«Қайрат – Ғарифолланың жалғасы»

Қазақтың дәстүрлі әндері – көнеден келе жатқан ұлттық құндылығымыз. Жыр жауһарларын белсенді насихаттап жүрген батыстағы ірі әншілік мектептің жарқын өкілі, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әншісі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері Қайрат Кәкімовтің шығармашылығының 20 жылдығына арналған ән кеші жоғары деңгейде өтіп, көрермендерді жырмен сусындатып, термемен тәнті қылды. Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатынасып, кеш иегеріне ыстық лебізін  білдірді.

Шығармашылық кеш

Бірде Қайрат Кәкімовке халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Сирек әндерді іріктеп, репертуарыңа қос. Оларды өз дауысыңмен орындап, бір күйтабаққа жаздыр. Бұл – болашақ ұрпаққа қалдырар баға жетпес қазына» деген екен. Жақында сол аманат орындалып, тұңғыш рет батыс өлкесінің 132 әні жинақталған «Қазақтың дәстүрлі әндері» атты антология жарық көрді. Ән кеші барысында Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеушісі, композитор Илья Жақанов аталмыш жинақтың тұсауын кесіп, жергілікті әкімдіктің атынан кеш иесіне домбыра сыйға тартты.

Сондай-ақ, кеш иесіне туған жерінің ыстық сәлемін ала келген оралдық ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла тілегін білдіріп, иығына шапан жапты.

Кеш қорытындысында сөз ал-ған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Тұтастай өнерді дамыту, осы іспеттес шараларға келушілердің санын арттыру арқылы жаһандану секілді үрдіске жұтылмай, ұлттық құндылықтарымызды дәріптей аламыз. Қайраттың ат-қарған жұмыстары – өнерге деген парызы. Мұхит, Ғарифолла, Қатимолла, Қайрат, оның шәкірті Данияр бола берсе, жарасымды жалғастық осы болмақ. Сенің өнеріңнен жанына сүйеніш табатын орта кеңейсін. Халық ризашылығына бөлене бер!» деген тілегін жеткізіп, Қайрат Кәкімов-тің залда отырған ата-анасына, ұстазы Қатимолла Бердіғалиевке алғыс айтты.

Гүлжан ӘМІРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*