«Қазақтың офицерлері ешкімнен кем болмаған»

12 056 офицер! Бұл – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ офицерлерінің саны. Жақында «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» кітабының екінші басылымы жарық көрді. Бірінші басылымы – 10, екінші басылымы 25 томнан тұратын кітап, «Екінші дүниежүзілік соғысқа 500 қазақ офицері қатысқан» деген қасаң деректі тас-талқан етті. Жылдар бойғы ізденіспен келген үлкен еңбектің авторы Жұмабай Доспанов  соғыс тарихында зерттеуді қажет ететін тақырыптардың әлі де көп екендігін айтады.

«Қазақтың офицерлері ешкімнен кем болмаған»

– Бұрын-соңды зерттелмей келген тың тақырыпқа баруыңызға қандай жағдай себеп болды?

– 1971 жыл болатын. Бұл кезде мен 39-армия штабында әскери борышымды өтеп жүрдім. Бірде Нұрмұхан Жантөрин Моңғолия астанасы Ұлан Батырға арнайы шақыртумен киноға түсу үшін келді. Осы кезде штабтың музейімен танысудың сәті түскен болатын. Бір қызығы, музей дайындаған бұрыштарда, көрмелерде бірде-бір қазақ офицері болмады.  Жиырмаға толмаған жас жігіт болсам да, осы бір көңілсіздеу сұрақ көкейімде қалып қойды. Осындай алакөңілдікпен уақыт зулап жатты.

2005 жылдың ақпан айы болатын. Әдеттегідей телеарнадан жаңалықтар қарап отырып, бір журналист қыздың ҚР Қарулы Күштер полковнигіне қойған сұрағын естіп қалдым. Полковник мырзадан  Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ офицерлерінің нақты санын сұрады. Сол кезде ресми өкіл «Оны ешкім санаған жоқ. Шамамен айтқанда, қазақ офицерлерінің саны 500-ден кем емес» деп жауап берді.

Одан бері де талай уақыт өтті. Бірақ, соғысқа қатысқан қазақ офицерлері туралы не бір материал, не кітап шықпады. Атап өту керек, бұл кітап бір күндік жұмыстың нәтижесі емес. Дайындық жұмыстары 2010 жылдың күзінен басталды. Сөйтіп, 2015 жылы кітаптың алғашқы 10 томдығы шықты. Оған 8437 қазақ офицері енгізілді.

Мұнымен тоқтап қалуға болмайтын еді. Осылайша, өткен жылдың қыркүйегінде кітаптың екінші басылымы баспаға берілді. Оған тікелей майданда болған 12 056 қазақ офицері кірді. Бір ескерерлігі, кітапқа енген әскери шенділердің 1500-і – Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінде, яғни, елімізден тысқары аймақтарда дүниеге келген офицерлер.

Деректер негізінен қандай көздерден жинақталды?

– Зерттеу жұмыстарына кіріспес бұрын ақпарат құралдарына алдын-ала хабарландырулар бердім. Түрлі іздеу сайттарының да көмегіне жүгіндім. Соның ішінде Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің екі ресми сайтымен арада әріптестік байланыс орнатқанымды атап өткім келеді. Келісім-шартқа да отырдық. Мысалға, мен оларға Архангельск облысы бойынша офицерлер тізіміне сұрау жіберемін. Бірнеше мың адамның ішінен бір-екі қазақ табылатын жағдай болады. Міне, осындай шұқыма жұмыс алты жыл ішінде нәтиже берді.

– Зерттеу барысында белгілі болған нендей ерекше жайттарды бөліп айтар едіңіз?

– Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ұлттардың алғашқы ондығында қазақтар бар. Бірақ, аға офицерлер саны жағынан  башқұрттар мен татарлар біздің алдымызға шығып отыр. Өйткені, олар сонау патша заманынан бері әскерде қызмет еткен еді. Оның да себебі бар. Кезінде қазақ халқы Ресей құрамына өз еркімен қосылғанда, «қазақтардан әскерге адам алынбайды» деген өзара келісім болды. 1916 жылғы  маусым жарлығының  көтеріліспен аяқталуы да осыдан шыққан еді.

Тағы бір көңілге демеу қылатынымыз, Орталық Азия бойынша қазақ халқынан шыққан офицерлер саны 12 мыңнан асады.  Ал, өзбек, қырғыз, тәжік, түркімен, ұйғыр, қарақалпақтан шыққан офицерлер саны – үш мың. Міне, осы деректің өзі  біздің жауынгер халық екенімізді тағы бір мәрте паш етеді.

– Өзіңіз мысалға келтіріп отырған Орта Азия елдерінде осы тақырыпқа балама болатындай зерттеу еңбек шықты ма? Жалпы, өзге ұлттардың осы мәселеге қызығушылығы қандай деңгейде?

– 2000 жылдың басында Өзбекстан екі томдық кітап шығарды. Онда өзбектің 800 офицері туралы дерек жинақталды. Зерттеу барысында анықталғаны,  жоғарыда айтылған өзге ұлттар арасындағы үш мың офицердің ішіндегі екі мыңға жуығы – негізінен өзбек этносынан.  Сондықтан, бауырлас елдің бұл тақырыпқа қайта оралғаны дұрыс.

Ғылыми ортаның қызығушылық деңгейіне келсек, ҚР Әскери ғылым академиясынан бастап, Халық қаһармандары, зерттеуші ғалымдар тарапынан қолдау бар. Тіпті, башқұрт, татар, қарашайлар мен шуваштар өз ұлтынан шыққан офицерлер туралы кітап шығаруды сұрап, ұсыныс та тастауда. Бұл мәселелерді алдағы күннің еншісіне қалдырдым.

– Кітапты жазу барысында қандай қиындықтармен кездестіңіз? Барлығына қолды бір-ақ сілтегіңіз келген  сәттер  болды ма?

– Әрине, кітап бүгін-ертең жазыла салатын дүние емес. Ең алдымен, дерек жинап алуыңыз керек. Бұған дейін «Бекет ата: аңыз бен ақиқат» тақырыбымен алғашқы кітабым жарық көрген болатын.

Мына зерттеу еңбекті қолға аларда  «әлім келмесе қайтемін?», «біреу-міреу қалып қойып, соңы ренішке ұласпай ма?» деген ойлар болды. Тапқан деректерімді «шикізат күйінде» мемлекетке өткізіп жібергім келген сәттердің де болғанын жасырмаймын. Әйтеуір, түбі қайыр. Алты жыл дегенде бұл еңбек те жарыққа шықты. Айта кету керек, бұл көп томдықтың қаржылық жағдайының шешілуіне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тікелей қамқорлық жасады.

– Естуімізше, қазір тағы бір тың зерттеумен айналысудасыз…

– Келер жылдың 15 қаңтарында Атырау облысының құрылғанына 80 жыл толады. Бірқатар ауданның 90 жылдық датасы да осы кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай, шартты түрде айтқанда, «Атыраулық ержүрек майдангерлер» тақырыбымен еңбек жазылуда. Ол бес томдық түрінде жарық көреді. Жаңа кітапта қан майданда ерлік көрсетіп, орден, медальдарға ие болған атыраулық жауынгерлер туралы жазатын боламыз. Бір ерекшелігі, бұл кітапта майдангерлеріміз ұлтына, әскери шеніне қарап іріктелмейді. Сондықтан, барша жерлестерімді белсендірек болуға шақырамын.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*