Қазыналы аймақтың «қара алтыны» отандық сервистік компаниялардың дамуына жол ашты

«Қара алтын» қазыналы елдің игілігіне айналды. Мұнай өндірісі отандық сервистік компаниялардың дамуына да жол ашып отыр. Қазір отандық қызмет көрсету нарығында 1000-нан астам құрылым жұмыс жасайды. Оларда 170 мыңдай адам еңбек етуде. Талап деңгейінен көрінген кәсіпорындар біртіндеп шетелдіктерді алмастыра бастады. Дегенмен, бұл бағытта түйінді мәселелер аз емес. Атырауға іссапармен келген Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары Одағы төралқасының төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВПЕН сұхбатымызда осы және өзге мәселелер баяндалады.

Қазыналы аймақтың «қара алтыны»

 Алда – үлкен мүмкіндік

– Ең алғаш «қара алтын» өндірілген Атырау облысының ел экономикасын өркендетудегі үлесі мол. Жылдың алғашқы тоқсанында өңірде 23,6 млн. тонна мұнай, 11,9 млрд. текше метр ілеспе газ өндіріліпті. Мұнда әлемдегі ірі кеніштердің қатарынан саналатын Теңіз, Қашаған кен орындары бар. Жұмыс жасап жатқан «Теңізшевройл», НКОК секілді алпауыттардың айналасына сервистік компаниялардың шоғырлануы да заңдылық.

Бүгінгі күні Қазақстандағы барлық мұнай-газ сервистік сатып алулардың 75 пайызы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты ірі үш жоба операторларының үлесіне тиесілі болып отыр. Алдағы уақытта тек осы үш кен орнындағы мұнай өндіруді арттыру – бұл көрсеткішті еселей түсетіні анық. Қазір үлкен мүмкіндіктер алдында тұрмыз. Сондықтан, қазақстандық сервистік компанияларға осы жобаларға тең дәрежеде қатысуға қол жеткізу керек.

 Шетелдіктер кімді таңдайды?

Бұрын ірі компаниялар шетелдік құрылымдардың қызметін пайдаланатын. Бүгінгі жағдай өзгерді ме? Біздің сервистік компаниялар қаншалықты талап үдесінен шығып отыр?

– Мұнайшы мамандығы – біз үшін ежелгі кәсіптің бірі. Талай ұрпақ осы кәсіпті абыроймен атқарды. Дегенмен, шикізатты өндіруден өзге, оның төңірегінде түрлі қызмет бар. Жобаны қағазға түсіретін инжинирингтік, құрылыс салатын, бұрғылайтын құрылымдар, мұнайды құмнан, судан, газдан ажырататын шағын зауыттар, оны сақтайтын қоймалар осының бәрі сервистік қызмет көрсетуге жатады. Дүние жүзінде бір мұнайшыға қызмет көрсететін үш-бес адамнан келеді. Жасыратыны жоқ, бізде осы сала кенжелеу қалған еді.

Қазір ахуал өзгере бастады деуге болады. Мәселен, Атырауда 5 мың адам жұмыс істейтін «NNC» компаниясы бұрын «Теңізшевройлды» су, сүлгі секілді өзге де қажеттіліктерді Алматыдан, Қытайдан тасып қамтамасыз етуші еді. Енді осының барлығы жергілікті жерде шығарылуда. Сондай-ақ, жергілікті жердегі ТНС, Іскер секілді құрылымдар да шетелдік компаниялар қоятын талаптың деңгейінен шығып отыр. Ал, олар алғашқыда ешқандай қаражатсыз, құрылғы-жабдықсыз іске кіріскен болатын.

Еліміздегі мұнай компанияларында 50 мыңға жуық мұнайшы болса, соларға қызмет көрсету саласында 170 мыңдай адам жұмыс жасайды. Саланың жылдық қаржы айналымы 2,2  трлн.  теңгені құрайды. Бұл – өте көп қаржы. Қазақстанда мұнай саласына қызмет көрсетуші компаниялар енді дамып келеді. Дегенмен, осы тұста айта кететін мәселе бар. Біздің сервистік компаниялардың бастапқы табыстары болғанымен, оны тереңдетуге, техниканы жаңартуға, жұмысшылармен қарым-қатынасты басқа форматқа ауыстыруға, инвесторлармен тиімді сөйлесуге, олардан үйренуге құлық таныта қоймайды. Көбінің тұрақты даму жоспары жоқ. Сервистік қызмет көрсетіп жүргендердің арасында атыраулық кәсіпкерлер аз. Ақиқатында, бұл бізге беріліп отырған үлкен мүмкіндік емес пе?

Қазыналы аймақтың «қара алтыны»-2

Бәсекелестік орта  болса…

Еліміздегі ірі компаниялардың қосалқы қызмет, шаруашылықтардан ажырай қоймағаны туралы жиі айтылады. Бәсекелестік ортада бұл бүгінгі талаппен қаншалықты сәйкес келеді?

– Бұл – кеңес кезеңінен қалыптасқан жағдай. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» мемлекетіміздің іргелі компаниясы. Оның өзіне қызмет ететін құрылымдары көп. Бәрінің де атауы ұлттық компаниямен сабақтас болғандықтан, қайсысы мұнай өндіретін, қайсысы қызмет көрсететін құрылым екенін ашып айыра алмайсың.

Дегенмен, бүгінде оларға басқаша талап қойыла бастады. Соның бастысы – қосалқы қызметтерді ашық нарыққа шығару туралы міндет. Бастама екі мақсатты көздейді. Біріншісі – қызмет көрсету сапасын жоғарылату, арзандату болса, келесісі – бәсекелестікті күшейту. Әрине, қай басшы болмасын, өзінің қарамағындағы құрылымның олқы тұсын ашып айта бермейді. Осы себептен олардың ретсіз шығындарын жауып отырады. Бұл ортақ түсімнің азаюына әкеледі. Егер ұлттық компания қосалқы қызметтерді бәсекелестік ортаға жіберсе, олардың шыңдалуына, активтердің қымбаттауына, сол арқылы «ҚазМұнайГаздың» шетелдегі жобаларына қатысуына жол ашар еді. Бастысы, еңбекшілердің мүддесі, әлеуметтік мәселесі назардан тыс қалмауы қажет.

Одақ ұйымдастырған жұмыстар

Сіз жетекшілік ететін Одақтың кәсіпкерлерге тигізер пайдасы бар ма?

– Кәсібін қызмет көрсетумен байланыстырған құрылымдардың тәжірибе жинақтауына, жұмысын жүйеге түсіруіне Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары Одағының өзіндік қамқорлығы бар. Қазір оның құрамына 200-дей компания кіреді. Жұмыстың негізгі мақсатына жер қойнауын пайдаланушылар мен инвесторлардың арасындағы қазақстандық компаниялардың  байланысын үйлестіру, қазақстандық үлесті көбейту еніп отыр. Одақ ақпараттық-келісім алаңына да айналуда.

Отандық үлес көлемін көбейту үшін бірінші кезекте шетелдік кәсіпорындармен тиімді келіссөздер жүргізу қажет. Инвесторлардың келуінен қорықпай, керісінше, көп нәрсені өз пайдамызға жаратып, үйреніп алуымыз керек. Қаржылық топтармен келісе отырып, қазақстандық компанияларды солардың жобаларының арқасында өсіріп, дамытуды көздейміз. Мысалы, бұрын «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны өткізетін тендерлер шетелдік мердігерлерге бұйыратын. Қазір өзгеше жағдай қалыптаса бастады.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*