Қайрош қайраттанған қайыршақты

«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам… Зытып келе жатқаным, қашып келемін. Артыма қарай беретінім, қорқып келемін».  Жазушы Ғабит Мүсіреповтың әйгілі «Қазақ солдаты» романы осылай басталады. Ондағы бас кейіпкер – Қайрош Сарталиев. Прототипі – Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов екені оқыған жанға айдан анық.

рухани жаңғыру

Батыр дүниеге келген ауыл Атырау қаласының іргесінде орналасқан. Бала Қайроштың балаң арманын алғашқы болып тыңдаған дала да, ойлы-қырлы жазық та сол күйінде, кейінгі буынға туған ұя, алтын бесік болуда. Бүгін де тірлігі қайнаған қарапайым ауылдың ақжарқын адамдарының пейілі де бір бөлек. Батырдың кіндік қаны тамған ауылға арнайы барып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

Түтіні түзу ұшқан Томарлы

Округтің қазіргі әкімі – Шапхат Қалиев. Осы ауылдың тумасы. Жастайынан ауыл шаруашылығына қызығып өскен ол оқу орнын тәмамдаған соң бірден  өзі туған өлкені түлетуге келген. «Атқарғанымнан әлі де жоспарлағаным көп» дейді ол.

Бүгінде Қайыршақты ауылдық окру-гінде 12 мыңнан  астам халық тұрады. Округке  Томарлы, Талғайраң, Бесікті ауылдары, «Жұлдыз», «Жұлдыз-3», «Көктем» ықшамаудандары кіреді.  Тұрғындардың көпшілігі егін, мал шаруашылығымен айналысады.  51 шаруа қожалығы, екі ауылшаруашылық құрылымы тіркелген. Оның ішінде 21-і егін шаруашылығымен, 30-ы мал шаруашылығымен айналысуда.

Ауылда үдемелі индустриялды-инновациялық жобалар да жүзеге асуда. Соның бірі – «Жұлдыз» ықшамауданында іске қосылған «АтырауАгроФеликс» ЖШС. Томарлы ауылындағы қызыл балық өсіретін «Каспиан Ройал Фиш» ЖШС заман талабына сай жұмыс жасап, ауыл тұрғындарының тең жартысын жұмыспен қамтып отыр.

– Ауылға басшылыққа келгеннен бері 2010 жылдан күні бүгінге дейін округке қарасты 112 көшеге жаңадан атау беруге жұмыстандым. Оның ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі 27 көшеге берілді. «Жұлдыз», «Жұлдыз-3», «Көктем» ықшамаудандары мен Бесікті ауылында  ауыз су, газ, электр желілері түгелдей тартылған. Тұрғындар енді  ауылішілік тасжолдардың төселуін күтіп жүр. Округте 90 адам жұмыссыздар қатарында тіркелген, – деді бізге Шапхат Қарашұлы.

Тұрғындарды мазалайтын мәселенің бірі – мәдениет үйінің және спорт алаңдарының жоқтығы. Жыл сайын халық саны көбейіп, балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндердің саны артуда. Дегенмен, ауыл әкімінен білгеніміздей, мұның бәрінің шешімі жақын күндері шешіледі. Биыл Томарлы ауылынан 400 орындық мәдениет үйі салынбақ. Спорттық стадиондардың да құжаттары жасақталып, құзырлы орындарға тапсырылған. Таяу жылдары окургте алты бірдей мемлекеттік балабақша салыну күтілуде. Қазір екі балабақша қызмет етіп тұр. Міне, елдің әлеуметтік жағдайы – осындай.

Батыр атындағы мектеп – біздің мақтанышымыз

Қайыршақты ауылдық округінің орталығы – Томарлы ауылындағы мектепке  1992 жылы Қайырғали Смағұловтың есімі берілген. Орталық көшенің бірі де батырдың атында. Бүгінгі күні іші-сырты жаңарған мектептен 1135 оқушы білім алады. Әкімдік ғимаратынан шығып, бірден мектепке бардық. Онда Қа-йырғали Смағұлов атындағы мұражай жасақталыпты.

