Бүгінгі Сағыз бұрынғы ауыл емес

Сағыз  ауылдық округі 1958 жылы Ақшелек, Былқылдақты, Қоянды селолық кеңестерінің ізінде құрылды. Бүгіндеол Сағыз ауылы мен Былқылдақты, Кенбай, Қоңыраулы елді мекендерін біріктіретін аудандағы ірі округтердің бірі. Мұндағы 1450 отбасында 7980 адам есепте тұрады. Округтің жер көлемі 689511 гектар болса, ол жерлер шығысы мен солтүстік батысында Ақтөбе облысының Байғанин, Ойыл аудандары, оңтүстігі мен оңтүстік батысында Мақат, Жылыой аудандары және өзіміздің Мұқыр ауылдық округімен шектеседі.

%d0%b1%d2%af%d0%b3%d1%96%d0%bd%d0%b3%d1%96-%d1%81%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%b7-%d0%b1%d2%b1%d1%80%d1%8b%d0%bd%d2%93%d1%8b-%d0%b0%d1%83%d1%8b%d0%bb-%d0%b5%d0%bc%d0%b5%d1%81

Мыңғыртып мал өсірген, бар шаруасын өз күштерімен атқарып, дамытқан кешегі ата-бабаларымыздан мұраға қалған осы өңірден Сағыз, Ноғайты, Топырақшашты өзендері ағып өтсе, Қазақстанның батысы мен орталығын жалғайтын «Ақтөбе-Атырау» автомобиль және темір жолдары жүріп жатыр. Аталған аймақта «қара алтын» өндіруші «Қайнармұнайгаз» өндіру басқармасы, «Мәтен», «Сағыз Петролеум» бірлескен кәсіпорындары жұмыс жасаса, алынған мұнайды Еуропа мен Орта Азияға тасымалдайтын Каспий мұнай құбыры кәсіпорнының біраз бөлігі орналасқан.

Сағыз халқының бүгінгісін айту үшін, оның кешегісіне тоқталған артық болмайды. Киелі топырақта қазақ халқының тәуелсіздігі жолында бар саналы ғұмырын сарп еткен атақты Тобанияз Әлниязұлы, халқына қалтқысыз қызмет етіп, рухани нұрландырған Абдолла Хазірет, өлеңімен елін сусындатып, оның кешегісін, бүгінгісін, болашағын болжаған Абыл, Нұрым, Ақтан Керей, Закария секілді ақындар, елі мен жерін талай шапқыншылықтан қорғаған Қосай, Қонай, Ер Жанақ, Төлеп, Мырзатай секілді батыр аталарымыз туып-өскені бүгінгі ұрпаққа мақтаныш. Бейбіт күннің майталмандары – Еңбек Ері Төлепов Әлшен, орденді Егеубай, Тәжік, Сұпығали, Атыраулардың еңбек жолдары жастар болашағының бағдарына айналды. Аттары аңыз әңгімелерге арқау болған Алып Ана,Түкті Ата қорымдары – кешегіден бүгінге жетіп, құпиясы болашақта ашылатын баға жетпес байлықтарымыз. Тас кешу, Қалмақ қырыл-ған орындары мен талай тарихтың құпиясын бауырына басып жатқан Қошабай, Құсмұрын, Иманқара секілді қырлар мен қыраттар ондап саналады.

«25 жылдыққа – 25 нақты іс» республикалық акциясына сағыздықтар да қосылып, ауылдың экономикалық даму бағытында, тұрғындар арасындағы мәдени-көпшілік, әлеуметтік саладағы жұмыстар мен тағы басқа да салалар бойынша нақты жоспарларын жасақтап, оны орындауда ұйымшылдық танытуда.

Биылғы жылы округте мемлекеттік бағдарламалар бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелер анықталып, мектеп пен балабақша құрылысы басталды. «Ақбота» шипажай типтес балабақшасы мен А.Өміров атындағы балалар саз мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, мемлекеттік қызметшілерге арналып салынып жатқан сегіз қызметтік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталды. Сағыз ауылы Былқылдақты, Кенбай, Қоңыраулы елді мекендері дамуының бас жоспары жасақталып, биылғы жылы аяқталады. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша орталықтағы Ақтан Керей көшесін жарықтандыру жұмыстары атқарылмақ. Оның жобалау сметалық құжаттамасы жасақталып, мердігерді анықтау шаралары алынды, құрылыс жұмысы жүргізілуде. Сағыз ауылында сегіз шақырымдай ішкі автомобиль жолдары құрылыс жұмыстарының жобалау сметалық құжаттамасын жасақтау үшін қаржы бөлінді.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында Сағызда адам түсіне кірмейтін жұмыстар жасалды. Мәселен көгілдір отынның  келуі, теміржол үстінен адам жүретін аспалы көпірдің салынуы, Сағыз-Миялы жолының пайдалануға берілуі, біртұтас спорт мектебінің тұрғызылуы, Астана, Алматы бағыттары бойынша өте жүрдек жолаушылар пойызының жүруі, демеушілеріміздің Абдолла Хазірет атындағы мешіт ғимаратын жаңадан салып беруі, тағы басқа да ондаған жақсы істер ауыл халқы үшін жасалған   зор қамқорлық болды. Ауыл тұрғындары сәнді тұрғын үйлерге көшуде, ауласында мал ұстап, көкөніс пен жеміс ағаштарын өсіруді қолға ала бастады.

