АЗҒЫРЛЫҚТАР НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?

– Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі тарапынан 2012-2014 жылдар аралығында «Аумақтың экологиялық мәртебесін анықтау мақсатында «Капустин Яр» және «Азғыр» полигондары аймағы және оған іргелес елді мекендерінің қоршаған ортасын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын, тұрғындар денсаулығын, радиологиялық жай-күйін және радиациялық мөлшерін кешенді бағалау» жұмыстары атқарылғаны белгілі. Бүгін, міне, атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша қоғамдық тыңдауға жиналып отырмыз, – дей келе аудан әкімі қоғамдық тыңдауға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Қазақстан Республикасы Энергетика, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ұлттық экономика, Инвестициялық даму және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің жауапты қызметкерлері, «Экосервис-С» ЖШС және «Ядролық физика институты» РМК-ның қызметкерлері, облыстық басқармалар басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округтер әкімдері мен Азғыр өңірінің тұрғындары қатысып отырғанын айтты.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі экологиялық мониторинг және ақпарат департаментінің директоры Сәуле Ташкенбаева өз сөзінде кешенді зерттеу жұмыстары үш  бағытта жүргізілгенін, яғни «Азғыр» полигонының қоршаған ортаға және тұрғындар денсаулығына тигізер радиологиялық әсерлері зерттелгені жөнінде айтты.

Сондай-ақ, бірінші бағыт бойынша жұмысты «Экосервис-С» ЖШС жүргізгенін, екіншісімен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Жұмыс гигиенасы және кәсіптік аурулар» ұлттық орталығы айналысқанын, ал, үшінші бағыт бойынша «Ядролық физика институты» РМК-ның қызметкерлері зерттегенінен де хабардар етті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Азғыр полигонына қатысты көлемді жұмыстары туралы жалпы ақпаратты жұртшылық назарына ұсынды.

– Кеңес Одағы кезінде Азғырдың 300 гектар аумағындағы жер астының тұзды қабатын ядролық сынақ жарылыстарын жүргізуге пайдаланған. 1966-1979 жылдар аралығында 17 жарылыс  өткізілді. Олардың ең тайызы 161 метрде, ал ең тереңі 1491 метрде өткізілген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 18 қарашадағы «Ресей Федералды ядролық орталығы оңтүстік сейсмикалық экспедициясының Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы «Галит» объектісі орналасқан аумақта жер пайдалану құқығын тоқтату туралы» №1176 Қаулысы қабылданды.

Мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде Азғырдың осыған қатысты мәселесімен 2008 жылдың қараша айынан бастап жұмыстанып келемін. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің атына екі депутаттық сұрау, екі  рет хат жолдап, бір рет Үкімет Басшысының жеке қабылдауында болдым. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорына екі депутаттық сұрау жолдап, тексеру ұйымдастырылды.

Осы уақыт ішінде онға жуық  Азғыр өңірінің елді мекенінде іссапарда болып, тұрғындармен кездесу өткіздім. Нәтижесінде, 10 жыл шешілмей келген Қоянды топтық су құбыры электр желісіне қосылып, халық үшін су бағасы арзандады.

Облыс әкіміне жазған хаттар мен ұсыныстарымның негізінде Азғыр өңірінің мүгедектеріне қосымша ай сайын жергілікті бюджеттен әлеуметтік көмек төленетін болды. Аудан орталығы мен Азғыр жерінің арасындағы автокөлік жолының ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлу туралы ұсынысым қолдау тапты.  2011 жылдан бастап, жыл сайын 20 млн. теңге бөлінуде. Осы мақсатқа 2011 жылдан бері, 2015 жылды қоса алғанда 100 млн теңге қарастырылып, жұмсалған. Бұл жұмыстарды «Құрманғазы жолдары» ЖШС  жүргізіп келеді. Азғырдағы радиоактивті емес «Ява» қондырғысы Қазақстан меншігіне қайтарылды.

