Қазақ елінің айбынды әуені

Әнұран – мемлекеттік рәміздердің бірі ғана емес, бірегейі. Адамның рухын көтеріп, ерекше патриоттық сезімге бөлейді, жігерді жани түседі.

__аза__ ел¦н¦__

Егемен еліміздің  тарихында Мемлекеттік Әнұран екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Өткенге көз жүгіртсек, Қазақстан тәуелсіз ел болып жарияланғаннан кейін 1992 жылы Әнұран музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша, Қазақ КСР Әнұранының музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданып, алғашқы Әнұран музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты. Бұл Әнұран мемлекеттілігімізді айқындайтын әуен ретінде 14 жыл бойы шырқалды. Ал, 2006 жылы елдің дыбыстық рәмізінің танымалдылығын арттыру мақсатында жаңа Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған шығарма Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша еліміздің Парламентінде жаңа Әнұран болып бекітілді.

Бұл әннің сөзін ақын Жұмекен Нәжімеденов 1956 жылы Алматы қаласында шығарған. Ал, әнін жазған – Шәмші Қалдаяқов. Негізінен, ән Қазақстанды бөлшектеуге, республиканың алты облысын Ресейге, Өзбекстанға беру туралы шешімге қарсылық ретінде, ел бірлігін, жер тұтастығын сақтау мақсатында шығарылған. Кеңестік идеяның шарықтап тұрған кезінде ақынның «Менің  елім, менің  жерім, қазағым» деп  жігерлі жыр жазуы отаншылдық рухының мықтылығын көрсетеді.

«Менің Қазақстаным» әнін Мемлекеттік Әнұран ету туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламентке жолдаған хатында: «Еліміздің қай түкпіріне барсам да кәрі де, жас та мәртебесі болмаса да, аса көрнекті композиторымыз Шәмші Қалдаяқовтың ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным әнін» Әнұран есебінде шырқағандарының талай куәсі болдым. Біріншіден, Әнұранда ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Екіншіден, мәтінде ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз – жеріміздің кең-байтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, біздің тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – ел бірлігі баса көрсетілуі керек. Осы уақытқа дейін бейресми Әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін» деп жазған еді. Сөйтіп, «Қазақ вальсінің королі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов шығармасының мәтініне Елбасы  өзгерістер енгізіп, мемлекетіміздің ресми Әнұраны болып бекітілуіне үлкен еңбек сіңірді.

«Менің Қазақстаным» қазақ ұлтының жүрек тебіренісін сомдаған шынайы туынды екенін уақыт дәлелдеп отыр. Жаңа Әнұран кезекті сайлаудағы жеңісінен кейін Елбасының Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісуіне орай өткен салтанатты шарада алғаш рет орындалды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Әнұранының тұсаукесеріне дүние жүзінің 70 елінен келген мәртебелі қонақтар куә болды.

 

Сіз не дейсіз?

Амангелді АЙТАЛЫ,

мемлекет және қоғам қайраткері:

Рәміздер тарихы оқытылуы тиіс

– Мемлекеттік рәміздерге әдейі бір күнді арнағанымызбен, ол туралы бар әңгіме тек сол күні айтылып, кейін оның бәрі тарс ұмытылмауы керек. Біз әлі күнге дейін рәміздерімізді ұрпақ, бұқара санасына жалықтырмай тиімді жеткізудің жолын таба алмай отырмыз. Екіншіден, рәміздерді құрметтетеміз деп жүріп, кейде оның қадірін түсіріп алатын жайымыз бар.

Өз басым мектептегі Қазақстан тарихы пәніне мемлекеттік рәміздер жөнінде арнайы тарау енгізуді дұрыс деп есептеймін. Өйткені, әр рәміздің астарында үлкен тарих, зор мағына жатыр. «Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихын көбі біле бермейді. Кезінде Хрущев Қазақстанның солтүстік, атап айтқанда, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай өңірлерін Ресейге қосу туралы ұсыныс айтып, халықты дүрліктіріп қойған уақытта қазақтар қатты сілкінді. Сол кезде Жұмекен мен Шәмші – біреуі сөзін, екіншісі әнін шығарып, «Менің Қазақстанымды» радио арқылы таратты. Осылайша, қазақ даласынан шыққан ән Мәскеуге жердің иесі де, киесі де қазақ екендігін жеткізді. Міне, осындай жағдайларды ұрпақ санасына сіңіре беруіміз қажет.

 

Бекболат ТІЛЕУХАН,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Халқымыздың рухани қазынасы

– Әнұранды тыңдағанда құйқаң шымырлап, бойыңды рух кернеуі шарт. Ол айтылғанда егілуің керек, еңселенуің шарт, шаттанған жөн. Жеңіс тұғырында түлеген қыранның, етігімен су кешкен ұланның аузына түсе кетуі керек. Толқыған топтың, шаттанған көптің көкейіне орала кеткіш жатық болуы шарт. Осы талабымызға лайық қандай ән бар десек, сөз жоқ, бұл – «Менің Қазақстаным» туындысы.

Ол — әуені мен өлеңі бір мүддеге қызмет етіп тұрған еліміздің жаңа музыкалық-поэтикалық эмблемасы. Ертеңіне үкілі үмітпен қарап, болашаққа батыл сеніммен қадам басқан барша қазақстандықтардың қадірлеп, қастерлейтін рухани қазынасы.

Айгүл Ертілеу

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*