Қайсар мінез

Қайыржан Әлиевке қайсар мінез қайдан бітіп еді? Сәби шағын жалмап, еркелеуге ерік бермеген сұм соғыс па? Әлде тұтас әулеттен қалған жалғыз ұл өзі болғандықтан ерге тән қайрат бойында ерте қалыптасты ма? «Құдай қоймайын десе, құрсақтағыны алады» дегендей, отбасында 16 бала болғанымен, тірі қалғаны – бір ұл мен үш қыз. Мүмкін  сегіз жасында әкесінен айырылған Қайыржан кішкене кезінен-ақ тағдырдың өткел бермес толқынына қасқая қарсы тұру керектігін ұққан шығар? Алдындағы тым ертерек өмірден өткен ағалары мен апаларының жүзі де жадында жоқ. Тек үлкен ағасы Ислямның суреті ғана қалған. Соғыс басталардан 10-15 күн бұрын түскен екен. Ол да майданнан оралмады. Сөйтіп, Қайыржан алтыдағы Күләш, ондағы Майра,  он беске толған Шолпан апаларына арқа сүйеп өсті.

тұлға

«Бізде балалық болған жоқ»

Әкесі Ізтілеу жылқышы болатын. Күні-түні табын соңында жүретін оны өте сирек көретін. Шешесі Дина сауыншы еді. Күздің қара суығында сиырларды айдап, өзеннен күнде өтуге  тура келетін. Сондай күндердің бірінде қатты салқын тиіп, оның соңы қос жанарынан айырылуға соқтырды. Сонда Қайыржан екі-ақ жаста болатын. Сол анасы 89 жыл өмір сүрді. Ұл-қыздары мен немерелерінің қызығына кенеліп өтті өмірден.

Бұл күнде өзі де көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрген Қайыржан Әлиевтің «балалық шағым қиын кезде өтті, жастайымнан ауыртпалықты көп көрдім» деуі содан шығар. Әйтсе де, кішкене кезінен шыңдалған қайсар мінезі кейін өмірде алға қойған мақсаттарына жетуіне септігін тигізді.

Балықшылық – байырғы кәсіп

Сол кездің тәртібі бойынша жоғары оқу орнын бітірген түлектер жолдама бойынша жұмысқа жіберілетін. Қолында дипломы бар Қайыржан Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданындағы машина-мелиоратив стансасына бас инженер лауазымына баруы керек-ті. Алайда, қызметке кірісуге бір апта қалғанда аупарткомның бірінші хатшысы Мазан Халелов шақырды. Екеуі өңірде балық шаруашылығын өркендету жөнінде біраз әңгімелесті. Шортамбай балық зауытында бірде-бір жоғары білімді маман жоқтығы сөз болды. Сөйтіп, жас маман осында бас механик қызметіне тағайындалды.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Шортамбай балық зауыты облыс қана емес, күллі Каспий бассейніндегі іргелі шаруашылық еді. Ол жылына 120 мың центнер балық қабылдап, оны қайта өңдейтін. Қиғаш пен Шарон өзендері бойында ғана емес, көршілес Астрахан облысында цехтары болатын. Міне, осындай ірі өндіріс ошағының табалдырығын аттау жас маманның шапшаң шыңдалуына септігін тигізді. Жауапкершілік жүгі күндіз-түні тыным таптырмайтын. Оның үстіне, қоғамдық негізде алдымен комсомол, кейін кәсіподақ ұйымына жетекшілік етті. Балық аулаумен қатар ауыл шаруашылығы ұжымшарларына да шефтік көмек көрсетті. Көркемөнерпаздар үйірмесін жасақтады.

Біраз уақыт өткен соң Қайыржан Әлиев зауыттың бас инженері, кейін директоры болып тағайындалды. Бір мыңға жуық мүшесі бар ұжымға жетекшілік етті. Сексеннің сеңгіріндегі ақсақал сол кезде бірге жұмыс жасаған тұстастарын әлі ыстық ілтипатпен еске алады.

Осы жылдары балық зауытына жаңа техникалар алынды, ол қайта жарақтандырылды, қуатты электр стансасы қатарға қосылды. Балық та мол еді. Көктемгі-күзгі тартымда күндіз-түні еңбек ететін. Жұмысшылардың демалысы да дұрыс ұйымдастырылатын.

