Азырақ болып ортаңда, көңіліңде тұрсам көбірек – Меңдекеш Сатыбалдиев

 «…Әкесі мен шешесі мұның шиеттей жас кезінде өмірден  өтіпті.

Өзі, сүйтіп, көзін ашпай жатып жетім қалып, кісі қолында, тағдыр талқысын көрудей-ақ көріп өсіп­ті. Бұғанасы қатпай жатып, ауыр жұмыстар істеп, қар төсеніп, мұз жастанып, ауыр дертке ұшы­рапты. Талай рет оташының қолына түсіп, қабыр­ғасын сөктіріп, бір жақ бұғанасынан түгел айыры­лып, өкпесін кестіріп, үштен бірі арқылы тіршілік кешті. Одан басқа адамның қаралай опырылып, опат табатын-ақ қасіреттері. Ал, ол болса, бұйра-бұй­ра әдемі шашын олимпиада туындай асқақ көтеріп, қайнаған фестивальдің қақ ортасында жүргендей шалқақтай басып, шабыттанып сөйлеп, шаттана күлетін. Арғымақтың құлынындай сұлу, ақсүйектің баласындай бекзат, ақсұңқардың түлегіндей тапқан-таянғанын төгіп-шашып жүретін асқан жомарт еді.

414703_475682901_905_Satibaldyev_Mendekesh

Басын шалқайтып, күрек тісін қасқайтып, күм­бірлей кісінеген керік мойын, кереге жал  тұлпар­дай лақылдата төгіп, рахаттанып тұрып, ағыл-тегіл күлетін Меңдекештің тұла бойы тұнған молшылық еді. Осынша жоқшылықтың ортасында осынша бейнет арқалап өсіп, мұншама дарқандықты қайдан тауып жүр?! Ал, таңғалмай көр! Адам ретінде де, азамат ретінде де ол айтып түсіндіре алмастай айырықша құбылыс, елден ерек жан, қазіргіше айтқанда, нағыз сирек кездесетін феномен еді». 

Бұл – кемеңгер Кекілбаевтың Атыраудың ақжал толқынындай асау ақын Меңдекеш Сатыбалдиев хақында қабырғасын сөгіп, ғажайып ыстық ықыласпен жазған естелік-эссесінен үзінді ғана… Иә, ХХ ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары балықшы қала Гурьевтен ару Алматыға шылбыр үзе жеткен адуын дарын иесі Меңдекеш кім еді?..

Ақынның көзін көрген тұрғыластары оны шалқар публицист, қаламы жүйрік журналист қана емес, Гурьевтің тар көшелерінде алшаң басып, артына елең-алаң албырт топ ерткен рухани лидер, осы қалада алғаш «Жас дәурен» деген шығармашылық орта қалыптастырған ғажайып ұйымдастырушы ретінде де таңдай қаға еске алып отыратыны тағы бар… Сол «Жас дәурен» кімдердің басын қоспады дейсіз?.. Фариза, Нұралы, Аманқос, Күзенбай, Қаржаубай, Нариман, Қадыр, Қырықбай сынды жас дарындар… Берік Қорқытов, Қабиболла Сыдиықов, Теңдік Жауыров, Берқайыр Аманшиндей байсалды әдебиетшілер…

Жалпы, сол кездегі қазақ әдебиетіне келген толқын асау, тынысы кең, бір-біріне әсер ете білген армандас екендіктері естеліктерде жиі жазылып жүр. Қан қасап отыз жетіде дүниеге келіп, балалығын соғыс жалмаған осы буынның қос бірдей өрені атыраулық Марат пен Меңдекештің өлең табиғатына сол кездері осы өлкеге ат басын тіреп, айлап Ақ Жайыққа арман жүздірген Төлеген Айбергеновтың әсері көп болды. Мараттың бұла лирикасынан, Меңдекештің айдынды азаматтық үнінен Төлеген сазын көргендей болатынымыз да содан. Өкініштісі сол, өлеңде ғана емес, өмірде де тағдырлас ақындардың ғұмыр-дариясы отыздан аса бере үзіліп кетті. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің галереясында мәңгі жас, ширақ, албырт күйлерінде шаштарын шалқасынан қайырған тұйғын көз талдырмаш жігіттердің бейнесі қала берді.

Меңдекеш мына өмірді барлық күнгей-көлеңкесімен қоса шексіз сүйген ақын… Жырларында пессимизмнің ізі жоқ, іңкәрлік пен дарқандық қана бар. «Меңдекештің ерекшелігі неде?» деген сұраққа  бірінші жауап – оның ақындық шешендігі, өлеңінің желді, арқалы, айтқыштығы. Не де болса жүрегіңді қатты соқтырып, құмарыңды қандыруы. Бізге мұндай ақынның керектігі мен бөлектігін айтып жатудың қажеті жоқ», – дейді Ғафу Қайырбеков. Дейді де, ақынның «Арманым» атты өлеңінен мысал келтіреді:

…Дариға сонда

қоңырауы болып,

Күнге беттеген күйменің.

Найзағай тектес

тілгілеп өтсем,

Көкала бұлттар түйдегін.