Мектеп оқушыларының қай-қайсысы да батыр аталары туралы терең мағлұмат біледі. Оқу ордасында біліммен қатар, өнерден де, спорттық жарыстан да топ жарып жүрген оқушылар көп екен. Соның бірі –  биылғы бітіруші түлек  Рита Тарихова. Бесінші сыныптан бастап өзінің таңдауы бойынша терме үйренуге оқуға түсіп, талай республикалық жарыстардан жүлделі орындарға ие болған ол: «Батыр атындағы мектепте оқитынымды мақтан етемін. Бейбіт өмірді алып берген аталарымыз алдындағы біздің борышымыз – сабақты жақсы оқып қана қоймай,  елімізге адал қызмет ету» дейді.

рухани жаңғыру2

Шағын мұражай – үлкен еңбектің жемісі

Мектеп ішіндегі мұражай меңгерушісі, тарих пәнінің мұғалімі Баян Хамиеваның айтуынша,  Қайырғали батыр өзі тұтынған заттарды ауыл мұражайына ғана қоюға келісімін берген. Жәдігерлер қатарында батырдың майдан даласындағы жауынгерлік жолының картасы, әскери киімі, тұтынған құралдары, тіпті анасының да пайдаланған тұрмыстық заттары тұр. Бұлардың бәрі батырдың ерлік жолы ғана емес, адами болмысын да танып-білуге, сол арқылы кейінгі ұрпақтың патриоттық сезімін дамытуға өлшеусіз үлес қосатын жайттар екені белгілі.

«Шағын мұражай – үлкен еңбектің жемісі. Облыстағы өзге мектептер, колледж студенттері де келіп, мұражаймен танысады. Оқушыларымыз батыр өмірімен етене таныс, әркез тәрбиелік шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Жерлесіміз туралы естеліктерді, «Қазақ солдатының» негізінде баяндайтын әңгімелерімізді балалар жатқа біледі.

Бұрын Қайыршақты орта мектебі деп аталған білім ордасына 1992 жылы батыр атамыздың есімі берілуі де – айрықша мерей» дейді Б.Хамиева.

Мұражайды жасақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің өзі –  үлкен жұмыс. Осы орайда көп еңбек сіңірген ұстаз Нұржамал Оспанова екен. Естіген бойда ардагердің үйіне баруға асықтық.

рухани жаңғыру5

«Солдат костюмін ұстап, құстай ұшқаным әлі есімде…»

Батыр мұражайын толықтай өз қолымен жасақтаған ардагер ұстаз Нұржамал апай сапарымыздың мән-жайына қаныққан соң, сол бір күндерді аса жылылықпен еске алып, әңгімесін бастады.

«Мен осы мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп, зейнеткер-лікке шықтым. Алғаш рет 1983 жылы мектебімізден батырдың шағын бөлмесі ашылды. Бұдан кейін оны әрі қарай дамытып, үлкен мұражай етіп ашпақ оймен ағайдың өзіне хабарластым. Ол құптайтынын білген соң өмірбаяндық деректерін жинап, құжаттарын сұрастырдым» деп бастады әңгімесін Нұржамал апай. Мұражаймен танысып шыққанымызда батырдың киімі де сол жерде тұрғанын көрген болатынбыз. Сол туралы кеңірек сұрастырдық. «Қызығы сол, ағайдың киімін мұражайға қою туралы ойланғаныммен, бірінші жұмысты арнайы ілетін орын, шкаф дайындаудан  бастадым, –  дейді күліп, – Махамбеттен арнайы жасатып, алып келдім. Сосын әскери формасын сұрауға алдына бардым. Шыны керек, қатты қобалжығаным да, қо-рыққаным да рас. Алайда, ағай мені өте жылы қабылдап, «осыны сұрамаған адам жоқ, Атыраудан бастап, бірнеше адам хабарласқанда ешкімге бермеп едім, туған ауылыма, саған қарсы келе алмадым, ала ғой» дегенде төбем көкке екі елі жетпей қалған-ды. Солдаттың костюмін ұстаған күйі мектеп директорының бөлмесіне дейін жүгіріп келгенім әлі есімде».

Бірнеше айларға созылған дайындық жұмыстары артта қалып, мұражайдың ашылар сәті де туды. Салтанатты шара ұйымдастырылып, жиылғандар игілікті істің басы-қасында жүрген Нұржамал апайға алғыстарын жаудырған-ды. «Бұл мұражай кездесулер, патриоттық шаралар өткізілетін орынға айналды. Бірде сәті түсіп, ағайдың өзі де арнайы келді. Танысып, рахметін айтты» дейді апай.

