Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте облыстағы көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі қаралды

Дүйсенбіде облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен онлайн режімінде төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі облыстық комиссияның мәжілісі өтті. Онда негізінен көктемгі су тасқынына дайындық шараларының барысына назар аударылды. Мәжілісті кіріспе сөзбен ашқан аймақ басшысы- комиссия төрағасы Нұрлан Асқарұлы күн тәртібінде қаралатын мәселенің маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Бұл жөнінде Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сағынбек Өмірзақов баяндады.

Сал__ыртты__

Алдағы күнге болжам қандай?

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының  жасаған болжамына сәйкес, Жайық өзенінің жоғарғы бассейніндегі қар қоры мен күзгі топырақтың ылғалдылығы нормадан 20- 50 пайызға көп болып отыр. Осыған байланысты көктемгі су тасқынының деңгейі де жоғары болады деп күтілуде. Бұған қоса, қазіргі уақытта қар қорының жинақталуы жалғасуда. Ойыл, Жем, Сағыз өзендеріндегі су көлемі жалпы нормаға сай немесе одан да төмен болады деп болжанған. Ал, Қиғаш пен Шарон өзендеріне қатысты келтірілген мәліметтерде бүгінгі таңда Волгоград  су қоймасының көктемгі тасқын суды қабылдау үшін босатылғандығы айтылған.

Осындай деректерді алға тартқан баяндамашы одан әрі су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік су инпекциясынан алынған ақпараттарға сүйеніп, Волгоград су электр стансасынан судың  жіберілуі жылдағыша 6200,1 текше метр/секундты құрағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, көктемде келетін судың көлеміне қатысты нақты болжамның наурыз айының 10-ына күтіліп отырғандығын жеткізді.

Облыста су тасқыны аймағында 1 қала, 6 аудан, 16 ауылдық елді мекен, 435 нысан, 7855 тұрғын үй және 15710 адам есепке алынған. Республикалық және жергілікті маңыздылықтағы жолдарда 28, темір жолдарда 38 қауіпті учаске тіркеліп отыр.

Дайындық әлі мәз емес

Бұдан кейін «Атырау облысы аумағында 2017 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық, қауіпсіз өткізу және ықтимал шығындарды азайту жөнінде іс-шаралар жоспары» бекітіліп, «Облыс бойынша су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларда шұғыл әрекет ету» картасына түзетулер енгізілгендігін  айтқан  департамент бастығы қорғаныс бөгеттерін бекіту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мәселен, Құрманғазы ауданында ұзындығы 13 шақырымдық бөгетті ағымдағы жөндеуден өткізуге 2016 жылы 47 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінсе, өңір елді мекендерін су тасқынынан қорғау шараларына, атап айтқанда, бөгеттер құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға 41,4 млн.теңге қаралып толықтай игерілген. Сол сияқты, Махамбет ауданының Алға ауылдық округі аумағындағы қауіпті деп бағаланған 2 шақырым бөгетті жай жөндеуге 22,2 млн. теңге қаржы бағытталып, нақты жұмыс алдағы сәуір айына белгіленген.

Қала мен аудандарда су тасқынының алдын алу және олардың салдарын жоюға 47,3 тонна жанар-жағармай, 616 тонна инертті материал, 19530 дана қап дайындалған. Елді мекендерден 59428 текше метр қар шығарылған. Су тасқынының күрделене түсу жағдайы ескеріліп, әкімдіктер мен мемлекеттік ұйымдар қызметкерлері қатарынан облыстың азаматтық қорғау қызметтері күш-құралдарының тобы (құрамында 3010 адам, 486 бірлік техника және 29 дана жүзу құралы бар) жасақталған. Бұл шараға Ішкі істер министрлігінің барлық құрылымдары да тартылған.

Және бір мәлім болғаны, төтенше жағдайларды болдырмау мен салдарын жоюға жергілікті атқарушы органдардың қаржы резерві қарастырылған. Оның біріншісі  төтенше жағдайларға арналса, екіншісі шұғыл шығындарға бағытталған резерв деп аталады. Дегенмен, кейбір әкімдіктердің (Мақат, Құрманғазы, Индер аудандары) қаражат қорын дайындауда салғырттық танытып отырғандығы айтылды. Мұның сыртында «Аудан (облыстық маңызы бар қала) ауқымындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою» бюджеттік бағдарламасын жүзеге асыру шараларына Атырау қаласы, Индер, Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат аудандарында қаражат қарастырылмаған.

Бұлардан өзге шешімін күткен өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. 1967-1994 жылдары топырақтан тұрғызылған 415,5 шақырымдық қорғаныс бөгетінің 172,5 шақырымы қайтадан қалпына келтіруді қажетсінеді. Күні бүгінде осы бөгеттерді жөндеу жұмыстарының құжаттарын заңдастыру мәселесі қала мен аудан әкімдіктерінің бәрінде бірдей тиісті деңгейінде шешілмеуде. Ал, Атырау қаласы, Жылыой және Қызылқоға аудандарында бұл жұмысты жандандыра түскен жөн. Осылайша, баяндамашы көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындықпен қатар, жекелеген аудан әкімдері тарапынан  бейқамдық пен салғырттықтың, шалағайлық пен жауапсыздықтың белең алып отырғандығын  өткір сынға алды.

