БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЫ

Өрт ортасында

Арада телефонмен болған осы бір тілдесуден кейін біз жолға шыққанша асықтық. Бағытымыз – Индер ауданына қарасты Елтай ауылы. Жол-жөнекей көлігіміздің ептеп тайғаны болмаса, діттеген жерімізге көп ұзамай жеттік. Біздің бұл ауылға бірінші келуіміз еді. Аядай ғана ауылдан кейіпкерімізді бірден тауып алдық. Ауылға кіреберісте орналасқан осы бір шағын үйде үлкен құрметке лайық арда азамат тұрып жатыр.

Көп сөзге жоқ қарапайымдау ғана бұл кісі кезінде екі бірдей бүлдіршінді жанып жатқан оттың ішінен аман алып шыққан. Қысқа ғана амандықтан соң, жігіт ағасынан оқиға жайында сұрай бастадық.

«Желтоқсанның жиырма алтысы болатын. Ел-жұрттың барлығы жұмыстан келіп, мал жайғап болған кешкілік уақыт. Жолдасым Жаңыл монша жағып, отын-судың қамымен үйге бір кіріп, бір шығып жүрген еді. Бір кезде «көрші үйден түтін шығып жатқан сияқты» деп, тыстан ентігіп келді. Сырт киімімді алас-қапас іле сала шауып шықсам, көрші үйдің төргі бөлмесі өртке оранып жатыр екен. Іштей үйдің адамдарын түгендей бастадым. Үйдегі әжей мен бір немересі сыртқа шығарылыпты. Бірақ, екі бала көрінбейді. Кенет жанұшыра айғайлаған балалардың даусы естілді. Үйге қойып кеттім.

Өрт төргі бөлмеден басқа бөлмелерге өткен. Қара түтін көз аштырар емес. Баланың дыбысы шыққан жаққа қарай жүріп келемін. Сол дыбыспен жүріп кішкене жастағы ер баланы қолыма іліктірдім де, сыртқа шыққанша асықтым. Қалай шыққаным, жолды қалай тапқаным есімде жоқ, тек  «баланы қалай да аман алып шығуым керек» деген оймен жүре беріппін.

Далаға шыққанымызда әжейдің немере қызының «кітаптарымды аламын деп» үйге кіргеннен қайта шықпағанын естідім. Сөйтіп, жанып жатқан үйге қайта кіруге тура келді. Тағы да тұншыға айғайлаған дауысқа қарай жүрдім. Қанша дегенмен қыз бала ғой, қорыққаннан бұрышқа тығылып қалыпты. Солай жан сақтағысы келсе керек. Баланы қолыма алған күйі терезеге қарай жүгірдім. Ондайда сабырмен ойлану деген әдірем қалады екен. Айнала жанған өрттен сасқалақтаған менің ойыма тек терезені ұра беру ғана келіпті. Қою түтін тұншықтырып, демалысымыз қиындай бергенде терезе де сынды-ау. Сөйтіп, әжейдің немере қызын терезеден шығаруыма тура келді. Барынша абай болмадым-ау деп, әлі өкінем. Жартылай сынған әйнек қолымдағы бүлдіршіннің мойнын аямай кесіп кетіпті. Мен қолымнан жарақаттандым. Бірақ, үйді құтқару қолдан келмеді. Түгелімен жанып кетті. Жапсарлас көрші үйдің де бір қабырғасын өрт жалап өтті. Осылайша көзді ашып-жұмғанша бүтін бір отбасы  далада қалды» деді жабырқау күйге түскен кейіпкеріміз.

Өрт шалған үйге оңай болмайтыны белгілі. Сөйтіп, бұл отбасыға айдың үстіне жуық уақыт бүлдіршіндердің құтқарушысы болған Қайырлы Дүзбаевтың үйінде тұруға тура келеді. «Сол уақыттың ішінде кішкене палатканы реттеп, асарлатып сарай салып бердік. Қазір үй іші сонда тұрып жатыр.

Айтпақшы, жанып кеткен үй Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаеваның үйі болатын. Сол оқиғадан бері, міне, бір жылға жуық уақыт өтсе де, күл болып жанып кеткен үйдің орны сол күйі жатыр.

Негізі ол кісілерге өртенген үйдің қалпына келгені керек еді. Сіздер ықпал жасай аласыздар ма?» деген кейіпкерімізден бізге сол үйді көрсетуін өтіндік. Таяқ тастам жерде орналасқан Маржан Енбаеваның қазіргі баспанасы шағын ғана жаппа сарай екен. Самаладай жарқыраған бұрынғы үйдің орны тегістеліп, жай топырақ болып жатыр.

