Азамат тұлғасы

Өткен күндерге көз жіберсек, өзі өмір сүрген кезінде қарапайым жұртшылық ортасында, замандастары мен жас ұрпақ алдында азаматтық болмыс-бітімімен үлгі болып, мамандығы бойынша адал еңбек етіп, із қалдырған жандардың орны ерекше.

Азамат тұлғасы

Солардың бірі – Сайын Есенғожин. Бұл кісінің есімін облыстың ауыл шаруашылығы мамандары, Жылыой, Қызылқоға өңірі жұртшылығы, спорттың күрес түрімен айналысатын жастар жақсы біледі. Сәкең өзінің бүкіл өмірін ауыл шаруашылығын өркендетуге, мал басын өсіріп, оның сапасын жақсартуға арнады.

Ол 1936 жылы 19 мамырда дүниеге келді. 1952-1956 жылдары Гурьев зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында оқып, оны бітіргеннен кейін кеңес әскері қатарында қызмет етіп, өзінің азаматтық борышын өтеді. 1958-1959 жылдары Қызылқоға ауданының «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қой совхозында ферма зоотехнигі, 1964 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп келгеннен кейін Ембі ауданы «Коммунизм таңы» кеңшарында бас зоотехник болып үш жыл жұмыс жасады. Жас маман облыстағы іргелі шаруашылықта жергілікті табиғи ресурстарды тиімді пайдалана отырып, мал басын өз төлі есебінен көбейтіп, оның сапасын арттыруға бағытталған сол кездегі озық технологияларды өндіріске батыл енгізді. Мұнда ол өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсете білді. Атқарылған осындай жұмыстардың нәтижесінде кейіннен шаруашылық қаракөл қойын өсіретін зауытқа айналды. Болашағынан мол үміт күттірген жас маманға басшылық тарапынан үлкен сенім көрсетілді.

1967 жылы Гурьев облыстық партия комитеті Сәкеңнің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін ескеріп, оны «Қарақұм» совхозының директорлығына тағайындайды. Малшы-механизатор кадрларының жетіспеуіне, материалдық-техникалық базаның әлсіздігіне қарамастан, шаруашылық аз уақыттың ішінде қалыптасып, қатарға қосылып, мемлекетке мал шаруашылығы өнімдерін өткізу жөнінде жақсы көрсеткіштерге ие болды. Ол кейін «Гурьев» қаракөл қой зауытының, «Қазақстан» совхозының бас зоотехнигі, кәсіподақ комитетінің төрағасы сияқты лауазымды жұмыстарды абыроймен атқарды.

С.Есенғожиннің елге сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, кезінде бірнеше рет аудандық, ауылдық кеңестерге депутат, аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланды, үкімет наградаларымен, халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Тумысынан көпшіл, елгезек, адамдармен тіл табысқыш, тапсырылған іске жоғары жауапкершілік сезім, өзіне де, өзгеге де талап қоя білу – оның азаматтық келбетін айқындай түсетін негізгі қасиеттері.

Сәкеңнің тағы бір қыры – жастайынан спортпен айналысып, спортсүйер жастарға үлгі көрсетіп, оның насихатшысы болды. Құлсары қаласында жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен жыл сайын ғалым-зоотехник С.Есенғожин атындағы облыстық турнир өтіп тұрады. Елу төрт  жасқа қараған шағында кенет өмірден озған ғалым-зоотехникке Шоқпартоғай селосында өзі тұрған көшеге оның атының берілуі Сайын Есенғожинді мәңгілік есте қалдыруға бағытталған ауыл, аудан басшыларының игі ісі еді.

Бүгінде Сайын ағаның артында қалған аяулы жары Роза апамыз одан өрбіген ұл-қыздар мен немерелердің, шөберелердің тамырын тереңге тартқан бәйтерегіне айналып, отағасының жаққан отын маздатып отырғанына разымыз.

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,

облыс ауыл шаруашылығы ардагерлері бастауыш ұйымының төрағасы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*