Әлемде бұрын

бірде-бір пенде,

Татпаған дәмдей тамсантып,

Артымда менің

құйқылжып жатса,

Топан да топан күйлерім…

 

Меңдекеш ақын жырлары-ның киесі де, иесі де туған Атырауы мен Маңғыстау еді…  Ол осы өлкені орасан махаббатпен, өлшеусіз сағынышпен жырға қосты.

Атырау!

Жоталысың, арқалысың,

Шағырмақ сезімдердің

шалқарысың.

Аяулы маңғаздардың

мекенісің,

Думаны тарқамайтын

алқалысың, – деп бір көсілсе, келесіде:

Ақжарма күй ең,

Абылша ешкім шертпеген.

Айықпай кеткен

Асан қайғының да

дерттері ең.

Ақбөбек біткен маңдайыңа

Қайран көл бітпей,

Жалғанда сені

Аққулар мекен етпеген, – деп тағы бір қиянға тартады.

 

Әлбетте, бұл өңірде туған ақынның не жазушының Махамбет-Исатай трагедиясын айналып өткені жоқ шығар. Меңдекеш қаламынан да ұлт алдаспандарына арналған сұрапыл өлең сорғалады. Әсіресе, «Махамбеттің монологы»  жүз тармағының барлығы бірдей «Қ» дыбысынан басталып қана қоймай, тұла бойы өршілдік пен рухқа толы қорғасын оқтай жүйрік жыр болды.

Қалғыған менің Нарыным,

жалпақ жапан құм,

Қырық ханнан

қымбат Махаңның,

Қазына қайнар кеудесін,

Қырқаңның еңкіш

қарпуына көмдіріп.

Қапыда қалма,

алау жанымның,

Қоздаған шоғын сөндіріп.

Қой. Қой. Қой.

Міне, жеңді үміт

Қара аспандай мынау

қаһарлы басыммен,

Қопармаспын ба,

Қап тауының да

тасын мен.

Құл бола алман

қай Құдайға да көндігіп.

Әсіресе, осы жырлар қазақ тілінің шексіз мүмкіндігін молынан пайдаланған, батыстың жауынгер-жыраулық дәстүрін тірілткен теңдессіз туындылар еді.

Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова арада біраз жылдар өткенде Меңдекешті асқан сағыныш, бітпес ностальгиямен былай деп еске алады:

«Мен өлең деген әлемге келген жолымды ойыммен барлап қарасам, көз алдыма мынадай сурет келеді: көп үндемейтін, тұйықтау, қылдырықтай қоңыр қыз бала жан-жағына жаңа бір бейтаныс әлемге енгендей жасқана көз салып тұр: қарсы алдынан періште көңілді, өзі жас болса да, бар болмысынан ой мен парасат көрініп тұрған қапсағай ұзын бойлы, ақсары ашаң жігіт шыға келіп: «Қарындасым, әне, сонау көгілдір дүниені көріп тұрсың ба? Поэзия жайлауы деген сол, сен сонда баруың керек, жасқанба, сал тақымыңды!» деп алдыма арғымақты көлденең тартып, Атыраудың теңізден соққан желімен қарсыласқан бұйра шаштары желбіреп, ақ көйлегі ашаң жүзін одан сайын жүдеу көрсетсе де, қоңыр көздеріндегі өшпестей от шашқан сәуле бүкіл маңайды нұрландырып жібергендей. Иә, Меңдекеш осындай азамат еді…»

Сол айналасын өкіндіріп, өзі де арманда кеткен аяулы ақынның туғанына биыл 80 жыл толмақ. Ол дүниеден өткенде мына жалғанның жанарынан ақ моншақтар аяусыз төгілген еді. «Өлең» атты арғымағы да Төлегеннің ақбоз атындай Ақ Жайықтың жағасына жете алмай ерте қаңтарылды.

Ал, біз не тындырып жүрміз? Меңдекеш мұрасын кітапханаларда ғана сақтап қойып, сиректеу еске алып, «Уикипедия» бетіндегі жартусыз мәліметпен жоқ-барымызды түгендеп отырмақпыз ба?..  Ақын жетпіс жасқа толғанда «Арыс» баспасынан «Қызғыш құс» атты еске алу кітабы жарық көрді. Таңдамалысы шықты. Одан бері он жылдай уақыт өтіп кетті. Бір жылы елге келгенде Фариза апамыздың «Осы сендер Абай, Мұқағали оқуларын өткізіп жатасыңдар, ал, Меңдекеш оқулары неге өтпейді?» дегені бар-тұғын. Даңғайыр ақынның мерей жасын біздің ел лайықты атап өтуге тиіс.

«Бетіме ызғар беттей ме,

Тұрғанда өрттей тұтап мен.

Айқасқа шықсам жетпей ме

Жалғыз-ақ па­луан кітаппен!

Күшіне көптің сынаған,

Көптіктен қашқам жоқ,

шырақ.

Өмірдің заңы – қиын Заң,

Аз-аздап алу, көп сұрап.

Одан мен, сірә, қорқам ба,

Өкінт­­пек нұрлы төңірек.

Азырақ болып ортаңда,

Көңі­­ліңде тұрсам көбірек» –   деп ертеңіне үміт артқан Меңдекеш мұрасын қазақтың келешек ұрпағының көңілінде сақтау – бізге парыз.

Әлия Дәулетбаева

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*