Азғыр полигонының қоршаған ортаға әсерін зерттеу жөніндегі 2010 жылы құрылған комиссия өз жұмысын 2015 жылдың тамыз айында қорытындылауы тиіс. Оның нәтижесі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне жолданатын болады, – деді Сәрсенбай Еңсегенов.

Азғырдағы халықтың денсаулығын және экологиялық ахуалын кешенді зерттеудің нәтижелерін баяндау үшін «Экосервис-С» ЖШС-нің бөлім басшысы Ерлан Сәдуақасов мінбеге көтерілді.

– Жерасты сулары Азғыр полигонының аумағында зерттелді, себебі бұл жерде жерасты ядролық жарылыстар жүргізілген, ұңғымалар орналасқан. Зерттеулердің нәтижелері бойынша, жерасты суларының ластануы байқалған жоқ. Сондықтан, жерүсті және жерасты суларының экологиялық жағдайларын қанағаттанарлық деп есептеуге болады, – деді ол.

Зерттелген жұмыстар бойынша жиналған жұртшылық көкейіндегі сұрақтарын қойды. Аудандық мәслихат депутаты, «Азғыр-Нарын» қозғалысының үйлестіру кеңесінің мүшесі Мансұр Қуанышәлиев Азғыр сынақ алаңдарындағы жер астының тұз қуыстары суға толып кеткені белгілі, яғни ол «ластанбаған» дегенге өзінің күмәнді екенін айтты. Сондай-ақ, бұлардың жерүсті суларымен байланысы жөнінде сұрады. Өйткені, ол қосылған жағдайда басқа көлдерге де қауіп төнуі мүмкін  деген ойын білдірді.

 Бұл сұрақтарға кешенді экологиялық зерттеу орталығы бастығының орынбасары Анатолий Полешко жауап берді. Ғалымдар жерасты суларының қоршаған ортаға ешқандай қауіптілігі жоқ екенін мәлімдеді. Қоғамдық тыңдаудың төрағасы Рифхат Сұлтанияевтың топырақтың жай-күйі туралы сұрағына баяндамашы оның гаммафоны өлшенгендігін, халық тұратын аймақта радиациялық қауіптілік жоқ екендігін қаперге берді.

Ірі-ірі мәселелер қызу талқыға түскен қоғамдық тыңдауда азғырлықтар атынан өз жерінің шынайы жанашыры М.Қуанышәлиев күрмеулі мәселелер жөнінде бірнеше проблемалық сұрақтар қойды.

Аудан әкімі А.Барақатов азғырлықтарға ағымдағы жылы үкіметтен 18 млн. теңге қаражат бөлініп, қыр өңірінің 7 елді мекеніне таза ауыз су келетіні жөнінде жағымды жаңалығымен бөлісті. Одан кейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген өкіл Кемелхан Әбілеков мінберге көтеріліп, Азғыр елді мекенінің негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып табылатындықтан, оларға қатысты министрліктен бөлінетін жеңілдіктерге тоқталды.

Пікір айтушыларға да кезек беріліп, аудандық мәслихат депутаты М.Қуанышәлиев, аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Т.Дәрелов, аудандық қоршаған ортаны қорғау бөлімінің меңгерушісі болған бүгінгі зейнеткер Ю.В. Лялин өз ойларын жеткізіп,  Азғырдың  экологиялық мәселесін батыл көтеріп келе жатқан сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің еңбегін жоғары бағалап, әрі қарай қызметіне тың табыстар тіледі.

Қоғамдық тыңдауды оның төрағасы Р.Сұлтанияев қорытындылап, министрліктер мен жобалаушы ұйымдар өкілдерге алғысын айтып, бүгінгі сөз болған маңызы зор мәселелердің шешімдерінің табылуына шынайы ықыластық танытты.

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, газ келіп, су тазарса, электр жарығы орнатылса, жол жөнделсе, шекарадағы халық басқа жерге қоныс аудармайтыны белгілі.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*