АУЫЛДАСТАРЫ ҮЙІН БІТІРІП БЕРДІ

Еңбекші ауылдық округінің тұрғындары қаржы жинап, аз қамтылған отбасының біраз жыл тұрып қалған үйін бітіріп, төбесін жауып, ішіне кіргізді. Бұл туралы естігеннен кейін округі әкімі Қанат Ғаббасовқа барғанымызда «осы істің басы-қасында жүрген, ұйымдастырған адам», – деп ауданымызға танымал апамыз, 82 жастағы еңбек ардагері Антонина Даваеваға жіберді. Апай сексеннен асса да үйде отырмай, ауласында жұмыс жасап жүр екен. «Келінім жұмыста. Өзім бос жатқанша деп шығып едім», – дейді бізді жайдары жүзбен қарсылап, үйіне бастап. Келген шаруамызды естігеннен кейін: – Өздері тас соғып тұрғызғанымен бітпей, 4-5 жылдан соң бір қабырғасы құлады. Бір балдызы келіп, құлаған жерін кері қалап, төбесін жабуға ниет етті.

IMG_6823

Осыны көргеннен кейін мен: «Көрші отырмыз. Бұларға көмектеспегеніміз ұят болар», – деп ойлап, округ әкіміне бардым. Әкімнен адам күшімен көмектесуін сұрадым. «Бас болу оңай, бастамақ қиын», -дейді халқымыз. Ауылдастарына қол ұшын беруге әрдайым әзір тұратын Қанат Айтжанұлына ризамыз, 3-4 жігіт бөлді. Олар келгеннен соң біраз материалдар, шатыр жабындысы, ағаш қажет екендігі анықталды. Содан кейін ауыл тұрғындарына шығып көмектесулерін өтіндім. Қасымызға округ әкімі бөлген екі адаммен бірге үйлеріне барғанымызда халық «ақша жоқ», – деп айтпады. Әркім жағдайы тартқанша берді. Өздері ауыздарынан ақ май ағызып отырмаса да сөзімді жерге тастамай қолдарынан келгенше көмектескен ауылдастарыма алғысым шексіз. Үйді бітіру үшін күні-түні жүрдік. Қаһарман деген көрші жігіт пешін тегін салып берді. Төбесіне салатын шөпті «Ақжонас» ЖШС мен Бақыт Қаженов деген кәсіпкер азамат әкелді. Аудандық агроколледжден балалар келіп, оны жоғары шығаруға көмектерін тигізді. Үш ай жүріп төбесін жаптық. Ішкі сылақтарын соғуға көмектесуге тағы да округ әкіміне шығып едік, 3-4 келіншек бөлді. Сылап, ақтап, еденін жасадық. Бұлар аз қамтылған отбасына жатады. Азаматы алпысқа толып отыр, жұмыс жоқтығынан ешқайда жасамайды. Анда-санда фермаға барып көмектесіп келеді. Келіншегі ІІІ топ мүгедегі, ол ақылы қоғамдық жұмыста. Қызы тұрмыста, баласы аудандық агроколледжде оқиды. Қарашадан бастап жаңа үйлеріне кірді. Бұл біріншіден халықтың, екіншіден әкімнің арқасы. Қолдап жұмыс жасамағаныммен өзім де «Бүгін мынаны, ертең ананы істейік», – деп үнемі басында жүрдім. Қалталы азаматтар осындай отбасыларын қамқорлауы керек қой. Аудандағы депутаттар халық арасына шығып жағдайларын біліп отырғаны дұрыс. Бүгінде еліміз дамып, тұрмысымыз түзелгенімен, аз қамтылған отбасылары қайдан да табылады. Жағдайы жақсылар ешкімнен көмек сұрамас, бірақ жоқ адамдарды кішкене демеп жіберу қажет. Біздің әкіміміз ауыл халқының жағдайын бүге-шігесіне дейін жақсы біледі. Құрылыспен айналысып жатқанымызда да келіп қарап кетті. Бір дұрыс басшы болмаса қосшы оңбайды. Жастарға ризамын, үлкенді сыйлайды. Сөзімді жерге тастамай: «Тоня апа айтты ғой», деп келіп отырады. Оларға бар білгенімді айтып ақыл-кеңесімді беремін, – деді.

IMG_6822

Үй иесі, ауыл тұрғыны Сүлеймен Тасимов: – Үйімді бітіріп кіруіме халқым көмектесіп жатыр. Солардың, округ әкімінің, Тоня апамыздың арқасында жаңа баспанама орнығып көңілім жайланды. Ескі үй алдымызда, көрген шығарсыз. Барлығына сау болсын деген тілегімді айтамын, қайда да аман жүрсін, – деді ризашылығын жасырмай.
Бізбен ілесіп жүрген округтің жетекші маманы Мейрамбек Өтеуғалиев: – Сүлеймен ағамыздың жұбайы Зәуреш апамыз жұмысына өте тиянақты адам. Ауыл тазалығына жете көңіл бөледі. Жолға тасталған нәрсені көрсе жұмыстан бос уақытында да жинайды. Баласы Ғасырбек өте жұмыскер. Мектепте оқып жүргенде тас соғып, осы үйді өзі көтерді. Қазір аудандағы агроколледждің студенті, – деді.
Жаңа үйді кіріп, аралап көрдік. Ені мен ұзындығы 10 метр етіп салыныпты. Дәлізімен үш бөлмелі. Бітпегені кейбір ішкі жұмыстары. Отағасының оларды күн жылына аяқтайтынына Тоня апамыз сенімді. Жалпы Еңбекші ауылдық округі тұрғындарының осы ісі көпке үлгі етерлік жұмыс. Жақсылықтары алдарынан шықсын дейміз.

Қанат ҒҰМАРОВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*