Ауылды дамытатын алты бағыт қалай жүзеге асырылады?

Ширек ғасыр бойы ауыл шаруашылығын лайықты деңгейге көтере алмай келеміз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында шайқалған саланың шаңырағы әлі түзеле қойған жоқ. Әрине, бұл бағытта сауықтыру шаралары пәрменді жүріп жатыр. Үкімет тарапынан қыруар қаражат бөлінуде. Әр аймақта іргелі шаруашылықтар пайда болуда. Ал, Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында қойылған алты нақты міндет ауылдың ажарын ашуға бағытталған. Түптеп келгенде, аграрлық сектор ел экономикасының қозғаушы күшіне айналуы шарт. Сонымен, осы орайда не істелмек?

lmokogsYSKg

Біріншіден, субсидия бөлу қағидаларын қайта қарау және оны біртіндеп сақтандыруға көшу керек. Содан соң тиімсіз саналған 11 субсидия түрі алынып тасталды. Сөйтіп, үнемделген қаржы тауар өндірушілерге беріледі. Демек, оларға арналған қаражат 7,5 есе артпақ. Әрине, бұл – үлкен қолдау. Өзіміздің шұбатымыз бен қымызымызды, қауынымыз бен қарбызымызды, алмамыз бен қызанағымызды өсіретіндерге зор демеу.

Екіншіден, кооперативтер құруға нақты қадам жасалмақ. Таяудағы бес жылда республикада жарты мыңға жуық жеке шаруашылық пен шағын фермалар біріктірілуі тиіс. Бүгінде елімізде 154 ірілендірілген құрылым пайда болды. Биыл олардың санын екі есе көбейту жоспарланған. Әзірге жүз шақты сүт қабылдау орны мен 7000 отбасылық мал бордақылау орталығы ұйымдастырылған. Сөз ретінде айтар болсақ, мұндай нысандар бізде де өмірге келе бастады. Бұл, әрине, құптарлық құбылыс.

Алайда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жекешеленіп, алдына азды-көпті мал салып алғандардың басын қайта қосу оңай болмай тұр. Әр төбені мекендеген олар өздерін сол жердің қожасы санайды. Алдына үлкен мақсат та қоймайды. Күнделікті күйбең тірлігінің өтеуі ретінде отбасын ашықтырмаса, одан артыққа ұмтылмайды. Ал, мұндай тірлікпен тұтас республиканың ауыл шаруашылығын сауықтыру мүмкін бе?

Жалпы, ұсақ мекемелерді ірілендіру мәселесі бүгін ғана айтылып жүрген жоқ. Ол бұған дейін де қозғалған. Соның бір тетігі ретінде ауыл кәсіпкерлерін қаржылай қолдау құрылымдары, екінші деңгейдегі банкілер көлемді несиені ұсақ ұжымдарға емес, іргелі шаруашылықтарға ұсынуды қолға алды. Бұлардың кепілге қоятын қомақты мүлкі де, лайықты қайтарым беруге мүмкіндігі де бар. Осындай әдіспен саяқ жүргендерді жинақтауға қадам жасалған. Турасын айтқанда, азды-көпті қозғалыс болғанымен, толымды нәтиже әлі де ауыз толтырып айтарлықтай емес. Демек, жекелерді желкелемей, керісінше, оларды қызықтыратын нақты шара керек.

Үшіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу деңгейін арттырып, сақтау мен тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет. Бұл бағытта керекті инфрақұрылымды жасақтау жұмысы басталып та кетті. Бізде де оң үрдіс бар. Бірақ, әлі де біраз шаруа тындырылмай жатыр. Әсіресе, балық шаруашылығындағы олқылықтар жиі айтылады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың Құрманғазы ауданына сапарында Жайық пен Қиғашта ауланған су маржандарының дені Ресейге шикізат күйінде кетіп, бері қарай дайын өнім түрінде қайтатыны ашық әңгіменің өзегіне айналды. Әрине, көршілеріміз арзанға алып, өзімізге қымбатқа қайта сатады. Сонда өңірдегі балықшылар кооперативтері не тындырып отыр? Былтыр олардың он жыл мерзімге алған тартымдарының уақыты бітті. Осы орайда о баста қойылған талаптардың бірі – өңдеу саласын сауықтыру. Яғни, қажетті құралдармен жабдықталған цехтар ашып, балық өнімдерінің түрлерін көбейту міндеттелген. Сол қаншалықты орындалды? Атыраулықтар неге жеткілікті қамтамасыз етілмей отыр? Егер арнаулы  дүкендерде балық өнімдері толып тұрса, жұрт браконьерлердің құрығына түспес еді ғой. Демек, бұл бағытта жеткен жетістіктен гөрі, жіберілген кемшілік те көп.

Төртіншіден, еңбек өнімділігін арттырып, шығар шығынды азайту шарт. Бұл – шаруашылық жетекшілеріне жүктелер міндет. Жаңа техника мен озық технологияны тарту, оның тетігін жетік білетін мамандарды жинақтау соларға байланысты. Машақаты көп, қайтарымы аз іс – қазіргі меже емес. Ендеше, ертеңін ойлаған басшы қажет мамандарын бүгін дайындайды.  Мәселен, мал дәрігерлері жетіспейді. Ауылда бұл шаруаны әлдеқашан зейнет жасына жеткен жандар атқарып жүр. Аймақта бұл мамандық иелерін даярлайтын оқу орындары бар. Екі-үш шаруашылық басшысы бірігіп, жергілікті бір маманды оқытуға болады емес пе? Әр жылы ауылдағы төрт түлік арасынан бруцеллез дерті білініп, жүздеген мал  өледі. Егер соларды дер кезінде емдеп, екпе жұмысын жүзеге асырса, аман алып қалуға да болар еді ғой.

Бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыру қажет. Алдағы бес жылда суармалы егістік көлемін 40 пайызға ұлғайту көзделген. Сонда мұндай алқаптың көлемі республикада екі миллион гектарға жетеді екен. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі 600 мың гектар жерді айналымға кіргізу бағытында жұмыстанып жатыр.

Жерге қатысты мәселе Атырауда да бар. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиевтың айтуынша, ірі елді мекендердің төңірегі әбден тақырланған. Өйткені, мал иелері төрт түлігін алысқа апармай, іргеде жайғанды жөн көреді. Әрірек айдауға ұры-қарыдан қорқады. Бүгінде күллі ауылдан бір бақташы табылмайтыны жасырын емес. Ал, жайылым тозса, төрт түліктің де өрісі тарылады. Ойланарлық жай.

Ақырында, алтыншыдан, аграрлық-ғылыми зерттеулерге көбірек қаржы қарастыру қажет. Ауыл шаруашылығына салынатын инвестицияның қайтарымы болады деп күтілуде. Бүгінде Астана мен Алматыда аграрлық орталықтар құру қолға алынуда. Мұндай мүмкіндік Атырауда да бар. Бізде осы саланың ғалымдары да, материалдық-техникалық базасы да, мамандандырылған мекемелері де жеткілікті. Ендеше, алақанға түкіріп, іске кіріскен жөн.

Жалпы, Елбасы Жолдауында көрсетілгендей, 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру арқылы азық–түлік экспортын 40 пайызға арттыру көзделген. Бүгінде Қазақстан сыртқа астық, ет, өзге де өнімдерді шығарады. Талғамы биік шет мемлекеттер тұтынушыларының талабына сай жұмыстанудамыз. Сондықтан, биылдың өзінде тысқа ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды он пайызға ұлғайту жоспарланған.

Меңдібай Сүмесінов

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*