Азаттықтың алтын арқауы

Әлемнің қай мемлекетін алсаңыз да, елдегі заңдар алдымен басты құжат аясында әзірленеді. Заңдылықтар жобасы негізгі заңның талаптарына жауап беруі тиіс. Ал, бұлай болмаған жағдайда, оның қабылданбасы да хақ. Дүниежүзінің өзге елдердегі секілді біздегі заңдар да Ата Заңымызға арқа сүйейді. Сондықтан, ел Конституциясы әбден зерттеліп, қабылданған.

f783671eecb4e720cf417db92cdca2eb_resize_w_520_h_

Жалпы, халқымыздың тарихында елдегі бірлікті белгілі бір ортақ тәртіптер арқылы сақтау үрдісі бұрыннан қалыптасқан. Бұл ретте, ел жадында да, тарих хатында да алар орны ерекше Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» мен «Есім ханның ескі жолын» және «Қасым ханның қасқа жолын» айтуға болады. Бабаларымыз аз ғана қағидаттармен халқымыздың ішкі жағдайын реттеп отырған. Әсіресе, дау-дамайды әділ шешуде қолданған әдістері әлі күнге елдің қызығушылығына ие. Сот билігін айтатын судьяларға «Жеті Жарғыны» білу талабы бүгінгі таңда қойылып жүргендігі де сондықтан.

Елдің ішкі-сыртқы тіршілігіне қатысты негізгі заңды қалыптастыру мақсатында Алаш арыстары да маңдай терін төкті. Олар Алаш Конституциясының жобасын жасап үлгерген болатын. Ресейді «Демократиялық Федеративті Республика» деп атау көрсетіліп, оның құрамына кіретін Қазақстан секілді, елдерге бірдей құқық берілуі, әсіресе басқару ісінде бұл талап қатаң сақталуы айтылған.

Жалпы, Қазақстан тарихында ел Конституциясы бес рет қабылданды. Оның үшеуі (1926, 1937 және 1978 жылдары) Кеңес Одағының еншісінде болса, кейінгі екеуі (1993 және 1995 жылдары) – Тәуелсіз Қазақстан қабылдаған Ата Заң.

Біздің ел бірінші кезекте өз тәуелсіздігін заңдық  тұрғыда бекемдеу ісіне кірісті. Яғни, Қазақстанның мемлекеттік егемендігін нақты жүзеге асыруы Жоғарғы Кеңесте 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған тарихи маңыздылығы зор құжат – Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы декларациясынан басталды. Бұл құжат көп ғасырлық тарихы, мәдениеті және өзіне тән мемлекеттік-құқықтық дәстүрлері бар Қазақстанның егемен ел екендігін айқындап берді. Сондай-ақ, тарихи декларация Қазақстан Республикасының мемлекеттік мәртебесін айқындап қана қоймай, елдің жаңа Конституциясы мен басқа да заңнамалық кесімдерді еркін әзірлеуге жол ашты.

Ал, 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң, 1993 және 1995 жылдары қабылданған, яғни, қазір қолданыстағы Қазақстан Республикасының Ата Заңы – сол декларацияның жемісі. Осы орайда айта кетер жайт, әлемнің демократиясы озық елдерінің негізгі құжаттары сарапталып және ел азаматтарының ой-пікірлері ескеріліп әзірленген соңғы Конституция жобасы елімізде бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Бұл Конституция елдегі демократиялық институттардың жүйелі жұмыс істеуіне кепіл болып отыр.

Мемлекетіміздің тұрақты, бейбіт түрде дамуына негіз болған Президенттік басқару мен Парламенттің қазіргі заманға лайықты жаңа құрылымын таңдап берді. Еліміздегі билік пен қарапайым халық арасындағы құқықтық қатынастарды, қазақ қоғамының өз азаматтары мен әлемдік қауымдастықтар алдындағы басты міндеттерін қалыптастыруға негіз болды. Ата Заңымыз халықтың сараптауынан өткеннен кейін елдің өз қалауымен қабылданғандықтан, бұл құжатты құптаған халықаралық ұйымдар аз болған жоқ. Әсіресе, әлемдегі беделді халықаралық қауымдастықтардың құп көруі тәуелсіз Қазақстанның төл Конституциясын дұрыс таңдағанын байқатты.

Бүгінгі таңда Қазақстан әлеуметтік-экономикалық жағынан ТМД елдері арасында көш бастап тұр. Мұның бәріне заң атаулының қайнар бастауы саналатын Ата Заңымыздың қосқан үлесі ұшан-теңіз.

1995 жылы қабылданған жаңа Конституцияда Қазақстанда Президенттік басқару жүйесі іске қосылды. Шыны керек, Кеңес Одағы ыдырап, ел экономикасы құлдырай бастаған тұста республикадағы саяси тұрақтылыққа да салқынын тигізетін жайттар кездесе бастады. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, тіпті саяси ахуалына тигізер оң әсері бар бұл мәселені Мемлекет басшысы Жоғарғы Кеңес алдында бірнеше рет ұсынуына  тура келді. Сондықтан, Ата Заңда Президенттік басқару жүйесі таңдалып алынды. Бұл таңдау орынды болғанын бүгінгі таңдағы жетістіктеріміз дәлелделіп отыр.

Гүлжансара МҰХТАРОВА,

Атырау қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарманың қоғаммен байланыс бөлімінің қызметкері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*