Аймақ басшысы өзге облыстардан маман-дәрігерлерді жұмысқа шақыртпақшы

Мұнайлы аймақтың басшысы Нұрлан Ноғаев денсаулық сақтау саласындағы кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін өзге облыстардан маман-дәрігерлерді жұмысқа шақырту арқылы шешпекші.

_EAC6755

Кеше денсаулық сақтау саласының келелі мәселелерін талқылаған Үкімет отырысында осы сала министрі Атырау облысында халыққа медициналық қызмет көрсету деңгейінің төмендігін атап көрсетті.

Кеңес аяқталысымен Нұрлан Ноғаев  Атырау медицинасының бүгінгі жай-күйіне тоқталып, бірқатар ойларымен бөлісті. Сала жұмысын жақсарту үшін назар аударарлық мәселелер мен міндеттерді саралады.

–  Бұл – жауапты лауазымды тұлғалардың нақты жағдайды біліп, тиісті шешім қабылдай алмауынан болып отырған жайт. Біздің емханаларымызда заманауи емдеу құралдары мен жабдықтары жеткілікті. Бірақ, нақты істің сапасы бұдан жақсарып жатқан жоқ. Мұның себебіне үңілсеңіз, қордаланған мәселені шешу үшін бір-біріне сілтеп, ешқайсысы мойындарына жауапкершілікті алғысы келмейді. Сондықтан, біз  облыстың денсаулық сақтау саласының жұмысын жақсарту үшін республиканың өзге өңірлерінен маман кадрлар шақыртуға мәжбүр болып отырмыз. Олар ақсаған жұмысты түзетуге көмектеседі. Әр адамға оң қабақ, түзу көзқарас танытудың жолын іздеуіміз қажет. Олар мейлі солтүстіктен келсін, мейлі  оңтүстіктен шақыртылсын, қалай болғанда да мамандарды жатырқамай қарсы алған жөн. Біз бәріміз бір елдің азаматтарымыз. Денсаулық сақтау жүйесіндегі кадрлардың жетіспеушілігін оңтайлы шешуіміз қажет.

Аймақ басшысы өңірдің бизнес қауымдастығын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына белсендірек қатысуға шақырды.

– Біз қазір осы бағыттағы өзара тиімді әріптестік байланыстарымызды экономиканың көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы  және әлеуметтік инфрақұрылымдарда табысты жүргізудеміз. Елбасы да, Үкімет те  елдің алдына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдану міндетін қойып отыр. Бұл құрылым мемлекетке де, бизнесті дамытуға да бірқатар артықшылық береді. Осы бағытта мақсатты жұмыс жасауымыз қажет. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  – экономиканы өрге бастырудың қуатты тетігі. Сол себепті, мен өз әріптестерімнің бұған аса маңыз беруін сұраймын. Әкімдік пен бизнес өзара ынтымақ-бірлікте жұмыс жасауы керек, – деді Нұрлан Асқарұлы өз ойын түйіндей келе.

Қазіргі таңда Атырау облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі бойынша екі жоба жүзеге асырылуда. Бірі – Балықшыдағы 160 орындық балабақшаны жаңғырту жұмысы, екіншісі – Ақсай ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы. Таяу уақытта осындай мақсатпен Атырау қаласында 20 балабақша және сегіз мектеп, 250 адам қабылдауға мүмкіндігі бар дәрігерлік амбулатория, сондай-ақ, Жайық өзенінің сол жақ жағында заманауи кәріздік тазарту қондырғысы құрылысы мен облыс орталығында электрмен қамту нысандарын қалпына келтіру жұмыстары атқарылатын болады.

Бақытжан ЖҰМАТ.

1 комментарий

  1. Айдарбек

    Даригерлердин санына емес, сапасына ман беру керек. Еки маман алдырса да, биликти болса екен.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*