«Естуімізше, сіз осы ісіңіз үшін Мәскеуге де барып келіпсіз» деп едік. «Бұл бір тосын жағдай болды, – деп жал-ғады әңгімесін, – Жұмыста жүр едім, мені шақыртып, «музейдегі жұмысты ұйымдастыру, жүргізу ісіне байланысты Мәскеуге семинарға барасың» деді. Бұл 1986 жылы болатын.

Жас маманмын, әрі Мәскеу тұрмақ, пойызға отырып көрмегенмін. Бірден бас тарттым. Алайда, аудандық білім бөліміндегі мені шақыртқан адам телефон тұтқасын көтере сала: «Оспанова Мәскеуге бармаймын дейді. Қандай шара қолданылады? Қызметінен босату? Әрине, иә, иә» деді. Шошып кеттім. Сөйтіп, келесі күні билет алып, Мәс- кеуден бір-ақ шықтым.

Бағыма орай, бір студентпен сапарлас болып, сол бала барар жерімді түсіндіріп берді. Студенттің сілтеуімен келіп, үлкен жиынға қатынастым. Өзге ұлттың бәрі бар, бір қазақ жоқ. Орысша айтылғандарды түсініп те жарыған жоқпын. Бірақ, сұранып сөз сөйлеуге шықтым. «Ауылымызда Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов атындағы мектеп бар, сол жерден музей аштым» дегенді барынша түсіндіріп айтқан болдым. Бәрі үн-түнсіз отырып тыңдап шықты. Құттықтап, қуанышты екендерін жеткізді». Шынымен де, үлкен төзімділік пен мол ізденісті қажет ететін еңбектің осындай зейнеті болғанға не жетсін!

«Жалпы, ағай  өте мейірімді жан болды. Әрқашан үйіне барған сайын, дастарханға шақырып, шәй ішпей жібермейтін. Мен де ауылдың дәмі деп шұбат алып баратынмын. «Мейірлене ішіп, шөлім қанды-ау, рахмет!» дейтін әркез. Тығыз байланысып жүргендіктен оқушыларымды да атаның үйіне алып барып жүрдім. Ағайдың өмір жолын, деректерін жинап көп іздендім. Осы еңбегімнің жемісіне орай «Халық ағарту ісінің үздігі» атандым. Бұл – мен үшін баға жетпес мерей. Осындай жанның ұрпақ жадында жатталып қалуы үшін титтей де болса үлес қоса алғанымды мақтан тұтамын!» деді Нұржамал апай сөзінің соңында.

рухани жаңғыру3

Түйін

Міне, Қайырғали батыр туған Қайыршақты ауылының бүгінгі тынысы осындай. Батыр атындағы кең де келісті көшеден өткен сәтте қан майданда от кешкен бабалар арманының ақиқатқа айналғанына, яғни кейінгі ұрпағының бейбіт өмірде жарасымды ғұмыр кешіп жатқанына куә болдық. Ерлер даңқы мәңгілік!..

Гүлжан Әмірова/Нұргүл Ысмағұлова

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Нұрпейіс Молдағұлов, ардагер:

 Мәдениетке мән беру – маңызды мәселе

Өзім осы саланың ардагері болғандықтан білім саласына, соның ішінде музыка саласына соқпай өте алмаспын. 1987 жылы ауылда музыка мектебі ашылды. Сол істің басы-қасында жүріп, жоқтан бар жасап, 20 жыл сол мекемені басқардым. Алты мұғалім болып бастап, ұлт аспаптар оркестрін жасақтауды қолға алдық. Қазір сол өнер ұжымы республикаға танымал болды. Осы ретте Томарлы ауылындағы музыка мектебі ескірген, «жаңа ғимарат жайы шешілсе» деген ұсынысымыз бар.