Елбасымен жүздесу

Содан 1971 жылы 34 жасар Қайыржан Әлиев Гурьев балық-консерві комбинатына директор болып тағайындалды. Бұл кейін «Атыраубалық» акционерлік қоғамы атанған іргелі құрылымның іргетасы еді. Комбинат – тек облыстың ғана емес, күллі республиканың мақтанышы. Орталықты бағалы бекіре балығымен және оның уылдырығмен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір кәсіпорын. Маңғыстаудағы, Астрахандағы, Гурьевтегі құрылымдарды қосқанда барлығы 35 мың шамасында адам жұмыс жасады. Әр күні 500-600 мың центнер балық ауға түсетін. Сол жетпісінші жылдардың ортасында тәулі-гіне он бес мың тоннадан аса бекіре ауланып, 1100-1150 тонна уылдырық даярланатын. Комбинатта жылына отыз түрлі өнімімен 20-25 млн. дана консерві шығарылатын. Мыңдаған тонна уылдырық Мәскеу мен Ленинградқа, одан әрі шетелдерге жөнелтілетін.

Мол өнім әлеуметтік мәселелердің де оң шешілуіне септігін тигізді. Барак үйлердің орнына көппәтерлі ғимараттар пайда болды, 240 орындық асхана салынды, 600 адамға арналған Балықшылар мәдениет сарайы пайдалануға берілді. Ерен еңбекті ел де бағалады. Қайыржан Әлиев көптеген әріптестерімен бірге «Қазақ КСР-на еңбегі сіңген өнеркәсіп қызметкері» атағына ие болды.

1996 жылдың тамызында Мемлекет басшысы Атырауға келді. Өңірдегі өндіріс ошақтарын аралаған Елбасы балықшылармен де жүздесті. Нұрсұлтан Әбішұлы уылдырық дайындау барысымен танысты. «Мен мал сойғанды талай көргенмін. Ал, бекіреден уылдырық алғанды алғаш рет тамашалап тұрмын» деді таңданысын жасырмай.

Елбасымен 1993 жылғы жүздесу де оның жадында жаңғырып тұр. Тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңі еді, қиындықтар бастан асады. Нұрсұлтан Әбішұлы Атырауға келмекші екен. Каспий теңізінің солтүстігіндегі жағалаудан он шақырым жердегі аралдардың біріне киіз үйлер тігілді. Межелі уақытында Нұрсұлтан Әбішұлы да келді. Мәртебелі меймандар сәл тыныққан соң балықшылар кеше құрған ауларын көтеруге кіріскен. Біреуіне салмағы 350-400 кг тартатын бекіре ілігіпті. Оны кемеге көтерген соң Елбасының қолына «ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке меншігі. Ұстап алсаңдар, қоя беріңдер. Сыйақыға кепілдік беріледі» деген сөздер жазылған сырға ұстатады. Мемлекет басшысы оны бекіреге бекіткен соң балықты айдынға қоя береді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы «Басқа облыстарға барғанда мені әдетте атқа немесе түйеге мінгізеді. Ал, атыраулықтар міндетті түрде бір нәрсе ойлап табады. Міне, енді балыққа мінгізіп отыр» деген. Кейін осы оқиға «Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 26 сәуірдегі санында Елбасы сұхбатында келтірілген.

Қайрекең – бүгінде 80 жастың сеңгіріне шыққан ақсақал. 1963 жылдың 6 қаңтарында Жанзия Уәлиевамен бас қосып, жарты ғасырдан аса отбасылық ғұмыр кешіп, ұрпақ тәрбиеледі. Жанзияның да тағдыры талай таразыға тартылған. Ол үшке толғанда шешесінен, бес жасында әкесінен айырылған тұлдыр жетім еді. Кішкене қыз әкесінің үлкен ағасының үйінде тәрбиеленді. Оның әйелі татардың қызы болғанымен,  қазаққа тұрмысқа шығып, барлық салт-дәстүрді сақтай білген-ді. Мәскеу діни семинарында сегіз жыл оқыған. Кісі емдейтін, онымен дәрігерлер де санасатын.

Қайыржан Ізтелеуұлы зайыбы Жанзия Уәлиқызымен екі ұл мен қос қыз тәрбиеледі. Олардан өрбіген 16 немере-жиенді қызықтап отыр. Өмірінің қырық жылдан астам уақытын аймақтың балық шаруашылығын дамытуға арнаған жанның марапаттары да баршылық. Ол – Қазақ КСР-на еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендеріне және бірнеше медальға ие болды, «Атырау облысының Құрметті азаматы» атанды.

Меңдібай Сүмесінов

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*