Әжеден қалған асыл мұра немесе қазақтың киіз басу өнерін қайта жаңғырта аламыз ба?

Бала күнімде көрген қызыл жазумен анамның аты жазылған ақ текемет әлі есімде. Шешем «атаанамның бергені» деп аяқ астына тастамай, үнемі төрге төсейтін. Ауылдағы әжелер мен қызкеліншектер басып шығарған сол ақ киіз біз бой жетіп, есейсек те еш өңін бермеді. Ешқандай қоспасыз қарапайым ауыл адамдарының қолынан шыққан дүниенің қандай құдіреті бар? Кезінде әр үйдің төрінде жататын киізді қазір таба алмайтындай күйге қалай жеттік? Бізді толғандыратын да осы сауалдар

1511153081_article_b_1500_

Күзем алу маусымында ұлан-асыр думан жасап, киіз басып, сырмақ сырған қазақ халқының осы бір дәстүрі бүгінде ұмыт болғаны рас. Десек те, ұлттық  өнерді жаңғыртып, оны шалғайда жатқан шетелге насихаттап жүрген қолөнер шеберлері жоқ дей алмаймыз. Бар, бірақ бірен-саран ғана. Адамдардың басым көпшілігі киізге ескі зат деп қарайды. Тіпті кейбірі естеріне де алғысы жоқ. Өйткені, бүгінгі қазақ киіздің орнына төсеніш қылып кілемді жаяды. Арабияның әдемі, Иран мен Түркияның түкті кілемдерін сән көріп, соларды сатып алады. Қазір Қазақстанда ұлттық ою-өрнектермен безендірілген кілем тоқитын фабрикалар бар, алайда, киіз басатын әжелерді таппайсыз-ау.

«Шаң жинайды, тым ауыр, киімге қылшығы тиеді» деп киіздің кемшіліктерін ғана көретін бүгінгі қазақ оның денсаулыққа тиер пайдасын біле ме екен, сірә? Ал, киіз басу өнерін қайта жаңғыртқысы келетін кім бар?

Бұл орайда аймақтағы бірден-бір тоқыма фабрикасы «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС директоры Назгүл Есмаханова тұтынушылар тарапынан киізге деген сұраныстың жоғары екенін айтады. «Біз қой жүнінен жамылғы, жастық сынды өнімдер шығарғанымызбен, киіз жасап көрмедік. Қазірцифрлы технология заманы. Киізді қолмен басатын болсақ, қаншама уақыт пен жұмыс күші керек. Қытайда жүнді өзі түтіп, киіз жасау технологиясын бір өзі атқаратын арнайы құрылғы бар. Бағасы да аса қымбат емес. Алайда, ең басты мәселе оны игеретін маманның жоқтығы болып отыр. Бұлбүгінгі фабриканың алдында тұрған өзекті мәселе. Сондықтан, мәселенің шешімін тапсақ, киіз басу ісін биылғы жылдан қалдырмай қолға алатын боламыз», дейді ол.

Назгүлдің бұл бастамасы көңілімізге үміт сәулесін оятқандай болды. Айтуынша, құрылғыға қол жетіп, маман тапшылығы шешілген жағдайда бүгінгі қазақ қолдана алатындай киіздің заманауи түрлерін шығару ойында бар. Әттең, мұндай қыздар арамызда аз ғана. Әйтпегенде, өзіміздікі барда өзгенің дүниесі төрімізде тұрмас еді-ау…

P.S.

Біздің елде киізге қызығушылық танытатындар саны күн санап артып келеді, киіз бұйымдарына сұраныс та баршылық. Көңіл бөліне бастағанымен өкінішке қарай, оны оқсататын кәсіби білімді маман жоқ. Бұл – қолөнер туындыларының кеңінен өркендеуіне қолбайлау болып отырған бірден-бір мәселе. Халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін қолөнер шеберлерін мемлекет тарапынан қолдап, маман даярлауға көңіл бөлінсе, бәлкім, ұмыт бола бастаған ұлттық бұйымымыз қайта оралар ма еді?!

Мәлике Мәлік

Біле жүріңіз!

Киіз қой жүнінен жасалады. Ал, қой жүнінің жылу реттейтін қасиеті бар. Дәрігерлердің пікірінше, ол суық тигенде бірден-бір ем. Сондай-ақ, жүннен жасалған киімдер мен бұйымдар жараның тез жазылуына, сынықтың тез бітуіне көмектеседі, қан айналысын жақсартып, адам терісінің қартаюын тежейді деседі. Мамандар мұндай бұйымдарды, әсіресе, ревматизм, остеохондроз және радикулитпен ауыратын науқастарға ұсынатын болған.

Эльвира НҰРЛАНҚЫЗЫ, этнодизайнер:

– Киіз біріншіден, температураны бірқалыпты ұстайды. Екіншіден, жуған сайын жаңарады. Сондықтан, киізден жасалған өнімдерді бірнеше жыл тұтынуға  болады.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*