Қазақ қайда да – қазақ!

Бұдан ширек ғасыр бұрын, дәлірек айтқанда, 1992 жылдың 29 қыркүйегінде әлемнің әр шалғайында өмір сүріп жатқан қазақтар  Алматыда бас қосып, алғашқы құрылтайын өткізген еді. Осы құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның төралқа төрағалығына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан  Назарбаев сайланған болатын. Одан бері төрткүл дүниеге тарыдай шашыраса да, атамекенін аңсап жүретін қандастарымыздың басын қосқан үш форум өтті.

c992443d20e689f012406abaa121a2a6

Бүгін Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы басталады.  Оған шартараптағы 39 елден атажұртына келген қандастарымыз қатысуда. Қазақ қайда жүрсе де – қазақ! Тәуелсіздік алған тұста ұлт болып ұйысуға ұмтылған олардың алдында қандай міндеттер тұрды?  Не атқарылды?

Әлемдегі әр халықтың өзінше тағдыры бар. Соның бірі қазақ болса, ол да өз басынан талай қиын шақты өткерді. Соңғы бес ғасырдың өзінде Еділден Алтай асып, одан Сарыарқа, Сыр бойы, Үстірт пен Үйшікке жетіп, қонысын сайлады, төрт түлігін өсірді. Бірақ, сыртқы жаудың тепкісі, империяның отарлау саясаты бір жерде мәңгі баяндап отырып қалуға мүмкіндік бермеді. Кейде күнкөріс, өмір сүру дағдысына орай қоныс аударып, өзге елдің де дәмін татуға тура келді. Болмаса, өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қоғамдағы өзгеріс байырғы қазақ халқының дәстүрлі тұрмысына өзге түр, жаңа сипат әкелді. Алғашында оны қабылдамаған адамдар бас бағып, өзге елдерге қоныс аударды, тыныш өмір іздеді. Міне, осындай және басқа себептермен бұл күнде бес миллионға жуық қазақ әлемнің әр шалғайында қоныс теуіп, өмір сүріп жатыр. Ал, жалпы алғанда жер шарының 46 елінде қазақтар ұйымы жұмыс істейді. Соның бір алуаны Қазақстанмен  шекаралас жатқан ежелгі көршіміз – Ресей жерінде.

Ресей – Қазақстанның мыңжылдықтар бойына төрде басы қосылып, төскейде малы араласқан тату-тәтті көршіміз. Соның ішінде Атыраумен ежелден іскерлік, әріптестік байланысы орныққан Астрахан облысының орны зор. Аталған өңір – қазақтардың сан ғасырлық тарихы бар ежелгі атақонысы. Соңғы жылдардағы есептерге қарағанда, бұл өңірде 200 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Олар облыстың Красный Яр, Володар, Камызяк, Икрянный, Харабали аудандарында орналасқан. Бұрындары олар негізінен балық, егін, мал шаруашылығы, құрылыс салаларында еңбек етсе, қазір халық шаруашылығының барлық буынында өз нәсібін тауып жүр.

1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы әлемнің әр шалғайында жүрген өз қандастарының жағдайын біліп, олардың тарихи Отанымен ұдайы хабарласып, араласып отыруына күш салады. Сондай-ақ, қандастарымыздың ежелгі салт-дәстүрі, мәдениеті мен тілін сақтауына көмектеседі. Міне, осындай мақсатта 2004 жылдан бері жұмыс істеп жатқан аталған қауымдастықтың Атырау облыстық филиалы Астрахан облысы мен Қалмақ қырындағы қазақтар арасында болып, олардың қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігімен танысып отырады. Бір қуанарлығы, Астраханда соңғы отыз жылға жуық уақыттан бері қазақ мәдениеті мен тілін қолдайтын «Жолдастық» қоғамы бар. Аталған қоғамның әр ауданда филиалдары жұмыс істейді. Олар аймақтағы мектептерде қазақ тілінің жеке пән, факультативтік сабақ ретінде жүруіне, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін үйірмелердің ұйымдастырылуы мен мәдени-көпшілік шаралардың өткізілуіне ұйытқы болуда. Ал, Камызяк аудандық филиалы жанындағы «Ажар» вокальдік ансамблі – өңірдегі ең танымал өнер ұжымы. Ресей Федерациясындағы, шет елдердегі өнер додаларынан жүлделі орындарды иеленді. Алтынжардағы Құрманғазы атындағы мәдениет орталығының домбыра оркестрі де  өзінің игі  қадамымен жерлестерін қуантып жүр. Олар Атырау қаласында өткен мың адамдық оркестр фестиваліне де қатысты.

