Азаттықты аңсаған «Еріктің» арманы ақиқатқа айналды

Атырау облысы баспасөзінің қарашаңырағы – «Атырау» газетінің тұңғыш нөмірі бұдан 95 жыл бұрын, яғни 1923 жылдың 1 сәуірінде «Ерік» деген атаумен жарық көрді. Осының өзінде қаншама терең мән жатыр десеңізші. Басынан қаншама тар жол, тайғақ кешулерді өткерген халқымыздың ғасырлар бойы жан-жүрегімен аңсаған арман-мұратын газет атауына «Ерік» деп асқан патриоттықпен қоя білген, әрі оның бірінші нөмірінен-ақ қазақтың көзін ашып, көкірегіне сәуле түсіруге тер төккен алғашқы толқынның ерлікке пара-пар еңбегіне еріксіз бас иеміз.

c6c1737f96c654f3e1dbed0895776013_lg459b46

«Еріктің» бірінші санындағы «Тірлік осымен басталады» деген бас мақаланы оқып көрелік: «…Әркімге мағлұм, қазақ халқы өнер-білімнен құр қалған надан. Патша заманында оған өнер-білім үйретіп, қатарға кіргізейін деген хұқметтің де, басқалардың да ниеті болған жоқ… Қырдағы қараңғы халық болыстар штаттыққа таласып, айтысып жүріп мұны сезген жоқ. Онымен жүргенде алдағы күніне не керегін білмей, кейінгі ұрпақтың қайғысы қайғыртпай, аз күнгі айдаған малға алданып, өткінші болып шықты… Игіліктің ерте-кеші жоқ деген. Әлі де болса ұйқыны ашып, дұрыс жолға түсу керек…». Міне, көрдіңіз бе, газеттің әлқиссасынан-ақ біздің журналист аталарымыз патша заманының отарлау саясатын ашық айтып отырып, 1923 жылдың өзінде (кеңестік алдаусырату кезеңінде) қазағын оянуға үндеген!..

Осыған қарап біздің облыстық газет әу бастан-ақ, ең бірінші нөмірінен-ақ халықшыл басылым, қалың бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған еркін мінбер бола білгенін тап басып танимыз. «Ерікте» жарияланған ірілі-ұсақты мақалалардың дені «Жұмысшыларға не қылу керек?» (№14), «Еңбек етсең, емерсің» (№19), «Жарлының бұрынғы көрген күні» (№22), «Волисполкомдарды жаңарту керек» (№18) деген тақырыптарды қамтыған. Мазмұн жағы да жаңадан мектептер ашу, сауатсыздықты жою, ұлт кадрларын тәрбиелеудің өзекті мәселелерін жан-жақты ашып көрсетті. «Қазаққа ғылым керек, өнер керек. Сол екеуінің анасы – мектеп керек! Мектеп керек!» – деп жазды газет №2 санындағы бас мақаласында. Яғни, «Еріктің» тұңғыш редакторы Төлепкерей Өтеулиев пен оның қосшыларының халқын сүйген, оның мүддесі жолында отқа да, суға да түсетін, көзі ашық, көкірегі ояу, ең бастысы, нағыз ұлтжанды азаматтар болғанын мақтаныш сезіммен айта аламыз.

Кеңестік қытымыр саясаттың салқыны тимеген сала ол дәуірлеген жетпіс жылда қалмағаны да ақиқат. Әр сөзден саяси астар іздеген, әр адамнан ұлтшыл, «халық жауын» жасаған кезеңдерде газет атауы да әлденеше рет өзгерді. Тізіп айтар болсам, расында да, сол кезеңнің тынысын бейнелейді: «Жұмыскер тілі» (1924 ж.), «Жем жұмысшылары» (1932 ж.), «Социалды құрылысқа» (1933 ж., қыркүйек), «Социалды құрылыс» (1933 ж., қараша), «Социалистік құрылыс» (1938 ж., қаңтар), «Коммунистік еңбек» (1963 ж., мамыр), «Атырау» (1990 ж., маусым) болып өзгеріп отырғанмен, қазыналы өңірдің төл басылымы бір орында қайырлап, не тұралап қалған жоқ, талай-талай шыңдалу белестерінен өтті. Қалай аталса да, халықтың көзі мен құлағы, сенімді мінбері бола білді.

Осынау тоқсан бес жылдық шығармашылық жолда облыстық газеттің деңгейін төмендетпей, ұдайы бұқарамен біте байланыста ұстап, халықтың үніне айналдырғандар қатарында Серікқали Жақыпов, Ғатау Махамбетов, Зайтүн Сыздықов, Шияп Қожахметов, Сағат Төлебаев, Сүлеймен Сауырғалиев, Мәди Байтұрсынов, Абдолла Құрманаев, Хабир Нұрмұхамедов, Түсіп Бисекенов, Берік Қорқытов, Құмар Кенжеғалиев, Теңдік Жауыров есімдерін құрметпен атап, рухтарына тағзым етеміз. Олардың қай-қайсылары туралы да бүгінде жинақталған естеліктер бар, бұл бұған дейін үш мәрте арнайы жинақ болып жарық көрді.

Аймақтың рухани өмірінде облыстық газеттің алар орны да, ұйымдастырушылық-ұйытқылық ролі де ерекше болды. Осы тұрғыдан алғанда, қазақтың небір талантты тұлғаларының қаламгерлік жолдағы тұсауы осында кесілді. Кезінде Әбу Сәрсенбаев, Асқар Тоқмағамбетов, Сәбит Мұқанов, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Берқайыр Аманшин, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Әнес Сараев шығармалары газетімізде үнемі жарияланып тұрған. Ал, барша журналистердің ұстазы Тауман Амандосов, қазақтың көрнекті ақындары Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Марат Ысқақов редакцияда қызмет істесе, белгілі қаламгерлер Мереке Құлкенов, Ғарифолла Әнес, Мақсат Тәж-Мұрат және басқалар «Атыраумен» тығыз байланыста.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа Жолдауында: «…Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан… Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» стратегиясы – осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз» дегеніндей, ұрпақтар сабақтастығының шынайы көрінісі «Атыраудан» айқын аңғарылады. Өз басым алдарынан тәлім алған аға буын өкілдері Шөпенғали Дәуенов, Қилыбай Қуанышбаев, Құмарғали Ғабдешов, Айтқали Нұрғалиев, Қабижан Сағиев, Жаңбырбай Сұлтанғалиев, Қаржаубай Сұлтанғалиев, Сансызбай Оқасов, Мұқан Көптілеуов, Тәжі Ақымов, Төлеген Берішбай, Төлеген Жаңабаев, Тасмағамбет Текеев, Арынғазы Мырзағалиев, Өтепберген Әлімгереев, Мақсот Елеусінов, Әнуарбек Қосанов, Кеңес Тұрышев, Ермек Биғалиев, Алпамыс Теміров, Светлана Қайырғалиева, Өтеген Нәукиев, Әндіржан Мұханғалиев және басқаларымен қызметтес болғанымды мақтан етемін.

Бүгінде газетіміз зымыран уақыт талабынан табылып, өркениет көшінің ен ортасында келеді, енді латын әліпбиіне де көше бастады. Алдымызда – межелі мақсат, өрелі іс, биік белес. Ғасырлық ғұмырына жуықтаған «Атыраудың» бұқарамен біте қайнасып, абыройы асқақтай беретініне бүгінгі ұрпақ – біз кепіл!

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

«Атырау» газетінің бас редакторы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*