АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ


ҮЛКЕН ІС
ҮЛКЕН РЕФОРМАДАН БАСТАЛДЫ

Қашаннан мемлекеттің қуаттылығы әскерінің заманға сай болуымен байланыстырылады. Қауіп-қатер көбейіп, аймақта жанжалдар жиілеген тұста мұның ерекше маңызы бар. Сарапшылардың пікірінше, дүние жүзі елдері әскери салаға қыруар қаражат бөліп, қарулануды күшейте түсуде. Мәселен, АҚШ-тың қорғанысқа бөлген бюджеті биыл 700 млрд. доллардан асқан. Ресей мен Қытай да оның ізін басып келеді. Ал, Қазақстанның қорғаныс саласына бөлген қаржысы ішкі жалпы өнімнің 3,5 пайызын құрайды. Қай мемлекеттің қандай мүмкіндігі барын саралап отырғандар республикамыздың әскери саладағы реформаларын ерекшелеп айтады. Өйткені, Қазақстан алғашқы кезден-ақ заманауи, кәсіби армия құруды қолға алған еді. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің берген мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері 2 мың қазақстандық әскери келісімшарт бойынша қызметіне кіріскен. Олар үміт білдірген төрт мыңнан астам адамның ішінен іріктеліп алыныпты. Қазір Қазақстанның Қарулы күштерінің сапында осындай негізде 35 мың сержант пен қатардағы жауынгер әскери міндеттерін атқаруда. Бұл жеке құрамның 70 пайызынан астамы және оның дені құрлық күштерінің құрамында.
– Біздің ойымызша, 2016 жылға қарай қазақстандық әскердің 99 пайызы кәсібилерден жасақталады, – дейді ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов.
Келісім-шарт бойынша қызмет ету әскерге өз істерінің шеберлерінің келуіне жол ашады. Ол – жалпыға белгілі жағдай. Алайда, жаңа жүйені өмірге енгізуге көптеген мемлекеттің мүмкіндігі бола бермейді. Бұрынғы қалыптасқан дағдыны бұзғысы келмейтіндер де аз емес. Бейбітшілікті ту еткен, аймақтағы мықты қарулы күшті жасақтап үлгерген еліміз үлкен реформаға батыл кірісіп, ендігі аз уақыттан соң оны толық жүзеге асырады. Соның бір көрінісіндей, отандастарымыз әлемнің көптеген «қызу нүктелеріне» барып, ерлік пен кәсібиліктің зор үлгісін көрсетті.
Байтақ жеріміздің ерекшелігіне сәйкес, республика аумағында «Орталық», «Оңтүстік», «Батыс» пен «Шығыс» әскери округтері құрылған еді. Жаңа жоба өзінің өміршеңдігін байқатып отыр. Мысалы, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан. Ал, қолбасшылықтың штабы – Атырау қаласында. Өңірлік қолбасшылықтың құрамына әуе қорғанысы күштерінің орталық бағыныстағы бөлімдері мен әскерлерін қоспағанда, аумақтық бөлініс шегіндегі әскери бөлімдер кіреді. Каспий теңізінің қазақстандық секторында еліміздің мемлекеттік шекарасына, аумақтық тұтастығына, егемендігі мен экономикалық мүдделеріне қол сұғылмауын қамтамасыз ету өңірлік қолбасшылықтың негізгі міндеті саналады. Зор жауапкершілік жүктелген қызметті әскербасылар өз деңгейінде атқарып отыр.

ҚУАТТЫ ӘСКЕР – ҚУАТТЫ ҚАРУ

Әскердің мықтылығы – оның қару-жарағында. Заманның дамыған, озық технологияның өмірге дендей енген тұсында біреудің тозығын емес, озығына қол жеткізу маңызды. Олай болса, Қазақстан қарудың жаңасын және оның жақсысын алуға белсене кірісті. Саяси және әскери сараптау институты директорының орынбасары Александр Храмчихин мынадай деректерді келтіреді: қазір республика әскерінде бір мыңға жуық танкі бар. Екі мыңдай шынжыр табанды және дөңгелекті бронды техникасы қатарда. Өнімді шығарушыдан өзге, әзірге ешкім алып үлгермеген БМПТ-нің (танкіні қолдайтын әскери техника) бірнешеуін сатып алған. Зеңбіректер, артиллериялық құрылғыларды санамағанның өзінде, «Ураган», «Град» секілді сұмдық жойғыш қарулар сақадай-сай тұр.
Дүниенің төрт бұрышында болып жатқан қақтығыстар әуе күштері мен оған қарсы қаруы бар елдің қарсыласынан басым түсетінін айғақтады. Сондықтан, қорғанысқа жауаптылар осы жағдайға айрықша мән беруде. Бүгінде елімізде әскери әуе мен әуе қорғанысы күштерінің құрамында он авиациялық және зенитті-зымырандық полк жасақталған. Мұндағы «Су», «МиГ» ұшақтары мен тікұшақтары, әлемде теңдесі жоқ «С-300П» зымырандары елдің тыныштығын күзетуде.
Орталық Азияның көшбасшысы қару-жарақ саудалауда тек бір елге қарап, телміріп отырған жоқ. Рас, көрші Ресейдің әскери техникасы мен ату құралдарын әлем мойындаған. Соған қарамастан, еліміз басқа мемлекеттермен де қорғаныс саласы бойынша алыс-берісті көбейтті. Мәселен, ескірген «Ан-26» тасымалдау ұшағының орнына сегіз еуропалық «С-295» алынды. Бұл әуе кемесінің техникалық жағынан жарақтандырылуы бойынша артықшылығы көп. Кәнігі мамандар «қарулы күштерді дамытуда тек бір елге қарайламау, ол үшін қаруды әртараптан сатып алу, өз аймағымызда өндіру өте маңызды» дегенді айтады. Ендеше, Астана түріктің «Кобра» бронды автокөлігін, көптеген мақсатқа пайдаланатын еуропалық «ЕС-145» тікұшағын шығаруды қолға алуда. Америкалық «Хаммер» мен ағылшынның «Лендровер» көліктері де жауынгерлеріміздің тақымында жүр.

ҚАУІП – ҚАЙДАН?

Қазақта «жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Сарапшылар Ауғанстаннан АҚШ әскерінің шығарылуына байланысты аймақта жағдайдың ушығуы мүмкін екендігін жиі сөз етеді. Біртұтас елдердің шаңырағы ортасына түсіп, алпауыт елдердің көкпарына түскені де өмірдің ащы ақиқатына айналды. Сондықтан, Елбасы сыртқы қауіп-қатерлерге байланысты қарулы күштерге мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен міндет жүктелгендігіне жуырдағы алқалы жиында ерекше тоқталды. Мұның бәрі әскердің аса маңыздылығын байқатса керек.
Отан қорғаушылар күні – әскерде жүргендердің ғана емес, бүкіл қазақстандықтың мерекесі. Талай ата-ағаларымыз елін қорғап, кеудесін оққа тосты. Бүгінгі кезеңде де ерлік көрсетіп, көпке үлгі болып жүргендері қаншама? Ендеше, мереке құтты болсын, еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын деген тілек айтамыз.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*