Атырауда майдангер қыздардың алты томдық жинағы жарық көрді

IMG 20190508 161917 1 Жаңалықтар

Аtr.kz/13 мамыр, 2019 жыл. Ұлы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында қан майданға қатысқан қазақстандық қыздардың есімдері кітап бетіне қатталып, «Женщины фронтовики Казахстана» («Қазақстанның майдангер қыздары») атты 6 томдық болып жарыққа шықты. Көптомдықтың авторы атыраулық тарихшы, журналист Жұмабай Доспанов.

            Тарих қойнауында жатқан есімдер жазылған жаңа кітаптар «Атырау-Ақпарат» баспасөз клубында өткен брифингте жұртшылыққа  таныстырылып,  бұл жиынға өңірімізге белгілі тарихшылар, ардагер журналистер және бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Шара барысында белгілі ардагер журналист Төлеген Берішбай жарыққа шыққан жаңа туынды авторының осы кітаптарды жарыққа шығарудағы көл-көсір еңбегін айта келіп, ұсынылған кітаптардың маңыздылығы мен құндылығына тоқталды. Автордың осыған дейін де соғыс тақырыбындағы бірқатар кітаптарды шығарғандығын тілге тиек етіп, оның ішінде «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 25 томдық еңбегінің шоқтығы биік екендігін де айтып өтті.

            Жұртшылыққа ұсынылған жаңа туынды орыс тілінде екен. Әзірге 300 данамен басылған кітаптың жарыққа шығуына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тікелей қолдау көрсетіпті. Автордың айтуынша, тоғыз жыл бойы жинақталған бұл еңбекте  екінші дүниежүзілік соғыста от кешкен  қазақстандық 7747 майдангер қыз-келіншектің ерлігі мен жеткен жетістіктері туралы мәліметтер топтастырылған. Кітапқа енген майдангерлердің 85 пайызы орден-медальдар алған. Олардың екеуі Совет одағының батыры, біреуі Халық қаһарманы, жетеуі «Жауынгерлік Қызыл ту» орденімен марапатталған.  

            Автор кітапқа енген мәліметтердің 80 пайызын  Ресей қорғаныс министрлігінің қос архивінен және  Ресей Федерациясының қазақтар мекендеген аймақтарындағы архивтерден  алған.  

Мұратбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

IMG 20190508 161620
IMG 20190508 161917
IMG 20190508 161706
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз