АУЫЗ СУДЫҢ ҚАДІРІ

 

Алдымен, мінбеге көтерілген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Атырау филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Жәкиев мұндай қымбатшылық бизнес иелері тарапынан реніш туғызып жатқандығын айтты. Соңғы бірер күннің өзінде елу шақты кәсіп иелері шағымданып үлгеріпті.

Оның айтуынша, егер көтеріңкі тариф сол күйінде қалатын болса, онда монша, көлік жуу стансалары, химиялық тазалау нысандары бар кәсіпкерлер де көрсетер қызмет бағасын көтеруі ықтимал. Кейбіреулер 20 пайыздық өсімді айтады. Ал, мұның салмағы, сайып келгенде, сол қызметті тұтынушы қарапайым адамдардың иығына түседі.

Жалпы, әлемдік қаржы дағдарысының, дүниежүзілік нарықта «қара алтын» құны құлдырауының, теңгенің тағы да құнсыздануының ел экономикасына кері әсер етіп жатқандығы жасырын емес. Мұны «нұротандық» депутаттар да ашық айтты. Қатты тығырыққа тірелмесек те, жоспарлы жұмыстардың біразын кейінге сырғытуға тура келді. Өнім өндіру көлемі қысқаруы ықтимал. Міне, осындай сын сағатта ауыз су бағасының еселеп өсуі – қолайлы құбылыс емес.

Одан әрі, Асылбек Жәкиев жеке азаматтардан гөрі заңды тұлғалардың тарифін көтеріңкі тағайындауға қарсы екенін айтты. Әрине, оны да түсінуге болады. Сайып келгенде, бизнес жұмыс орындарын құрады, салық төлейді, өзге де міндетті өтемдері бар. Демек, оған да қызмет істеуге мүмкіндік туғызған жөн. Бұл тек бізде ғана емес, жалпы республикада қалыптасқан құбылыс. Түрлі шығындардың өтеуін кәсіпкерлерге арта салған да жараспайды.

Әйтсе де, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Атырау облыстық департаментінің басшысы Асылбек Аламанның айтуынша, қазіргі қабылданған тарифтің өзі «АтырауСуАрнасының» мол пайдамен жұмыс жасауына негіз бола алмайды. Монополия мекеменің үстіміздегі жылғы 28 қаңтарда берген сұранысында әр текше метр суға 652,28 теңге қаралған-ды. Уәкілетті орган бұл ұсынысты жан-жақты сараптап, қазіргі деңгейге тоқтаған. Ал, бұған дейін екі жыл қолданыста болған тариф бойынша жеке тұрғындар ауыз судың әр литріне 68,28 теңге, ал заңды тұлғалар 189,70 теңге төлеген-ді.

Уәкілетті орган басшысы қазіргі өзгерісті бұған дейін белгіленген шекті тариф мерзімінің аяқталуымен, кәсіпорынды қайта жарақтандыруға, су желілерін жөндеуге және энергия үнемдеуші жабдықтар алуға бағытталған жаңа инвестициялық бағдарламаның басталуымен, қажетті химиялық реагенттердің қымбаттауымен түсіндірді. Жиналғандардың соған көзін жеткізгісі келгендей кейбір нақты деректерді де келтірді.

Әрине, бәрі жақсы. Бірақ, монополия мекеме сол құралдар мен химиялық реагенттерді қайдан сатып алады? Бұрын Ресеймен байланысы барын еститінбіз. Егер солай десек, онда көрші мемлекеттегі рубль бағамының төмендегенін тиімді пайдалануға болмас па? Оның үстіне, еңбек ардагері Қали Әубекеров айтқанындай, коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорын халықтан жиналған қаражатты қалай жұмсап отыр? Ара-тұра ұйымдастырылатын баспасөз туры жағдайды нақты анықтай ма? Қайткенде де, оның құрамындағы депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен журналистер мамандар емес. Сондықтан, монополия мекеме қызметіне тәуелсіз аудит жүргізуді ұсынды.

Облыстық мәслихат депутаты Александр Думлердің пікірінше, егер қазір қабылданып отырған тариф мекеменің мәселесін толық шеше алмаса, онда тағы өзгертуге тура келетін тәрізді. Кәсіпорынның бүгінгі мүшкіл жағдайына қарағанда алдағы уақытта мүлдем ауыз сусыз қалатын түріміз бар.

Оның үстіне, «АтырауСуАрнасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының директоры Андрей Ташлыковтың айуынша, биылғыны қоса есептегенде 2018 жылы да мекеме ешқандай табыс түсірмейді. Жаңа тариф арқылы жиналған қаражаттың бәрі электр энергиясын үнемдейтін қондырғыларды алуға, өзге де қажеттіліктермен қамтылуға жұмсалмақ. Әрине, жұмысшылардың жалақысын көтерген де жөн. Сонда табылған пайдадан жұмсалған шығынды шегергенде, кәсіпорынның таза табысына түк қалмайды. Демек, мекеме бастапқы үш жылда өндірісті қайта жарақтандырумен шұғылданбақ. Пайда мәселесін ар жағында ғана ойланбақ.