 

Қанапия Кенжеғалиева, жеке кәсіпкер:

 Совхоздан басталған кәсіп

– Біз 1995 жылдан бастап жеке кәсібімізді бастап кеттік. Қазір заман талабына сай сауда-саттықпен айналысып отырмыз. 2007 жылы «Бекбол» атты шағын наубайхана аштық. Тұрғындарды астық, секер, күрішпен қамтитын арнайы базамыз да бар. Тауарларымыздың бәрі төмен бағада, халықтың ризашылығына бөленіп жүрміз.  Қазір жолдасым екеуміз зейнеткерміз. Сондықтан,  балаларымызды да кәсіпке баулудамыз.

 

Мұрат МУСИН, селолық округ ардагерлері кеңесінің төрағасы:

 Бабалар есімі балалар жадында жатталса…

– Жеңіс күні таяп қалды. Осы тұста көп жұмыстар жоспарлануда. Ауылымызда соғысқа қатысқан ардагерлер қалмаса да бейбіт күнді жақындатқан  жауынгерлер туралы ұрпақ жадында жатталып қалуы үшін жұмыстану – біздің парызымыз.

Қайырғали Смағұлов туған ауыл қазір жайнаған өңірдің жарасымды тірлігі бар мекеніне айналған. Батыр атындағы мектеп – ұрпақ мақтанышы. Мемориалдық тақта орнатылып, көше атын бергені де – бәріміз үшін мерей.

Сондай-ақ, қазіргі таңда селолық округ аумағында 500-дің үстінде зейнеткер бар. Ардагерлер ауыл әкімімен бірлесіп, жұмыс жасап келеміз. Біздің тарапымыздан осы уақытқа дейін ұдайы айтылып келген клуб мәселесі таяу уақыттарда шешімін табатынын естіп, қуанып жатырмыз.

Теңіз жағасынан – Томарлыға дейін

Қайыршақты ауылының іргетасы 1928 жылы құрылған.  Округтің құрылғандығы жөнінде деректер облыстық мемлекеттік мұрағат қорында сақталмаған. Мамандардың айтуынша, Гурьев қаласының 1917 жыл-ға дейінгі тарихына байланысты біраз құжат алмағайып заманда жо-йылып кеткен. Кейбір деректерде «атаман Толстов 1920 жылы Гурьевтен шегінген кезде өзімен бірге ала кеткен» десе, екіншілері «қаланы азат етуші қызыл әскерлер 1920  жылғы қыстың қатты суығында мұрағат құжаттарын отын ретінде пайдаланған» дейді.

Сондықтан, батыр туған ауылдың тарихы негізінен ауызекі естеліктерден жасақталған.

 

Айдын БАЛТІЛЕУОВ, ардагер:

 Батыр емес, бала сияқты еді

– Қайырғали батыр соғыс тақырыбына келгенде басынан өткерген оқиғасын әңгімелеуге әуес емес еді. Мен одан 17 жас кішімін. Ол кісі соғыстан келгеннен кейін барлық жерде кездесулерге шақырылды. Қайсысына барса да, өзінің сол қалыбынан айнымай асықпай сөйлеп, анда-санда әзілдеп отыратын. Үйінде де талай болдық. Жеңгеміздің ұлты татар болса да, өте қарапайым, қонақжай еді. Ағам жеңгемізді 1946 жылы соғыстан елге қайтқанда өзімен бірге алып келді. Бізге рулас, аталас ағайын. Үйлері кең еді. Күнде қонақ арылмайтын. Соғысқа дейін Қайырғали ескі пәтерде тұрды. Елге батыр болып оралғанда оған Томарлыдан үй берілді. Өте жайдарлы адам еді. Әкеміз оның бала кезін жақсы біледі. Айтуынша, «Қазақ солдаты» романында Қайрош туралы жазылғандардың бәрі дұрыс. Сол кезде колхозда бақташы болып жүргенде бір бас мал жоғалып, оның қашқаны, басқарманың адамдары атпен қуғаны бәрі рас екен. Кейін қалада тұрады. Соғысқа да осы жақтан кетті. Алпыс жасқа келгенінде совхозда дүбірлі кездесу өтті. Батыр ақбоз атқа мінді. Қарапайым адамдармен бірге қоғамдық көліктермен жүрді. Ешқашан көкірегін көтеріп, өзін жоғары ұстаған емес. Үнемі таза қазақша сөйлейтін. Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын. Өзінің далалықта саяжайы болды. Соңғы жылдары уақытының көп бөлігін сонда өткерді.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*