азаматтық  парызын орындап үлгерді. Сондай-ақ, №90 және №91 сайлау учаскелерінде де халық  азаматтық таңдауын жасауы үшін жоғары белсенділік танытты.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*