Сал__ыртты__ сан со__тырмасын

Дренажға қаралған қаржы қайда?

Келесі кезекте дренаж жүйесіне де көңіл бөлінді. Өткен жылы Атырау қаласындағы Сәтбаев даңғылының  Құрманғазы көшесімен қиылысына дейінгі аралыққа суағарлар жүйесі жүргізіліп, оң нәтижесін берген. Ендігі жерде шаһардың тұрғын үй секторындағы 11 учаскеге ағынды кәріз желісін жүргізу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау қолға алынған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 27 млн.теңге қаржы бөлініп, әзірленген құжаттарды 15 сәуірге дейін мемлекеттік сараптамаға ұсыну ұйғарылған.

Тұтастай алғанда, бұл жүйені шетелдіктердің тәжірибесіне сүйеніп, өрісін кеңейтуге бағыт ұсталынған. Әйтеуір, бұның бәрі бос әурешілік болып, қазынадан қаралған қыруар қаржы желге ұшып кетіп жүрмесе игі! Айтылған әңгіменің астарынан осыны аңғарып қалдық.

Қардан да қауіп бар

Күн тәртібіндегі мәселеге орай қосымша хабарлама жасаған «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалы директорының міндетін уақытша атқарушы Алтынбек Әміровтің мәлімдеуінше, бұл мекеменің бағынысында 12 гидробекет  жұмыс жасайды. Бұлардың барлығы да көктемгі су тасқынына дайын тұр.

Әріптесінің сөзін қостаған су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік су инпекциясының басшысы Ғалидолла Әзидуллиннің айтуынша, Жайық өзенінің Ресейге қарасты аумағында қардың қалыңдығы (147 пайыз) мен топырақтың күзгі ылғалдануы (122 пайыз) нормадан жоғары, сондықтан көктемгі өр суы болады деп болжануда. Соның ішінде, Ирикла су қоймасынан төмен орналасқан Сақмара өзенінде қардың қалыңдығы 137, Құмақта 73 және Орда 187 мм-ді құрап, қалыпты нормадан асып кеткен. Мұның өзі де қауіп төндірер жағдай болуы ықтимал екендігін хабарламашы жасырмады.

Бөгетке сақ болайық!

Мәжілісте мәлім болған жайттың бірі, Атырау қаласының аумағына кіретін Геолог елді мекенінде соңғы жылдары бұрын дамбы тұрғызылған учаскелерден жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдері берілгендігі. Алайда, осындағы бөгеттердің топырағын сол үй салушылар өз мақсаттарына пайдаланып кеткен.

Салынған жеке сектор үйлерінен шыққан лас су кәріздік жүйелерді бітеп, септиктерді толтырып жіберуінің кесірінен ол жердің бетіне шығып, төтенше жағдайдың орын алуына себепші болған. Және мұндай жағдай бірнеше мәрте қайталанған.  Негізінен алғанда, облыс аумағындағы қорғаныс бөгеттері мен дамбылар әрбір аудан мен ауылдық округ әкімдіктеріне бекітіліп берілгенімен, оларды күтіп-ұстау, жөндеу, түгендеу, заңдастыру талаптан шықпай отырғаны ашық айтылды. Мұндай жағдайдың әсіресе, Атырау қаласы мен Жылыой, Қызылқоға аудандарына тән екендігі атап айтылды.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев әрбір баяндама-хабарламаға байланысты тиісті лауазым иесін орнынан көтеріп, сауалын қойып, жауабын алып отырды. Осылайша, алдымен Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Мәлік Амановқа бұрылған аймақ басшысы Алға ауылындағы қауіпті аймаққа байланысты жай емес, күрделі жөндеу жүргізілуге тиісті екендігін атап көрсетті. Әйтсе де, әріптесінің бұған қатысты жарытымды жауабын ести алмады.

Өз кезегінде Индер мен Мақат аудандарының әкімдері Серік Арыстан мен Берікқали Сәрсенғалиев те төтенше жағдайға және шұғыл шараларға арналған резервтік қордың осы уақытқа дейін жасақталмау себебін сұрағанда тосылып қалды. Облыс әкімі Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбековтен Аққыстау селосындағы суға батып тұрған жоғары кернеулі электр бағандарының қашан ауыстырылып, іске қосылатынын сұрады. Ол бағандардың жаңартылып, асты биіктетілгенін, енді подстанса құрылысы аяқталса, пайдалануға берілетінін айтып құтылды.

Бұдан бөлек, шалғай өңірдегі жолдардың жайына назар аударған аймақ басшысына Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов:

– Миялы-Сағыз аралығындағы жолды қар басып қалғаны рас. Қазірде бұл трасса толықтай тазартылды. Жекелеген учаскелеріне кезекші техника қойылды. Сонымен қатар, «Миялы-Қарабау-Индер» жолы да бақылауда ұсталынуда. Ауылдық округ орталығымен қатынас бар, байланыс та қалыпты. Бірақ, ішкі жолдарды жөндеу қаржы қаралмағандықтан іске аспауда. Күн тәртібіндегі мәселеге келсек, Ералы су қоймасы көктемде келетін өр суын қабылдауға дайын, – деді.

Жиын соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің орынбасарлары мен облыстық басқарма, департамент басшыларына  осы мәселе бойынша нақты тапсырмалар берді.

Дәулетқали Аруев

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*