Көңілсіздеу картинаны суретке түсіріп алып, кейіпкеріміздің үйіне беттеп келе жатқанымызда, одан өрт кезінде қандай көңіл-күйде болғанын сұрадық. «Ондайда қорқыныш дегеннің не екенін ұмытып кетеді екенсің. Түтінге тұншығып, айнала лаулап жанған оттан үріккен балалардың  жан даусы әлі күнге құлағымда тұр. Ондайда тек «қалай да құтқаруым керек» деген ой ғана болады екен» деді жігіт ағасы.

Көршінің көңілі немесе шынайы адамгершілік

Үлкен сауапты іс атқарған  ұяң мінезді жігіт ағасының көпке үлгі етерлік игі тұстары аз емес екен. Өзін төрт баланың әкесімін деп таныстырған Қайырлы Дүзбаев үлкен ұлының үйленіп, өз алдына бөлек отау болғанын айтып еді.  Шешіліп әңгімелесе келе, жұбайы Жаңылсын да бір сыр айтты.

«Сіңлім бар еді. Жастай марқұм болып кетті. Сол сіңлімнің көзіндей болған  Мейрамбекті тұңғышымыздай етіп өсірдік. Шүкір, қазір келініміз Әйгерім екеуі өз алдына түтін түтетіп отыр. Бізге де, соңынан ерген бауырлары Әділбек пен Нұрсұлтанға, Айданаға да қамқоршы. Ендігі біздің тілегіміз – өз заманында атағы шыққан Маржан апайымыздың үйін қалпына келтіріп беруге жергілікті билік ықпал етсе екен. Жасы тоқсанға келген кейуананың жүдеу тартқан көңілі жайланса екен» дейді.

Міне, керемет! Бірі – аты-раулық компанияда, бірі ауылдық клубта күзетші болып істейтін қарапайым ғана кәсіп иелері бізді осылайша кең пейілді ғажап жүрекпен таңғалдырды. Газет өкілдерінің келгенін пайдаланып, «анау керек еді», «мынау керек еді» демей, керісінше «Көршіме көмек керек еді. Біз, әйтеуір, шүкірміз ғой» дейді.

Өзін әнебір айтарлықтай ерлік жасадым деп есептемейтін жігіт ағасы Қайырлының әкесі Бұқар Дүзбаев Ұлы Отан соғысына қатысып, бір аяғы мен бір қолынан айрылған майдангер екен. Осыдан тоғыз жыл бұрын көз жұмған анасы Сағипа қарапайым шаруа адамы болған. Міне, осы екеу он төрт баланы асырап, өсіріпті. «Әкемнің Титым деген інісі ертеректе көз жұмып, одан қалған жеті баланы ата-анам бауырына басқан екен. Өзім соған қуанбасам, өкінбеймін. Жүрген жерімде «алты ағам, жеті апам бар» деп мақтанып жүремін. Өкінішке орай, қазір баласын туа сала далаға тастайтын «көкек аналар», қағынан жерінген әйелдер көбейді. Дүниеге келмей жатып жетім атанғандар саны күн санап артып барады. Өзім де жастайымнан ата-анадан айырылған бауырларыммен бірге өскендіктен бе, жетімдер болмаса екен, сәбилер соның зардабын тартпаса екен деп тілеймін»  деді кейіпкеріміз.

Қоштасарда біз кейіпкерімізге оның мемлекеттік деңгейдегі марапатқа лайық тұлға екендігін айтқан едік. Біздің бұл сөзімізді күлімсірей қабылдаған ол «Біз көршіміз.  Менің орнымда кез келген адам солай істер еді. Балаларды Алланың өзі ғана құтқарды ғой» деп жауап берді. Рас, Қайырлы Дүзбаев сол оқиғадан соң аудан әкімінің қабылдауында болды, аудандық Құрмет кітабына да есімі енгізілді.

Дейтұрғанмен, біздіңше сын сағатта шынайы ерліктің ерен үлгісін көрсеткен сол бір арда азамат әлде де болса құрметті марапатқа лайық. Қалай болған күнде де бүгінгі заманның Қайырлы Дүзбаевтай батырларын дүйім жұрт білуі, лайықты құрмет көрсетуі тиіс. Иә, батыр болу үшін жер жарған атақтың да, даңқтың да иесі болуы міндет емес екендігін қарапайым ғана кәсіп иесі Қайырлы Дүзбаев дәлелдеді.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*