Қайтарымсыз «қара алтын»

Мұнай-газ саласы – Қазақтан экономикасының локомотиві. Бұл –даусыз шындық. Бүгінде республика сыртқа 62 млн. тоннадан астам мұнай шығарады. Қазір әлемдік нарықта көмірсутегі шикізатының құны құбылып тұрғанымен, ел бюджеті негізінен мұнайдың саудасы арқылы құралады. Әйтсе де, «қара алтынды» қайтарымсыз экспорттаудан гөрі өзімізде тереңірек өңдеп, дайын өнімге айналдырсақ, көбірек ұтпаймыз ба?

Operating oil and gas well profiled on cloudy sky

Алдымен мұнайдан нендей тауар дайындалады? Мамандар мыңнан астам өнім түрін атайды. Соның бәрін санамалап шығу, әрине, мүмкін емес. Мәселен, медицинада кең қолданысқа ие хирургиялық жіп пен кәдімгі тіске салатын протез. Немесе қыз-келіншектер құмар косметикалық заттар үшін қажетті шикізат «қара алтынды» тереңдете өңдеу арқылы алынады. Өткен жылы ресейлік «Зенит» командасына ұсынылған футболшылардың тез кебетін әр жейдесіне 16 пластик шөлмек жұмсалған. Жалпы, дүние жүзіндегі маталардың 40 пайызында мұнай кездесетін көрінеді. Дәрі-дәрмекке жұмсалатын шикізаттың дені «қара алтыннан» алынады.

Жастар аузынан тастамайтын сағыз созылмалы болуы үшін оның өндірісіне талшық, стеорин қышқылы мен глицерин қосылады екен. Ал, бұлардың бәрі мұнайдан бөлінген. Күнделікті қолданылып жүрген смартфон бөлшектерінің 40 пайызы «қара алтын» қоспаларынан дайындалады. Тіпті бір компьютерді құрастыру үшін 11 литр мұнай жұмсалады.

Бүгінде баламалы энергия көздері жөнінде жиі айтамыз. Ал, күн батареяларын жинақтау үшін бірнеше тонна «қара алтын» қажеттігін білеміз бе? Тіпті гитараның ішегі де мұнайдан бөлінген шикізаттан жасалады. Міне, осы өнімдердің дені сырттан әкелінеді. Яғни, біздің шикі мұнайымызды тұтынып отырған елдер оны қайта өңдеп, тауар түрінде өзімізге қайта сатады. Әрине, бірнеше есе қымбат бағасына.

Елбасының «қара алтынды» сыртқа шикізат күйінде сатқаннан гөрі одан дайын тауар жасап ұсынсақ, көбірек табыс түсетінін айтып жүргені де сондықтан емес пе?! Базарға барып көріңізші. Қарапайым киім ілгішке дейін тыстан тасылған. Ал, бұрын ол осындағы химия зауытында жасалатын. Конвейерден қалай шығып жатқанын өзіміз көрдік. Республика бойынша алғаш рет Атырауда салынбақшы мұнай-химия кешені осы тұрғыдан тиімді болмақ.

Жалпы, республикада шикі мұнайды өңдеуге қатысты әңгіме қозғалса, алдымен одан жанармай алу жөнінде айтылады. Бүгінде мамандар республикадағы Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында жылына он миллион тонна автомобиль және дизель отындарын шығаруға болады дейді. Ол үшін 18-20 млн. тонна мұнай керек екен.

Сарапшылардың пікірінше, республикада мұнай-химия саласын дамытуға барлық жағдай бар. Көмірсутегінің мол қоры, салыстырмалы түрде арзан электр энергиясы, құрылысқа қажетті кең территория – бәрі де зор мүмкіндіктерге жол ашады. Осы орайда мұндай нысандарға аймақтық маңыз беріліп, олардың шикізатқа жақын жерде салынуы жоспарлануы құптарлық. Мәселен, Қашаған өнімі өңделер орынға таяу тұрғызылатын мұнай-химия кешенінде осы салаға қажетті этан, пропан, бутан, гексан, этилен, пропилен, т.б. алынбақшы. Оның ар жағында осы шикізаттан күнделікті тұтынатын жүздеген тауар түрі шығарылмақшы. Сайып келгенде, республиканың әр түкпірінде ондаған жаңа кәсіпорын ашылмақшы. Болашаққа бағдарланған жоспар осындай.

Бүгінде әлемде полимер материалын көбірек қолдану белең алды. Әсіресе, соңғы 30-40 жылда оған сұраныс күрт өсті. Металл мен ағашты да сонымен алмастырып жатырмыз. Демек, шикі мұнайдың керектігі кеміген жоқ. Оны қанша өндірсең, сонша алуға дайын мемлекеттер бар. Мәселен, Аспанасты елі – қазақ мұнайының басты тұтынушысы. Ал, норвегтер «қара алтынды» сыртқа шикі күйінде шығармайды. Әбден өңдеп, дайын өнім ретінде ұсынады. Соған сәйкес бағасы да жоғары. Рас, бұл елде көмірсутегінің мол қоры да жоқ. Бірақ, барын кәдеге асырып жатыр.

Әрине, бізде де жаңа жобалар қолға алынуда. Мәселен, бас жоспар бойынша республикада Теңіз және Қашаған кеніштері маңынан екі үлкен мұнай-химия кешенін тұрғызу қарастырылған. Отандық шикізатты тұтынуға негізделген бұлар жылына екі миллион тоннадан астам мұнай өнімдерін дайындауға мүмкіндік берер еді. Сарапшылардың айтуынша, елу мың шамасында жаңа жұмыс орны да ашылмақшы. Осы орайда соған сәйкес мамандар дайындау мәселесі туындайды.

P.S. Елбасы ұдайы айтып жүргеніндей, өңдеу саласына басымдық қажет. Әркім өзі өндіріп, оның үстіне өңдей де білсе ғана ұтады. Ендеше, көштен қалмаудың қамын жасаған жөн. Әйтпесе, қыр асып кететін қайтарымсыз «қара алтынға» иек артып қана отыру жараспайды.

 

Меңдібай Сүмесінов

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*