%d0%b1%d2%af%d0%b3%d1%96%d0%bd%d0%b3%d1%96-%d1%81%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%b7-%d0%b1%d2%b1%d1%80%d1%8b%d0%bd%d2%93%d1%8b-%d0%b0%d1%83%d1%8b%d0%bb-%d0%b5%d0%bc%d0%b5%d1%81-2

Ауданымыз сияқты Сағыз ауылдық округінің де негізгі базалық өндірісі – ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы болып табылады. Соңғы жылдары шаруагерлеріміз тәжірибе жинақтап, мемлекетіміз ауыл шараушылығына  нақты бетбұрыс жасап, жайлаудағы мал басы өсіп, оның өнімін өндіруде де жаңа бастамалар пайда болуда. Сонымен ауылдық округте есебінде бүгінгі таңда мал басы негізінен жеке тұрғындардың, шаруа қожалықтарының есебінен өсіп отыр. Биылғы санақ қорытындысы бойынша округте 4127 сиыр, 17178 қой-ешкі, 1027 бас жылқы, 168 түйе малы бар.

Мал басын асылдандыру, одан алынатын өнімді молайту бағытында қажетті мал сатылып алынды. Сағыз халқын ет өнімдерімен қамту үшін бір мал сою алаңы,  үш ет сататын дүкен жұмыс жасайды. «Аяла» базарында қаймақ-май, құрт-ірімшік, тары-талқан, тағы басқа өнімдер ұсынатын  орындар тұрақты қызмет көрсетсе, көкөніс сатушылар да халық сұранысын қамтамасыз етуде. Округте ауыл шаруашылығымен айналысатын «Сағыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 21 шаруа қожалығы бар.  Оларда негізінен жылқы, қой малы саны қарқынды өсіп келеді.

Соңғы жылдары сиыр малын асылдандыру ісін қолға ала бастадық, алғашқы нәтижелері жаман емес. Әрине, малды асылдандыру ісі ондаған жылдарды қажет етеді. Сол сияқты  М.Байжанов түйе малын бағатын шаруашылық құрып, бүгіндері өз өнімін тұрақты түрде Атырау қаласына апарып сатылымға шығаруда. Кәсіпкерлеріміз С.Шыныбаев, Ш.Нұржановалар енді бірер жылда қымыз дайындаумен, жылқы етін сатумен айналысатын болса,  Д.Ахметов, Ғ.Жұмиев, Е.Дүзжасаровтар жыл сайын 200 сапалы да арзан қозы етін сатуға қол жеткізді. Олар Сағыз тұрғындарының малына қажетті ірі сабақты шөп дайындау ісін тұрақты жолға қойды.

Шағын және орта бизнесті дамыту, сол арқылы жұмыссыздықты азайту, халық тұтынатын өнім түрлерін көбейту тәуелсіздік алған жылдардағы мемлекеттің басты тапсырмаларының бірі болатын. Бұл тапсырманың да округте орындалуына қол жеткізіп келеміз деп айтуға толық негіз бар. Тәуелсіздік алған жылдары Сағызда 25-30 адам сауда жасауға шыққан болса, бүгіндері олардың қатары 200-ден асып, жүздеген жұмыс орындарын ашты, мемлекетке уақытылы салықтарын төлеп, ел бюджетіне өз үлестерін қосып жүр. Олар ауылдағы мәдени-көпшілік шаралардың тұрақты демеушілеріне айналды.

Кәсіпкерлеріміз өздерінен артылғанын үнемі ауылдастарымен бөліседі, аз қамтылған отбасыларға демеуші болу, әртүрлі акцияларға қатынасу, қарттарымыз бен мүгедектердің мұқтаждарын өтеу олардың күнделікті ісіне айнала бастады.

Әрине, айтылған жетістіктеріміз кәсіпкерлеріміздің ізденімпаздығы, іскерлігі нәтижесінде болса, оларға мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдау ұшан-теңіз. Мысалы, «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнес аймақ», «Алтын асық», «Құлан» секілді бағдарламалар арқылы осыдан 25 жыл бұрынғы 30000 теңгеден емес, үш-он миллиондап несие алуға қолдары жетті. Мысалы, соңғы екі-үш жылда кәсіпкерлер барлығы  110 миллион теңгенің несиесін алды. Сағыздықтар ел тәуелсіздігінің мерейлі мерекесін жоғарғы шабытпен қарсылай отырып, болашақта да бірлігі мен ынтымағын арттыра беретін болады.

Еркін Сұлтанов,

Сағыз ауылдық округі әкімі.

Қызылқоға ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*