Жиын барысында депутат Александр Думлер тағы бір мәселені қозғады. Ол – көп қабатты үйлерге ортақ есептеу құралын орнату. Сайып келгенде, бүгінде әр пәтерде осындай жеке жабдық бар. Оны қондырмағандар қатары өте аз. Тіпті, жоқ деуге болатын шығар. Ендеше, шығыны тұрғындардың иығына түсетін қосымша қондырғы неге керек? Сөйтсек, монополия мекеме сол үйлердің астына, яғни подвалға ағатын су төлемін тұтынушыларға артпақ екен. Бұлардың түсіндіруінше, әр көп қабатты үйді қамтитын пәтер иелері кооперативтері бар. Міне, солар өздеріне қарасты су желілерін қалыпты ұстауы тиіс. Коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорын міндеті – өнімін нысанға дейін жеткізіп беру. Одан әрі есептеу құралы бойынша төлемін алу. Бірақ, мұндай құралға қызығып отырған тұрғындар да, кооператив басшылары да жоқ. Ертеңгі күні қымбат жабдық бұзылып қалса, оны кім жөндейді? Қажет маманды қайдан табады? Демек, депутаттар бұл мәселені монополия мекеме мен тұрғындар бірлесіп шешу керектігін айтты.

Ал, облыстық мәслихат депутаты Мұхамбетқали Қалиевтың сөзі баршаға ой саларлық. Ауыз суға қатысты тарифте өзгеріс болатындығы жөнінде алдын ала баспасөз құралдарында хабарланды. Қоғамдық тыңдау өткізу уақыты белгіленді. Соған бизнес өкілдері белсене қатысты ма? Өз есептерін ұсынды ма? Ендеше, әбден шешім қабылданып, құжатқа қол қойылғаннан кейін ренішін кімге білдіреді? Жалпы, өзіміздің белсенділігіміз тым төмен. Жұртшылықты жиналысқа жинау қиын. Монополия мекеме де өзгелердің пікірін білуге құштар. Кейін қандай тоқтамға келерін қайдам, бірақ, сол сәтте көпшілік сауалына жауап беріп, жағдайын айтары кәміл. Демек, осындай мүмкіндікті жіберіп алып отырмыз. Ірі монополия мекемелері инвестициялық бағдарламаны ұзақ жылға қабылдайды. Сондықтан, осындай маңызды мәселені талқылағанда сырт қалмаған абзал еді.

Оның үстіне, су бағасының қымбаттауы кәсіпкерлер қызметіне көп шығын келтіре ме? Монополия мекеме басшысы Андрей Ташлыков бірлесіп мониторинг жүргізуді ұсынды. Өз басым мұны құптар едім. Өйткені, расында да, тарифтің өсуі нақты бизнес нысанының шығынын қосымша қаншаға көтерді? Егер ауыз суды бұрынғыдан гөрі үнемді пайдаланса, соның орнын толтыруға болар ма? Егер солай десек, онда несіне қызметін қымбаттатады? Міне, бұл да – ойланарлық жай.

Кәріз мәселесі – күрмеулі проблема. Ауыз су бағасы қымбаттағандықтан, оның да құны өседі. Осы орайда, орталық жүйені күнде тұтынбайтын, өзінің кәріз суы жиналатын құдығы бар жеке сектор тұрғындары неге әр айда коммуналдық қызметтің осы түріне ақы төлейді? Мекеме басшысының бұл ретте берген жауабы онша түсінікті болған жоқ…  Ал, әзірге білгеніміз – жеке сектордағы кәріз құдықтары тексерілетіндігі. Олардың кейбірі дұрыс шегенделмегендіктен, лас су жер қыртысына кетіп те жатыр. Әйтсе де, таяудағы екі-үш жылда жеке үйлерді де кәріз жүйесіне қосу жоспарланған. Ол үшін әр ауылға шағын жүйе жасақталады. Әрине, оған да біраз қаражат қажет. Әйтсе де, инвестициялық бағдарлама нәтижесінде оны да шешуге болады.

Ақырында, жаңа тариф биылғы тамызда күшіне еніп, 2020 жылды да қамтиды. Демек, жеке тұрғындар мен заңды тұлғалар үшін жоғарыда айтылған ауыз су бағасы бес жыл бойы өзгеріссіз сақталады. Осы орайда депутат Сайын Қуанышев оны сатылап өсіруді ұсынды. Бұл – қолданыстағы заңдылықтарға да қайшы емес. Өмірдің өзі енгізіп отырған төтенше жағдай ретінде есептеп, қазіргі алынған шешімге өзгеріс енгізген абзал. Қазіргі экономикалық ахуалды ескеріп, осындай қадамға барған да жөн. Ауыз су бағасын әр жылға бөліп көтеріп, ақыры шекті деңгейге жетуге де болады емес пе?

Жалпы, жергілікті өкілетті орган да салмақты саналғанымен, кейбір күрделі мәселенің шешімі Парламентке де тірелетіндей. Өйткені, соның қабырғасында қабылданған заңдарды жергілікті мемлекеттік мекемелер мүлтіксіз орындауы шарт.  Қазір Парламент депутаттары жазғы каникулға шығып, елді аралауға кірісті. Демек, солардың алдына қоятын сауалдар да жеткілікті.

…Сонымен, «судың да сұрауы бар» деген мәтелдің мағынасын тағы да терең түсінгендейміз. Елбасының сырттан төнер қауіп-қатер қатарында ауыз суды да атауы тегін емес. Келешекте бір ұрттам суға зар болар күн тумаса екен. Ендеше, барымызды бағалап, қолымыздағыны қадірлеп ұсталық. Ал, біз бұл мәселеге алдағы уақытта тағы да ораламыз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*