Қазақстандықтар – төртінші орында

«Атырау» спорт кешенінде  таэквондодан  өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Азия құрлығының 27 мемлекеті бақ сынаған сайыста Иран мен Корея құрамалары жоғары орындарды өзара сарапқа салды. Қазақстан қоржынына бір күміс, тоғыз қола түсті.

спорт2

Алғашқы жарыс күні Қазақстан құрамасы сапынан 48 келі салмақта Рабил Сағытжанов үшінші орынды жеңіп алды. Ал, қыздар арасында Әсел Османова 42 келіде және Жадыра Хайруллина 63 келіде қола  медальға қол жеткізді.  Айта кетейік, атыраулық Жадыра Индонезия мен Үндістан спортшыларын айқын басымдықпен жеңді. Ол – жасөспірімдер арасындағы чемпионатқа Атырау өңірінен қатысқан жалғыз өкіл. Осы салмақ дәрежесінде Иран спортшысы чемпион атанды.

Жарыстың екінші күні  қазақстандық спортшылар үшін аса сәтті бола қоймады. Бұл күні екі спортшымыз 55 келіде Рахат Әлжанов пен 52 келіде Әзиза Абдуллаева қола медальдарды  иеленді.

Доданың соңғы күні жастарымыз бір күміс және төрт қола медаль еншіледі. Нартай Оразбаев 78 келіде екінші орынды иемденді. Ол финалда Оңтүстік Кореяның спортшысына есе жіберді. 59 келіде Мақсат Қаби мен 55 келіде Айым Тоғыман, 68 келіде Фатима Жақсыбаева және Балауса Керімбекова ақтық сынға жолдама алатын бәсекелерде қарсыластарына жол берді.

Биылғы Азия чемпионатында командалық есеп бойынша Иран – бірінші, Корея – екінші, Тайланд – үшінші, Қазақстан төртінші орынды өзара бөлісті.

спорт3

Таэквондошылар аллеясы ашылды

Чемпионат аяқталғаннан кейін  оған қатысушылар қолда­рына күрек алып, қала көшелеріне тал екті.

Арман Хайрулин бастаған  экологиялық «Байтақ Болашақ» альянсы үлкен жобаны іске асыруды жөн санапты.

Осынау игі бастаманы Азиядан келген 27 елдің өкілдері қостап жіберді. Сөйтіп, «Атырау» дене-сауықтыру кешенінің алдында Азия таэквондошыларының аллеясы пайда болды. Шараға таэквондо Азия бірлестігінің президенті Ли Куи Сиюктің өзі қатысты.

«Ағаш отырғызу –  өте жақсы қолға алынған іс. Азия чемпионатында осындай керемет бастамаларды ұйымдастырушыларға ерекше алғысымды айтамын. Жастар табиғатты аялауды үйренуі керек. Бірнеше жылдан кейін спортшылар Атырау қаласына келгенде өзінің осында  отырғызған ағашын іздейді деп үміттемін», дейді Ли Сиюк.

Одан бөлек, ағаш отырғызу шарасына Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов, ҚР Таэквондо федерациясының атқарушы директоры Мақсат Ибраев және облыстық таэквондо федерациясының президенті Арман Тоғаев қатысты.

спорт

Рейтингтік турнир

Азия чемпионаты рейтингтік турнирге ұласты. Бұл жарыс та аймақта тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Айнагүл Батыр (SC Astana-batr), Айнұр Есбергенова (Қазақстан құрамасы), Ботагөз Қосмаханбет (SC Astana-batr),  Балауса Ералхан (Шымкент) қатысқан қыздар арасындағы жарыс қазақстандық спортшылардың жеңісімен аяқталды.

54 келі салмақта ирандық-   тарға тең келер ешкім болмады. Ақтық дода қос ирандық таэквондошы арасында өтті. Қызылордалық Ербол Бейсенбай осы салмақта қола жүлдегер атанды.

87 келі салмақта Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Смайл Дүйсебайға қарсылас шақ келмеді. Саян Мәулетханов қола жүлдегер атанды. Қалған бір күміс пен бір қола медальді Иран елінің спортшылары иеленді.

Жастар арасында жеті бірдей салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Батыржан Бекетов – 48 келіде, Нартай Оразбаев – 78 келіде, Әсел Османова – 44 келіде, Фатима Жақсыбаева 68 келіде чемпион атанды. Одан бөлек 45 келі салмақ дәрежесін-де Елжан Елшібай мен 42 келіде Алима Қайдарова күміс жүлде еншіледі. Ал, 11 спортшымыз қола жүлдегер атанды.

Абай АҚМҰРЗИЕВ

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*