АЗЫҚ-ТҮЛІККЕ – АЙРЫҚША НАЗАР

 

Жолдауда: «Біз неліктен ауыл шаруашылығына 1,5-2 млрд. доллар көлемінде субсидия береміз? Себебі, тауар өндіруші үшін нанның бір келісі дүкенде сатылатын бір келіден қымбатқа түседі. Сондықтан, біз ауыл шаруашылығына осынша субсидия төлеп отырмыз. Бірақ, осы ақшаны сатып алушыға берсек, ал тауар өндіруші нанды өз бағасымен өндіріп, соған сай бағаға сатқаны дұрыс шығар. Яғни, дұрыс экономика қалыптастыру керек», – деген Елбасы нарықтағы бағаны жасанды ұстаудың салдарын баяндады. 

Халықаралық деректерге сүйенсек, әлемдегі халық саны жыл сайын 1,5 пайызға өсім береді. Ал, азық-түлікке сұраныс деңгейінің өсімі небәрі 0,9 пайызды құрайды. Яғни, халықтың өсімі мен азық-түлікке қажеттілік арасындағы айырмашылық екі еседей төмен. Демек, «халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – қазірдің өзінде жаһандық проблемаға айналып барады» деген сөз.  Бұл өзекті жайттың елімізді де айналып өтпесі анық.  Бүгінде облыс өңірінде 600 мыңға жуық қой мен ешкі, 150 мыңдай мүйізді ірі қара, 60 мыңдай жылқы мен 30 мыңдай түйе бар. Осыншама малды қажетті жемшөппен қамтамасыз ету де оңай шаруа емес. Ежелден ата кәсіпті нәсібіне айналдырған мал баққан шаруаның төрт түлігіне жайлы қоныс болған Нарын, Қараой, Қарақұм, Тайсойған мен Бүйрек құмдарын тиімді пайдалану жайын ескеру қажет-ақ.

Шаруагер өз қожалығындағы малдан 1 келі ет өндіруі үшін түлікке 12 келі жемшөп қажет екендігін ескеру керек. Егер аймақтағы 7,7 млн. гектар жайылымдық жердің әр гектарынан кем дегенде 2-3 центнерден өнім жинайтындай жағдай болса, онда құм өңірінде  төрт түлік малды өсіріп, оны өз төлі есебінен көбейтуге, өнімін өндіріп, өңдеп, халыққа қолжетімді бағамен сатуға, жалпы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге молынан мүмкіндік туар еді деп ойлаймын. 

Бақтыбек  ТАУБАЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

профессор.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*