Аз қамтылғандарға – әлеуметтік көмек

Атап айтқанда, биылғы тоғыз айда аймақтағы табысы кедейлік шегінен төмен 497 отбасындағы 2450 азаматқа барлығы 57 млн. теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек берілді. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен 4724 отбасындағы 14052 балаға он сегіз жасқа дейінгі балаларға арналған 199 млн. теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалды. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың коммуналдық қызметтерді тұтынуға жұмсалатын шығындарын өтеу мақсатында жыл басынан бері  776 отбасына 18,3 млн. теңге көлемінде тұрғын үй көмегі төленді.

%d0%b0%d0%b7-%d2%9b%d0%b0%d0%bc%d1%82%d1%8b%d0%bb%d2%93%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d1%80%d2%93%d0%b0-%d3%99%d0%bb%d0%b5%d1%83%d0%bc%d0%b5%d1%82%d1%82%d1%96%d0%ba-%d0%ba%d3%a9%d0%bc%d0%b5%d0%ba

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету арқылы оларға кедергісіз келешек қалыптастырып, қоғам өміріне белсене араласуына ықпал ету  үшін жасалып жатқан жұмыстар аясында «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 шілдедегі № 343 Заңына сәйкес психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қорытындысы және оқытудың жеке жоспары негізінде үйде оқытылатын 350 мүгедек балаға жергілікті бюджеттен 9 млн. теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетілді.

Ал, 2005 жылғы 8 шілдедегі «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария салалары мамандарына отын сатып алу үшін әрқайсысына бес мың теңгеден көмек көрсетілуде. Үстіміздегі жылдың басынан бері  аталған санаттағы 5213 азаматқа жергілікті бюджет қаржысы есебінен 26 млн. теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік жәрдем берілді.

Ұлы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу қарсаңында 58 соғыс ардагеріне 100 мың теңгеден, жалпы сомасы 5,8 млн. теңге және тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған азаматтарға, қоршаудағы Ленинградта, фашистік концлагерьлерде зардап шеккендер, майдангерлердің жесірлері және ортақ жеңіске өз үлестерін қосқан басқа да санаттағы 167 адамға бес мың теңгеден, жалпы сомасы 835 мың теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.         

Соғыс ардагерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарын өтеуге Ұлы Отан соғысының 61 ардагеріне, майданнан оралмаған бес жауынгер жесіріне, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан 460 адамға және Ауғанстанда қаза болған екі әскери қызметшінің отбасына жергілікті бюджеттен әр айда  15 мың теңге берілді.  Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы қажырлы еңбек еткен 160 азаматқа айына 10 мың теңге мөлшерінде, жалпы сомасы 81 млн. теңге өтемақы төленді.

Сондай-ақ, мерекелік және атаулы күндерге Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан 459 адамға барлығы екі миллион, Чернобыль атом электр стансасындағы апат зардаптарын жоюға ат салысқан 221 адамға тұтас алғанда 22 млн. теңге, 6547 мүгедек адамға жалпы сомасы 33 млн. теңге біржолғы әлеуметтік көмек  көрсетілді. Ал, орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен, аз қамтылған 1770 отбасына барлығы 1 млрд. 510 млн. теңге біржолғы әлеуметтік жәрдем берілді.

Елбасы «Мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру – тұрақты даму шарттарының бірі» деп атап айтқан болатын. Әлеуметтік жауапкершілік принциптері негізінде аз қамтылған, қоғам тарапынан қолдауға мұқтаж азаматтарға кәсіпкерлік субъектілері тарапынан көрсетіліп жатқан көмек – қоғамымыздың біртұтас дамуының  кепілі. Сондықтан аз қамтылған азаматтарға өз тарапынан мүмкіндігінше қолдау жасауға жергілікті бизнес өкілдері де белсене атсалысуда. Атап айтқанда, биылғы тоғыз айда облыс кәсіпкерлері 103 сауда нүктелері арқылы 1886 адамнан тұратын 461 аз қамтылған отбасын арзандатылған бағамен 3 млн. 871 мың теңгенің азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыстық әкімдік пен коммуналдық қызметтер көрсететін «Атырауэнергосату» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Атырау жылу электр орталығы» акционерлік қоғамы, «Атырау су арнасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны, «Атыраугазинвест» мекемесі сияқты жергілікті монополист кәсіпорындар арасында жасалған «Атырау облысының аз қамтылған азаматтарына жеңілдетілген тарифпен коммуналдық қызметтер көрсету туралы» меморандумдар негізінде облысымыздағы аз қамтылған отбасыларына 40 пайыз мөлшеріндегі жеңілдіктермен коммуналдық қызметтер көрсетілуде. Аталған кәсіпорындар облысымыздағы 829 аз қамтылған отбасына жалпы сомасы төрт миллион теңге мөлшеріндегі жеңілдіктермен коммуналдық қызметтер көрсетті.

«Матен Петролеум» АҚ-ы, «Рина Сервисез Эс-пи-эй» мекемесі, «Хиллсон Дивижн ЛТД» ЖШС-і, «Си Эйч Си Глобал Оперейшнс Инт. ЮЛСи» компаниясының филиалы, «Энефком Механик Системлер Мюхендеслик Иншаат», «Стамгазстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілік қолдауының арқасында аз қамтылған  37  отбасы «Отау ТВ» телевизиялық абоненттік жалғамаларымен қамтылып, республикалық телеарналар топтамасы арқылы таралатын ақпаратпен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Әлеуметтік көмекпен қатар мемлекетіміз қиын жағдайға тап болған отбасыларын кедейлік жағдайдан алып шығу тетіктерін де ұсынып отыр. Олардың бірі – қазіргі уақытта республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы. Үстіміздегі жылы мемлекеттік атаулы көмек және балалар жәрдемақысын алушы 207 адам аталған бағдарламаға қатыстырылды. Аз қамтылған азаматтарды жұмыспен қамтуды облыс әкімдігі басты назарда ұстап отыр. Осы бағытта ұйымдастырылған шаралардың нәтижесінде  410 адам тұрақты қызметке орналастырылды. Сонымен бірге, 748 адам ақылы қоғамдық және 27 маман әлеуметтік жұмыстарға тартылып, 88 кісі кәсіби курстарға жіберілді.

Елбасының өткен жылдың 30 қарашасындағы Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік қолдауды тек қана мұқтаж азаматтарға көрсетуге негізделген жаңа саясат жасақтау туралы тапсырма берілген болатын. Оны енгізудің басты мақсаты – әлеуметтік көмекті тек қана мұқтаж адамдарға көрсете отырып, аз қамтылған еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту, жеке шаруашылығын дамытуға жәрдемдесу арқылы олардың табыс көздерін молайтып, қиын жағдайдан шығуына ықпал ету.

Бұл мақсат «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарының 84-ші қадамында әлеуметтік көмекті оның атаулылығын күшейте отырып оңтайландыру мәселесі ретінде көрініс тапқан еді. Оңтайландыру әлеуметтік көмекті тек қана мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж азаматтарға ғана көрсетуді көздейді.

Әлеуметтік көмектің жаңа түрін енгізудің басты мақсаты –  әртүрлі себептермен қоғам өмірінен шеттеп қалған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу шараларына тартып, олардың қоғам өміріне белсене араласуына жәрдемдесу және қоғамда  масылдық пиғылдың кең таралуына тосқауыл қою. Жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларындағы еңбекке қабілетті азаматтарға шарт қоя отырып, ал, оған мүмкіндігі жоқ адамдарға шартсыз түрде берілетін болады.

Халықтың әлеуметтік әлжуаз санаттарының қалыптасқан қиын жағдайдан шығуына ықпал етуге бағытталған реформаны енгізуге даярлық барысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен «Өрлеу» шартты ақшалай көмек жобасы үстіміздегі жылы облыстың барлық өңірлерінде пилоттық режімде енгізіліп, оған 846 адамнан тұратын 141 отбасы тартылды. Сөйтіп, еңбекке қабілетті 89 адам тұрақты қызметке, бір кісі әлеуметтік жұмыс орнына орналастырылды. Тағы бір маман жастар тәжірибесіне және 13 адам кәсіби оқуға жіберілсе, 65 жұмыссыз ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.

Әлеуметтік келісім шарт жасалғанға дейін жобаға қатысушылардың жан басына шаққандағы орташа табысы 5817 теңге болған болса, үстіміздегі жылдың 1 қазанына ол 15909 теңгеге жетті. Жобаға қатысу нәтижесінде шартты ақшалай көмек алушылардың табыс өсімі 10092 теңгені құрап отыр. Бұл – жаңа әлеуметтік саясаттың аз қамтылған азаматтардың табысын молайтып, қалыптасқан қиын жағдайдан шығуына ықпал ететін тиімді қолдау құралы екеніне дәлел. «Өрлеу» шартты ақшалай көмек жобасын жүзеге асыру  алдымыздағы жылы да жалғасады.

Көңілқос ОРЫСБАЕВ,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік

бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*