АУЫЛДАҒЫ АГРОФИРМАЛАР

 

МАЛДЫҢ ӨНІМІ ӨСІП, БАСЫ КЕМІДІ

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты хабарлама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиевтың мәлімдеуінше, 2013 жылы бұл салада өндірілген жалпы өнім көлемі 44,9 млрд.теңгені құрап, 2012 жылғы межемен салыстырғанда 112 пайызға артқан. Соның ішінде мал шаруашылығының үлесінде – 30,8 млрд. теңге немесе 101,5 пайыз, ал егіншіліктің еншісіне тигені – 13,7 млрд. теңге немесе 103,4 пайыз болып отыр.
Есепті мерзімде, тірілей салмақта 49239,2 тонна ет (100,9 пайыз), 55810,8 тонна сүт (100,6 пайыз) және 10570 дана тауық жұмыртқасы өндірілген. Жыл ішінде облыста 10 шаруашылық құрылымы асыл тұқымды түлік өсірумен шұғылданатын шаруашылық мәртебесін иеленген. Өкінішке орай, өнім көлемі көбейгенмен, мал басы біраз кеміген. Мәселен, мүйізді ірі қара – 97,7; қой мен ешкі – 94,9; түйе 94,3 пайызға азайған. Тек жылқының ғана өсімі (101,5 пайыз) байқалған.

БІРДЕЙЛЕНДІРУ ДЕҢГЕЙІ ДЕ БІРДЕЙ ЕМЕС

Маңызды мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру бағытында да біраз жұмыстардың жүзеге асырылғандығы баяндалды. 2010 жылдан басталған іс-шаралардың нәтижесінде осы уақытқа дейін 684654 бас мал сырғаланып, оның 299698-і компьютерлік базаға енгізілген. Бірдейлендірілгендердің қатарында 76624 бас мүйізді ірі қара, 211489 бас қой-ешкі, 11334 бас түйе және 251 бас шошқа есепке алынған. Тұтастай алғанда, облыста ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жоспарының орындалысы 43,8 пайызды ғана қамтыған.
Нақтырақ тоқталсақ, бұл жұмыс Атырау қаласы аумағындағы Жұмыскер, Ақсай, Еркінқала, Қызылқоға ауданындағы Мұқыр, Қоныстану, Ойыл, Исатайдағы Тұщықұдық, Нарын, Мақат өңіріндегі Мақат, Доссор, сондай-ақ Махамбет ауданындағы Махамбет, Бейбарыс селолық округтерінде дұрыс жолға қойылмаған. Оның үстіне осы шаруаға бірден-бір жауапты тұлға болып табылатын ветеринар-мамандар да жетіспейді. Осылайша, күні бүгінде облыстағы 72 ауылдық округтің бәрінде бір-бірден болуға тиісті мал дәрігерінің 15-інің орны бос тұрған көрінеді. Қазірге дейін ауылдық жерлерде жұмыс жасап жатқан ветеринар-мамандардың компьютерлері интернет желісіне қосылмаған. Бұдан бөлек, округ орталықтарында ветеринариялық бекеттерді құрып, материалдық-техникалық жарақтандыру жағы да ұқсамай тұр.

ЕГІНШІЛІКТЕ ДЕ ЕНЖАРЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН

Негізінен алғанда, өткен жылғы егін шаруашылығының жетістіктері жаман болмаған сыңайлы. Егістік жердің көлемі 5978 гектарды құрап, күзгі жиын-терім қорытындысында 51580,7 тонна көкөніс, 16993,5 тонна бақша, 13458,8 тонна картоп өнімдері алынған. Тиісінше, гектар берекелілігі де артқан.
Соған қарамастан, мұнда да «әттеген-ай!» дегізер жайлардың орын алғандығы айтылмай қалмады. Егіншілікпен шұғылданатын шаруашылықтар күтіп-баптаған дақылдарының бір түрінен біршама өнім алса, екіншісінен межеден шыға алмай кейін қалған. Мұндай жағдайлар Атырау қаласы, Индер, Махамбет және Құрманғазы ауданының шаруашылықтарында кездескен.
Жоғарыда айтылып кеткен мал шаруашылығы тәрізді егіншілікті де қаржылай қолдау шаралары қарастырылған. Осы тұрғыда көктемгі дала жұмыстарын мезгілімен жүргізуге, көлік-техникаларға қажетті жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын арзандатуға жергілікті бюджеттен 62,4 млн. теңге қаралған. Оның сомасы да алдыңғы жылғыдан 180 пайызға дейін көбейтіліп, бұл қаражат 106 шаруашылық субъектісіне бөлініп берілген. Соның ішінде, 43 шаруашылық өздеріне қажетті минералды тыңайтқышты жеңілдетілген бағамен сатып алған. Дегенмен, мұнда да жекелеген өңірлерде (Құрманғазы, Махамбет аудандары) субсидияның игерілу көрсеткіші төмен болып шыққан. Қайсыбіреулерінен төмендетілген бағамен босатылатын заттарды сатып алу жөнінде ешқандай да сұраныс түспеген.

КЕЛІСІМ-ШАРТ – ЕРІККЕННІҢ ЕРМЕГІ ЕМЕС

Аймақта азық-түлік қорын жасақтау және халық тұтынатын ауыл шаруашылығы тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Атырау облысы бойынша 17 шаруа қожалығымен (құны 85,9 млн. теңге тұратын, көлемі 2170 тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеңілдетілген бәспен жеткізіп беру жөнінде) фьючерстік негіздегі келісім-шарт жасалған. Соған сәйкес, қазірде межеленген өнімнің 858,5 тоннасы жеткізілген.
Десек те, облыс әкімдігі жанындағы арнайы комиссияның хаттамалық шешімімен, одан қалды келісім-шартпен бекітіліп берілген осы тапсырыстардың жекелей аудандар бойынша алғандағы орындалысы да ойдан шықпай отырғандығын салалық басқарма басшысы жасырмады. Сөйтіп, бұл көрсеткіш Жылыой (99 пайыз), Индер (91 пайыз), Махамбет (71 пайыз) аудандарында салыстырмалы түрде жоғары болса, келесі орындарда Мақат, Исатай, Қызылқоға аудандары келеді. Ең төменгі көрсеткіш (16 пайыз) Құрманғазы ауданында орын алған. Соңғысында тапсырыспен берілген 236,1 тонна көлеміндегі өнімнің 36,8 тоннасы ғана сатылыпты.
Қайткенмен де, келісім-шарттың еріккеннен жасала салмайтындығы кәміл. Мұның бәрі де әлеуметтің тұтыну әлеуетін ескеріп, халық қамы үшін ойластырылып, қолға алынған шаруа екені анық. Сондықтан, келешекте осыны есте ұстап, жауапкершілікпен қарау керектігін де хабарламашы қаперден тыс қалдырмады.
Облыстық басқарма басшысының айтқандарын селекторлық кеңеске төрағалық еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы да қостап, бұл істе әріптестерін ынтымақтастық пен түсіністікке шақырды. Қайткен күнде де шаруагерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздеріне көрсетілген көмек пен қолдауға сай қарекет қылуы, ал қала мен аудан, ауыл әкімдері соның ұйымдастырылуына ұйытқы болуы қажеттігін меңзеді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*