«ҚАЗТРАНСОЙЛ» – РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖАНАШЫРЫ

ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ –
ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

Шаралар легі «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері арасында өткен «Қазақ тілі – менің тілім» байқауынан басталды. Компанияда тілдерді дамыту бағдарламасы аясында бұл байқау 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сан түрлі ұлт өкілдерінен құрылған үлкен ұжымның әр аймақтағы қызметкерлері Жайық жағасына келіп, өздерінің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендерін көрсетіп қана қоймай, Фариза Оңғарсынова шығармашылығын құрметтейтіндіктерін дәлелдей алды. Ел экономикасындағы мұнай құбыры секторының көшбасшысы атанған «ҚазТрансОйл» АҚ кәсіби мамандарды даярлау, қызметкерлердің біліктілігін көтеру, зияткерлік әлеуетін арттыру секілді маңызды мәселелерге мән беруді мақсат қылған.
«Қазақ тілі – менің тілім» байқауының ашылу салтанатында «ҚазТрансОйл» АҚ басқарма басшысы Қайыргелді Қабылдин компанияда мемлекеттік тілді дамыту және қолдау тілдің даму әлеуетін арттырып, қызметкерлердің қазақ тілін жетік меңгеруіне деген талпынысымен негізделетінін айрықша атап өтті. «Лауазымды міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті деңгейде мемлекеттік тілді меңгерген қызметкерлер санының елеулі түрде артуын қуанышты жайт ретінде атауға болады, – деді ол. – «ҚазТрансОйл» АҚ-да мыңдаған маман жұмыс істейді, олардың ұлты да, салт-дәстүрлері де әр түрлі, соған қарамастан бір шаңырақ астында ынтымақпен еңбек етіп жатқан түрлі ұлт өкілдері мемлекеттік тілде еркін сөйлей алады. Ол үшін ауқымды мүмкіндіктер жасалып отыр. Компанияда, сондай-ақ, MyEDU бағдарламасы пайдаланылады, қызметкерлерді қашықтықтан оқыту жүйесі бар, ол арқылы әр маман өзіне қолайлы уақытта қазақ тілін оқып, түрлі жаттығулар арқылы білімін бекіте алады. Жыл сайын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында жұмыстар жасалып жатыр.
«ҚазТрансОйл» АҚ мемлекеттік тіл саясаты қағидаларын жүзеге асыру үшін қызметкерлері арасында тіл білу сайысын өткізуді дәстүрге айналдырған. Еліміздегі әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға әркез жанашырлықпен қатысып жүрген компания өткен жылы «Парыз» байқауында «Үздік әлеуметтік жоба» аталымын жеңіп алды.

 

«БІЛІМ МЕН ЕҢБЕК – БӘРІН ДЕ ЖЕҢБЕК»

Осы нақыл сөзді өмірлік мұраттарына айналдырған «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері биыл да «Қазақ тілі – менің тілім» байқауына ұйымшылдықпен қатысты. Фариза Оңғарсынова шығармашылығын арқау қылған байқауға компанияның құрылымдық бөлімшелерінен бес топ қатысты. Көрнекті қоғам қайраткері, бүгінде «ҚазТрансОйл» АҚ-на басшылық етіп отырған Қайыргелді Қабылдиннің кіріспе сөзімен басталған байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің мерейін өсіруге бағытталған шараның ұйытқысы болған азаматтарға, «ҚазТрансОйл» АҚ-на ақын жерлестері атынан алғысын айтты. Туған жеріндегі бұл шараға денсаулығына байланысты қатыса алмаса да, заманауи техника жетістіктерінің арқасында бейнесюжет арқылы сәлемін жолдаған Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың сөзіне толқымаған адам қалмады. Осы сәттен соң ақынның туысы Гүлнар Оңғарсынова сахнаға көтеріліп, шара ұйымдастырушыларына деген рахметін жеткізді.
Байқауға «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Астана қаласындағы орталық аппаратында жұмыс жасайтын қызметкерлерінен құралған «Жерұйық» командасы, Атырау бөлімшесінен «Шатты шаңырақ», алматылық «Алатау», астаналық ұжымдық пайдалану есептеу орталығынан «Жігіттер», шығыс бөлімшесінен «Жерұйық» топтары қатысты. Қоғамның Батыс бөлімшесіндегі жобалау-смета бюросының жетекшісі Есенгелді Қызылқұлов бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
Алдымен байқаудың «Сөз атасы – сәлем» деп аталған таныстыру шарты бойынша әр топ әр түрлі стильде өздерін таныстырып өтті. Бірі би, бірі ән, бірі жыр шумақтары, тіпті мақал-мәтелдер арқылы өздерін көпшілікке таныстырған қатысушыларды көрермен жылы қарсы алды.
«Музыкалық сәлем немесе әдеби номер» атты екінші шарт бойынша әр топ Фариза Оңғарсынованың өлеңдері мен сөзіне жазылған әндерді орындап жарысты. Байқаудың бұл талабы ұжым қызметкерлерінің тіл білу деңгейіне ғана емес, өнерлеріне де баға беруге мүмкіндік тудырды. «Қазақстан – ортақ Отанымыз» аталған үшінші кезеңде ақын шығармашылығына негізделген қойылымдар көрсетілді. Байқауға барлық топтың да жоғары деңгейде дайындалып келгенін атап өткен жөн. «Капитандар сайысында» қазақ халқының қанатты сөздері, мақал-мәтелдері мен тұрақты сөз тіркестерінің мәнін ашу тапсырмасы берілді. «Терминдерді білеміз, қолданамыз» кезеңінде де қатысушылар біліктіліктерін ортаға салды. «Қазақша сөйлесейік» деп аталған сайыс әңгімелесу жанры бойынша қатысушылардың тіл білу деңгейін сынға салды.
Бұл күні тек жарыс қана болып қойған жоқ, компания қызметкерлері ән шырқап, би билеп, бар өнерлерін ортаға салды.
Байқау қорытындысында «ҚазТрансОйл» АҚ шығыс бөлімшесінің «Шаңырақ» тобы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Оларға планшет пен Фариза Оңғарсынованың қолтаңбасы бар жыр жинағы табыс етілді. Екінші орын атыраулық «Шатты шаңырақ» тобына берілсе, келесі тұғырдан астаналық «Жігіттер» көрінді. Байқауға қатысушылардың бәріне де ұйымдастырушылар атынан сый-сияпаттар ұсынылды.

