«Соколокта» серейген сиыр

Агрокешен Жаңалықтар

Atr.kz/3 маусым, 2019 жыл. Атырау қаласы аумағындағы Қайыршақты ауылдық округіне қарасты «Соколок» каналының бойын қоныстанған шаруа қожалықтарының бірінде белгісіз аурудың салдарынан ондаған мүйізді ірі қара шығын болды. Мәселенің мән-жайы жөнінде қалалық ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жұмабек Қуанышев түсінік берді.

Фермер Ирина Долголовецтің жетекшілігіндегі шаруа қожалығында былтырдан бері бірнеше ондаған бас мүйізді ірі шығынға ұшыраған. Соның салдарынан аналық сиырлардың бұзаулары жетім қалыпты.

Қожалық басшысының айтуынша, осы уақытқа дейін белгісіз болып келген бұл аурудың диагнозы биылғы сәуірде қойылып, оның «вирусты диарея» деп аталатын дерт екендігі анықталған. Сиыр өліміне не себеп болғандығын анықтауға тоғыз ай мезгіл жұмсалған. Бұл бір шаруашылықпен шектелмей, «Соколок» каналының бойында орналасқан бірнеше шаруа қожалығында орын алып отыр.

Қожалық басшыларының бірі Әлмұрат Омаровтың мәлімдеуінше, бұл ауруға шалдыққан сиыр тұрған орнында құлайды. Әрине, мамандар ем-домын тағайындап кетеді. Әйтсе де, ауру белгісі дәл анықталмағасын ба, одан оң нәтиже бола бермейді. Міне, осылай шаруашылықтарда орын алған жағдайдың бірнеше айға созылып, шаруагерлерді алаңдатқаны жасырын емес.

– Фермерлердің дабылынан кейін біздің дәрігермамандарымыз тиісті шараларды жүргізуге кірісті. Алдымен ауру малдың қора-жайын дезинфекциялап, залалсыздандыру жұмыстарын атқарды. Енді вакцинациялауды, яғни екпе жұмыстарын қолға алмақ. Тәжірибеде дәлелденгеніндей, мал арасында мұндай аурудың белең алуына азық пен жайылымдық жердің құнарсыздығы, жемшөп қорының жеткіліксіздігі себеп деп есептеймін.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *