Қайтарымсыз қаржы – инновациялық жобаларға!

Мемлекет тарапынан бизнес бастаушыларға қолдау жасалуда. Алдын ала газетімізде хабарланғандай, редакция ұйымдастырған «қауырт желіде» оқырман тарапынан түскен сауалдарға облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов жауап берді.

????????????????????????????????????

Телефон арқылы қойылған сауалдар

Мөлдір Жарасова, Атырау қаласының тұрғыны:

Мемлекеттен бөлінетін 18-40 миллион теңге несиеге мұқтаж кәсіпкерлер көп. Атырауда осындай сомада несие алған адам бар ма? Болмаса, оған не себеп?

– Атырау қаласында кәсіпкерлер «Бастау-бизнес» бағдарламасы арқылы 19 млн. теңге қаражатқа ие бола алады. Ал, ауылдық жерде – 4 млн. теңге, біріккен кооперативтер үшін 10-12 млн. теңгеге дейін алты пайызбен беріледі. Тек кепілдеме болса жеткілікті. Бұл бағытта палата мамандары оларды арнайы оқытады.

Ал, қаржыландырумен «Даму», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорлары мен «Агрокредит» корпорациясы айналысады. Соңғы екі жылда сіз айтып отырған максималды сомаға әзірге тапсырыс беріле қойған жоқ. Бұл ретте, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы бөлінетін қаржыда шектеу жоқ екендігін қаперге бергім келеді.

Замира Құмарова, кітапханашы:

– Мемлекеттік мекемелерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке (МЖӘ) өткізу қалай шешілуде?

– Биыл МЖӘ жобаларын жүзеге асыру заңдылығына өзгерістер енгізілді. Оларды жоспарлау үрдісі едәуір жеңілдеді. Мәселен, жоба тұжырымдамасын жасақтау міндеті алынып тасталды. Оның орнына бизнес-жоспар белгіленді. Екіншіден, келісім-шарт сараптамасы да қажет емес. Сондай-ақ, аталған әріптестік аясындағы жобаларға мониторинг жүргізу мақсатында республикалық кеңес құрылды. Оның құрамына депутаттар, бизнес-қауымдастық өкілдері, сарапшылар, уәкілетті мемлекеттік органдар кіреді. Мақсат – ортақ жұмыс нәтижесін бұқараландыру, ұсыныс-тілектерге жауап беру, ең озық тәжірибелерді жинақтау.

Ел Премьер-министрінің тапсырмасымен бағдарламалық МЖӘ-тің жаңа моделі жасақталды. Оның өз талабы бар. Айталық, барлық өңірдегі жобалардың құны 4,5 млрд. теңгеден аспауы тиіс. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, мәдениет пен спорт бағытындағы жобалар қатыса алады.

Сол сияқты, кез келген жобаны іске асырар алдында негізгі мемлекеттік органдардың қызығушылығы мен сұранысы ескеріледі. Осылайша, мемлекет меншігі жекешелендіріледі немесе сенімді басқаруға беріледі. Ал, екі не одан да көп инвестор табылған жағдайда, қазынаға неғұрлым аз салмақ түсіретіндей нұсқасы таңдалады. Бір артықшылығы, жобаны жоспарлау кезеңінде қаржы бөлу көзделеді. Екіншіден, келісім-шарт жасау үрдістері жеңілдеді.

МЖӘ шеңберінде мемлекеттік қолдаудың барлық түрі қарастырылған. Атап айтқанда, инвестициялық, операциялық шығындардың өтемақысы төленеді. Тапсырыстар ұзақ мерзімге рәсімделеді. Жарамдылыққа сай кепіл беріледі.

Марат Шайхиев, медицина саласының ардагері:

– Атырауда туризмге сұранып тұрған жер көп. Жағалауға инфрақұрылым жүйесін жүргізіп, жаңа демалыс орындарын ашу мәселесіне қатысты не айта аласыз? Жалпы, туризмді кәсіп көзіне айналдыруға не кедергі?

– Туризм – өңір экономикасының ең маңызды бөлігі. Оны дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл бағытта жасалып жатқан алғашқы қадамдар да жоқ емес. Мәселен, мәдени-танымдық туризмді дамытуға күш салынып жатыр. Туған өлкенің тылсым табиғатын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаһанға жариялауға алғышарттар жасалуда.

Мұнайлы мекенде аң-құс пен балық аулау, этнографиялық, экологиялық және емдеу-сауықтыру туризмдерін дамытуға болады. Қазір өңір тұрғындары мен қонақтары үшін Жайықтың жағасынан «Мекен», «Алтын сазан», «Баклани», «Сарайшық» секілді демалыс базалары ашылды. Онда «жіптер бағы», «скалодром», атпен және түйемен серуендеу және басқа да көптеген қызмет түрлері көрсетіледі.

Атырау қаласының өзінде арнайы шолу экскурсияларының бағдарламалары жасақталған. Соның аясында Жайық өзенінің бойымен туристік су маршруты іске қосылған. Сөйтіп, үш жылдан бері серуендеу-экскурсиялық теплоходы қолжетімді бағамен қызмет көрсетіп келеді. Ал, ішкі туризмді дамытумен аймақта «Планета KZ» туристік мекемесі айналысады. Арнайы турпакетке тапсырыс бере отырып, орталық көшелермен жаяу қыдыруға, Құрманғазы ауданында өсетін лотос гүлдерін тамашалауға, «Жайық-Каспий» табиғи қорығы мен басқа да көрікті жерлерді тамашалауға мүмкіндік бар.

Аймақта тарихи-мәдени маңызы зор туристік нысандар өте көп. Оның жетеуі «Қазақстанның Сакралды картасы» жобасына енген. Жыл сайын еліміздің өзге өңірлері мен алыс-жақын шетелдерден келетін демалушылар қатары өсіп отыр. Алайда, киелі жерлерге апаратын жолдардың сапасы сын көтермейді. Көп жерлерде жол атымен жоқ. Бұл ішкі туризмді дамытуға едәуір кедіргі келтіреді.

Еліміздің «Автомобиль жолдары туралы» заңында халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар туралы түсінік бар. Әйтсе де, «Туристік нысандарға апаратын жолдар» дейтін ұғым жоқ. Себебі, қасиетті жерлер елді мекендерге жатпайды. Сондықтан, жол құрылысын жүргізуге мүмкіндік жоқ. Осы орайда көліктік және туристік инфрақұрылымды дамыту үшін жоғарыда аталған ұғымды енгізу қажет деп есептеймін.

Сәуле Мағауқызы, зейнеткер:

– Қаржылай мүмкіндігі мол бизнесмендер жергілікті әлеуметтік бастамаларға қаншалықты қолдау білдіруде?

– Біздің мамандар өңірдегі ірі компаниялармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Соның ішінде, қайырымдылық бағытта көптеген істер атқарылуда. Бір айта кетерлігі, меценаттар көрсеткен көмегін, өз аты-жөнін жария еткісі келмейді. Ал, шындығында, ондаған миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіп жүрген жүздеген кәсіпорын бар. Олардың көбісі халықтың аз қамтылған тобына, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, спорттық федерациялар мен басқа да мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп келеді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Менің атамекенім» атты жаңа жоба жұртшылыққа жол тартты. Ондағы мақсат – қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін дамыту, әлеуметтік жауапкершілік ұстанымдарын енгізу. Мемлекет тарапынан ұсынылатын әлеуметтік бастамаларға бизнесмендер мен басқа да азаматтар бейжай қарамауы тиіс. Алдағы уақытта ауыл мен шағын қалалардың инфрақұрылым мәселелерін шешу алаңын құру жоспарланып отыр.

Аяулым Серік:

– Өзге өңірлердегідей Атыраудан «Мега» орталығын салу жоспарда бар ма? Келесі сауалым, несиеге пәтер бересіздер ме?

– «Мега» секілді ірі сауда мен ойын-сауық кешенін салу көп қаржыны талап етеді. Егер оның құрылысымен айналысуға ниетті кәсіпкер табылса, жер аумағын бөлу, несие рәсімдеу, субсидия бөлу секілді көмектерді көрсетуге дайынбыз. Әзірге ондай ұсыныс түсе қойған жоқ. Келесі сұрағыңыз бойынша айтарым, палата несиеге пәтер бермейді. Біз тек керек кеңестер, ақпараттық қолдау, бағыт-бағдар береміз.

Әлеуметтік желілер арқылы түскен сауалдар

Айсұлу Ерғалиева, Махамбет ауданы:

– Кәмелетке толмаған алты балам бар, жұмыссызбын. Кәсіп ашсам, қандай жеңілдіктер қарастырылады?

– Былтырдан бері аудандарда палата филиалдары жұмыс жасайды. Махамбет ауданы бойынша филиал директоры – Болат Рахметов. «Жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2021 жылға дейінгі бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие ұсынылады.

Оны алу үшін алдымен «Бизнес бастау» атты бір айлық тегін оқу курсынан өтуіңізге болады. Алысқа барудың қажеті жоқ, өз ауданыңызда оқисыз. Қосымша 16 мың теңге шәкіртақы төленеді. Тәжірибелі тренерлер бизнестің барлық қыр-сырын үйретеді. Бір айда бизнес жоспар жасақтап, оны арнайы құрылған комиссия алдында қорғап шығасыз. Сөйтіп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы алты пайызбен несие аласыз. Ең бастысы, өз жобаңыздың болашағына сенуіңіз керек.

Ержан Нұриденов, атыраулық өнертапқыш:

– Елімізде стартап жобаларға зор қолдау көрсетіліп жатыр. Бірақ, неліктен Атыраудағы жағдай Астана мен Алматыдағыдай емес? Мен әлемдік деңгейдегі инновациялық жобаларыма бес жылдан бері қолдау таба алмай келемін. АҚШ, Канада, Англия, Германия, Франция, Сингапур, Қытай, Үндістан, Австралия, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдерден ұсыныстар түскенімен, ешбірін қабылдаған жоқпын. Олар Елбасының «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Смарт Сити» секілді бастамаларынан туындап отыр. Егер жүзеге асса, 200-ден астам адамға жұмыс орны ашылар еді.

– Сіздің жобаларыңызбен толық танысу үшін өзіңізді жеке қабылдауға дайынмын. Қажетті қаржы көздерін табуға көмектесемін.

Мақсот Мұхамбетқалиев, Индер ауданы, Есбол ауылының тұрғыны:

– Ауылдық жерге инвестор тарту мәселесі қалай шешілуде? Бұл ретте, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтығым келеді. Бизнес-жоспарым дайын. Оны қалай қорғай аламын?

– Инвестиция тарту бағытында елімізде «Қазақинвест» акционерлік қоғамы құрылған болатын. Атырауда оның өкілдігі бар. Мақсат – өңірде қандай жобаларды жүзеге асыруға болады, сол туралы ақпаратты инвесторларға ұсыну, оларды жергілікті орган өкілдерімен байланыстыру. Екіншіден, палата филиалындағы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің мамандары қолдау көрсетуге дайын. Соңғы кезде төрт мемлекеттің елшілігімен кездесулер ұйымдастырылды. Онда аймақтағы мол мүмкіндіктер кеңінен таныстырылды.

Қайрат Баймұханов, Атырау қаласының тұрғыны:

– Менің жеке көлігім бар, шағын кәсіп ашқым келеді. Ол үшін міндетті түрде кепіл қажет пе?

– «Такси» қызметін көрсеткіңіз келсе, оны заңдастырып алғаныңыз жөн. Жеке кәсіпкер екеніңізді куәландыратын құжат қажет. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтемін десеңіз, екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие алуыңызға болады. Бірақ, несие кепілсіз берілмейді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен 14 пайызбен рәсімделетін несиенің 8,5 пайызын кәсіпкер өтесе, қалған 5,5 пайызын мемлекет субсидиялайды.

Болат, Исатай ауданы:

Естуімше, Маңғыстауда кәсіпкерлерге бір пайызбен несие беріледі екен. Бізде сондай бағдарлама бар ма? Екіншіден, қайтарымсыз грант кімдерге беріледі?

– Атырауда әзірге ондай бағдарлама жоқ. Екінші сауалыңызға келсек, несие қайтарымсыз берілмейді. Бәрі де қайтарылады. Ал, грант ауылдық жерде бұрын іске аспаған ерекше немесе инновациялық жобаларға беріледі. Әдеттегі шаштараз, дүкен ашқан кәсіпкерлерге берілмейді.

Мәселен, Қызылқоғада бір тұрғын мемлекеттен грант алды. Сол қаржыға бидайды ұнтақтап, мал азығын дайындайтын шағын элеватор құралын сатып алды. Ондай жоба мүмкін облыс орталығында болар, бірақ, ауданда жоқ. Енді ауыл тұрғындары алысқа бармай, жемді сол кәсіпкерден арзан бағамен алады. Міне, осындай жобаларға қайтарымсыз грант қарастырылған. Онымен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен аудандық кәсіпкерлік бөлімі айналысады. Тағы бір мысал, исатайлық кәсіпкер жиһаз цехын ашуға 1,5 млн. теңге грант алды. Бұл екі жағдайда да, қаражат жобаны іске асыруға емес, тек қажетті құралды сатып алуға ғана бөлінді.

Айнагүл, Атырау қаласы:

– Шағын тігін шеберханасын ашу үшін кеңсені жалға алсам, міндетті түрде жеке кәсіпкерлік пен кассалық аппарат қажет пе?

– Болашақ кәсібіңіздің жобасын жасақтауыңыз керек. Нақты қандай өнім шығарасыз, оны қалай және қайда өткізесіз, соның бәрін қағазға түсіргеніңіз абзал. Ең бастысы, мақсат-міндетіңіз бен идеяңыз айқын көрінуі тиіс. Бизнес-жоспар құруға палата қызметкерлері көмектеседі. Тек екі жұмыссызды жұмыспен қамту міндеттеледі.

Мирғали Ғабдушев, Құрманғазы ауданы:

– Электр энергиясын алдын ала төлеу міндеті жойылды. Сол сияқты, газ бағасын осылай шешуге болмас ма? Өйткені, оның бағасын алдын ала бірнеше есе артық есептеп қояды. «Қазтрансгазаймақ» басшысына хат жаздым, жауап бермеді. Осы қаншалықты дұрыс?

– Рас, бұл – көптен бері шешімін таппай жүрген мәселе. Қазір ол «Қазтрансгазаймақ» мекемесінің орталық кеңсесіне жолданды. Әзірге кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер жасауға болады, сол жағы қаралып жатыр. Осы орайда, кей ережелер мен заңнамаларға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Екіншіден, аталған мекеменің акционерлік қоғам екенін, ол да кәсіпкерлік нысанға жататынын ұмытпаған жөн.

Балта, Мақат ауданы:

– «Бастау-бизнес» жобасы («Игілік» бағдарламасы) бойынша мал санын көбейтуге былтыр 6 млн. теңге, ал, биыл 4 млн. теңге несие бөлінді. Неге аз? Екіншіден, «екі адамды жұмысқа алу» талабын алып тастауға болмай ма?

– Бұл бағытта біз «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» ұсыныс береміз. Бірақ, бизнес-жобаны нақтылап алмайынша, 4 млн. теңге жетпейді деп қарап отыру дұрыс емес. Толық ақпарат алу үшін біздің палатаға келуіңізге болады.

Есет Балуанов Құлсары қаласы:

– Бұрын жолаушы тасымалымен айналыстым. Кейін кәсіпкерлік қызметімді тоқтатып тастадым. Енді ауыл шаруашылығы саласында кәсіп ашқым келеді, қандай жеңілдіктер бар?

– Жеке кәсіпкерлік куәлігінің үш жылға дейін жарамдылығы бар. Ол жабылған күннің өзінде базада тіркеліп тұрады. Оны қайта ашып, кәсібіңізді жалғастыруға болады. Ал, жеңілдетілген несие алу үшін жұмыссыздар не өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінде тіркелуіңіз керек.

Жазып алған: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

 

 Алда атқарылатын міндеттер:

– «Әр ауылға бір қамқоршы», «Идеал ауыл» жобаларын жүзеге асыру;

– Әлеуметтік мәселелер картасын жасақтап, тұрақты қолданысқа енгізу;

– Қамқоршылар (меценат, демеуші, әлеуметтік кәсіпкер, т.б.) реестрін ашу;

– Бизнес көрсеткіштерінің жүйесін құру (қоғамды дамытуға қосылған үлес, баға нарығы, ішкі әлеуметтік мәселе, кадр саясаты және т.с.с.);

– Рухани ынталандыру шараларын ұйымдастыру;

– Қайырымдылық формаларын жаңарту.

Паспортизацияланған өңдеуші

Өнеркәсіп орындары –93

Оның ішінде:

Құрылыс саласы30 (орташа жүктеме – 45%)

Химия өнеркәсібі22 (60%)

Тамақ өнеркәсібі13 (36,5%)

Машина құрастыру13 (40%)

Жеңіл өнеркәсіп12 (38%)

Фармацевтика – 3 (30%)

Қаржылай емес қолдауға мұқтаж мекеме (тарату нүктелері жоқ, шикізат тапшы) –53

Оның ішінде: Мемлекет тарапынан қаржылай және материалдық қолдауға мұқтаж – 24

Облысқа импортталатын өнімнің жалпы сомасы – 672,2 млрд. теңге

 Жергілікті тауармен алмастыруға болатын өнім – 230 (құрылыс материалдары, металл құбырлары, арматура түрлері, машина құрылысының өнімдері)

Импорт алмастыру бағытында іске қосылған өндіріс орындары:

  1. «Centech» ЖШС – кабель өндіреді
  2. «Каспий плюс» ЖШС – металл өңдеу құралдарын шығарады

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*