 

«МЕН – АҚЫНМЫН, ӘЙЕЛМІН ӘЛЕМДІ ОЙЛАР»

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен конференция осылай аталды. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жүргізген конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп баяндама жасады. (Баяндама мәтіні газетіміздің өткен нөмірінде жарияланғандықтан, қайталауды жөн көрмедік-ред). Фариза Оңғарсынованың студенттік кезінің куәгері болған Қадыр Өтегенұлы Манаштан шығып, алты алашқа әйгілі болған ақын замандасы туралы толғана сыр шертті, шығармашылығының тереңіне бойлаған мағыналы әңгіме айтты.
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институт директорының орынбасары Алтыншаш Тәжіғалиева «Ф.Оңғарсынова шығармаларындағы Махамбет рухы» жөнінде сөз қозғады.
Белгілі қаламгер, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев «Көсемсөздің хас дүлдүлі» тақырыбында жасаған баяндамасында Фариза Оңғарсынованың публицистік қызметі жайында әңгімеледі.
Ұлттық академиялық кітапхана бас директорының орынбасары Ғалия Исаханова Астанадан осы шараға арнайы келіп, «Кітапхана: қоғам және оқу мәселесі» төңірегінде келелі сөз қозғады. Кітапхана мен оқырман арасындағы берік байланыс, еліміздегі рухани құндылықтардың насихатталуы, әдебиет әлеміндегі проблемалық тұстар Ғалия Бөкейқызының баяндамасында жан-жақты айтылды. «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясының мақсатына тоқталған баяндамашы Фариза Оңғарсынова шығармашылығы жайлы да айтып өтті.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев Махамбет-Жұмекен-Фариза жырларындағы асқақтық пен даралық жайында әңгіме қозғай келіп, өзінен кейінгі буынға әрқашан да мейіріммен, жанашырлықпен қарайтын Фариза апайдың адамдық қасиетін, жақсылық-шарапатын әдемі әңгімеге айналдырды.

 

ЖҰЛДЫЗЫ
ЖОҒАРЫ АҚЫН

Нарын құмында орналасқан Манаш ауылы, ауыл түні, көк жүзінде самаладай жарқыраған жұлдыздарға қызыға қараған бүлдіршін қыз бен ақ жаулықты ана… Фариза Оңғарсынова шығармашылығына арналып Махамбет атындағы драма театрында өткен кеш осындай әдемі көрініспен басталды. Бұл кештің бұрынғы шаралардан айырмашылығы да, өзіндік ерекшелігі де оқырман жүрегінен орын алып, елдің сүйіктісіне айналған әр түрлі жанрда қалам тербеген ақын шығармашылығының сан қырын ашып көрсетуінде болса керек.
Кенезесі кепкен туған топырағын айдын шалқар суға толтырамын деген Фаризаның бала арманы орындалды да, ол тек бір ауылын ғана емес, күллі елін, Қазақстанын жырдың ақ жауынына орады. Анасының сүйеніші болған кішкене Фариза алты алаштың сүйікті ақыны атанды. Бұл бақыт оған оңай келген жоқ. Жарға жыққысы келгендер де, бетіне күліп, сыртынан табалағандар да болды. Осының бәрі жарты сағаттық қойылымда ашық айтылды. Ақынның өз шығармаларымен қоса аудармалары да әртістердің оқуында көрермен жүрегінен жол тапты.
Денсаулығына байланысты туған жерінде өзіне арналып өтіп жатқан шараларға қатыса алмаған ақын бейнесюжет арқылы еліне сәлем жолдады.
Бұл күні Атырау аспанында жұлдызды қызына арналып ән әуеледі, өлең оқылды. Осы шаралардың өтуіне қолдау көрсеткен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан орынбасары Шыңғыс Мұқан сахнаға шығып, ақ тілегін арнады. Сондай-ақ, бұл кеште «ҚазТрансОйл» АҚ басшысы Қайыргелді Қабылдин, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі, қоғам қайраткері Мұхамбет Көпей, белгілі қаламгер Рахымжан Отарбаевтар сөз алып, атыраулықтарға, Фариза Оңғарсыноваға арналған ізгі ниеттерін жеткізді.
Ақын-сазгер Елена Әбдіхалықова ақынның сөзіне жазылған әндерін орындаса, атыраулық ақындар Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаш өлең өлкесіндегі аналары, рухани ұстаздары Фариза Оңғарсыноваға арнаған өлеңдерін оқыды. Әнші Сәкен Қалымов ақынның өлеңіне жазылған «Жақсы көру» әнін әуелетті.
Өмірің таңдай болса
арайлаған,
Қатыгез қараулыққа
жолай ма адам?
Біреуді жақсы көрген
қандай жақсы –
Нұрланып кетеді екен бар айналаң!, – деген Фаризаны елі де жақсы көреді. Туған жерінің перзентіне деген алабөтен көңілі мен ақ адал махаббаты дүние өзгерсе де, өзгермейтіні хақ. Мұны ақын құрметіне арналған шаралар легінен анық байқадық.

 

Бақытгүл ӘМІРЖАН.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*