Облыста жылма-жыл Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтіледі. Биыл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Атырау облыстық филиалы және Құрманғазы аудандық әкімдігінің шақыруымен Астрахан облысы мен Қалмақ Республикасындағы қазақтардың бір тобы Ганюшкиндегі Наурыз тойына қатысып, тарихи Отанындағы жаңғырған ұлттық мереке нақыштарын қызықтады. Астрахандық қазақтар жыл сайын қыркүйек айының алғашқы жартысында «Жолдастой» деп аталатын халықтық мереке өткізеді. Онда қарияларды дәріптеу, еңбекте жетістігімен еленген жерлестерін мадақтау шаралары өтеді. Шара соңы ұлттық салт-дәстүрдегі көрме мен  өнер сайысына, спорттық ойындарға ұласады. Оған қазақстандық өнер жұлдыздары ұдайы қатысады. Соңғы екі жылда Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әнші-күйшілері өнер көрсетсе, биылғы мерекеге Құрманғазы ауданының көркем өнерпаздары қатысады.

Астрахан қаласында «Жолдастық» қоғамының үш бөлімшесі бар. Онда қазақтардың бас қосып, газет-журналдар оқуына, «Отау ТВ» жүйесі арқылы телехабарлар көріп, тарихи Отанының тыныс-тіршілігімен танысуына, аудиотаспалар тыңдауына  мүмкіндік бар.  Дастархан басында қариялар  әңгіме-дүкен құрып, жастарға ақыл-кеңестерін береді. Мұндай оңды жұмыстар Камызяк аудандық филиалында жақсы жолға қойылған. Жылма-жыл мұнда өңірдің дамуына үлесін қосқан қариялар мен еңбек адамдары арнайы автокөлікпен Қара теңіз жағасы мен Қап тауына қыдырыстап, сапарға шығады. Биыл бұл ауданда «Жолдастық» қоғамы филиалының жеке ғимараты бой көтермек. Мұның өзі қазақтар арасындағы жұмысты бұрынғыдан да жандандыра түсетіні сөзсіз.

Үстіміздегі жылы қауым-дастық өкілдері Астрахан облысының Камызяк, Харабали аудандарында, Қалмақ Республикасының Элиста қаласы мен Яшкүл ауданында болып, жергілікті қазақтармен кездесті. Әрине, нарықтық қатынастар осындағы жергілікті тұрғындарға да оңай тиген жоқ. Бұрынғы мал, егін, балық шаруашылығы, құрылыс, мұнай-газ саласындағы кәсіби құрылымдардың меншік иелері өзгерді. Бұл адамдарға да өз әсерін тигізді. Жаңа жерге орналасу, мамандық түрін өзгерту қиынға соқты. Бірақ, уақыт талабына сай икемделуге тура келді. Өйткені, ондаған жыл, тіпті ғасырлап қоныстанып, тамыр жайған мекендерінен көшіп кету қиын. Жаңа жерде де осындай тұрмыс, еңбек түрі бар. Осыған біздің қандастарымыз  да икемделуде. Ауылдық жердегілер жеке қожалықтар құрып, шағын және орта бизнеске бет бұрды. Осылайша, өмір көшіне ілесіп, тіршілік отын маздатуда.

Харабали ауданында бір-біріне қанаттас жатқан екі елді мекен бар. Оның бірі Ахтуба деп аталса, екіншісі – Хошеутово атында. Бір кездері Хошеутовода негізінен қалмақтар мекендесе, Ахтубада орыстар тұрған. Бірақ, өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан бері аталған мекендерге қазақтар да көптеп қоныстанып, бұл күнде олардың әрбірінде екі мыңға жуық тұрғын бар.  Қазір солардың  95-98 пайызын өз қандастарымыз құрайды. Хошеутово селосындағы орта мектеп бұрынғы Бөкей Ордасына еңбегі сіңген ағартушы, айтулы қайраткер Мақаш Бекмұханбетовтың (1830-1904) атымен аталады. Бұл 2000 жылы Мақаш әкімнің туғанына 170 жыл толуына орай қауымдастық филиалының бастамасымен жүзеге асты. Жалпы білім беретін орта мектепте 280 бала оқыса, оның 274-і қазақ балалары болып отыр. Аптасына әр сыныпта үш рет қазақ тілі жеке пән ретінде өткізіледі. Біз оларға жылма-жыл қазақша газет-журнал, әдеби кітаптар, қазақ әндері мен күйлері жазылған аудио-бейне таспалар үлестіреміз. Қазақ балаларымен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдаймыз. Атырауда өтіп жатқан мәдени шараларға шақырамыз.

Қалмақ Республикасында 5,5 мың, ал, Саратов облысында 80 мың қазақ тұрады. Бұл өңірлердегі  қандастарымыздың бүгінгі тұрмысымен, қызмет түрлерімен таныстық. Олар да бес-он жыл емес, 60-100 жылдай  тұрып жатқан жерлерінен қозғалғысы келмейді. Оның үстіне, сол жерде әкесі мен анасы, тіпті аталары мен әжелері жерленген. Жалаулы  жастығын, қызулы шақтарын өткізді. Өткен жылдар тек өмірі емес, тұрмысына, тілі мен  ұлттық дәстүріне де әсер етті. Бірақ, осында тұрып жатқан қандастарымыздың жүректері таза, қандарында «қазақпыз» деген ұлы ұғым бар. Өздерін Ұлы даланың ұрпағымыз, жусан исін ұмытпайтын ұланымыз деп есептейді.

Биыл да Саратов облысындағы қазақтар Наурыз тойын облыстық деңгейде атап өтті. Оған Ресейдегі Волгоград пен Самарадан, біздің елдің Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарынан көптеген қонақтар шақырылды. Шара Қазақстанмен шекаралас Ершово қаласында ұйымдастырылды. Мұнда 16 мың (бұл – жалпы тұрғынның 9 пайызы) қазақ тұрады. Облыстағы 18 ауданның 12-сі киіз үй тігіп, Ұлыстың Ұлы күнін тойлады. Ошақтарында от маздап, қазандарында қыстан қалған сүр қайнады. Бауырсақ пісіріліп, Наурыз көже үлестірілді. Қариялар шапанын киіп, әжелер кимешек пен жаулығын тағынды. Қазақтың әні айтылып, күйі күмбірледі. Арқан тартылып, асық ойналды. Бір қызығы, былайғы кезде бұлшық еттері бұлтыңдап, кір тасын көтеретін қарулы жігіттер бұл жолы 57 килограмдық тірі қошқарды (жігіттің өзі 63 килограмм) отыз рет көтеріп, қайратын көрсетті. Осы ауданның 19 жасар аруы А.Құсайынова «Наурыз аруы» халықаралық байқауында бас жүлдені иеленді.

Иә, олар – тағдыр талайымен шет жерде жүрген қазақтар. Ал, ауылдағы, Атыраудағы қазақтар болса, Тәуелсіз Қазақстанның келешегі, Мәңгілік елдің мазмұнын арттыру, әлемдегі ең озық отыз  елдің қатарына ену үшін жұмыстана  берері даусыз.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Атырау облыстық филиалының басшысы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*