«Шүрегейдегі» шалғы сырылы

Агрокешен Жаңалықтар

Atr.kz/30 шілде, 2019 жыл. Ауыл шаруашылығындағы маңызды науқанның бірі – қысқа қажетті мал азығын дайындау. Қазір – бұл бағыттағы жұмыстардың қарқын алып, шаруаның ширай бастаған шағы.

Жауапты маусымды ойдағыдай өткізіп, қолайлы сәтті қалт жібермеуге шаруагерлер жұмылып отыр. Мәселен, Исатай ауданының шаруашылықтары шабындық алқаптарға шалғы түсіріп, жемшөп қорын молайтуды мақсат тұтқан. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қадыржан Ермұхановтың айтуынша, мұнда қысқа қажетті мал азығының көлемі 74 408 тоннаны құрайды.

Соның ішінде, 71 543 тонна шөп әзірленуі тиіс екен. Табиғи су көздері мен шабындықтардың тапшылығына байланысты, оның бір бөлігін көршілес аудандар мен облыстардың аумағынан дайындау көзделіпті. «Жасыл орақ» науқанына алғашқылар қатарында кіріскен «Қалимұханов Ж.» шаруа қожалығындағы жігіттердің «Шүрегей» учаскесіндегі шабындыққа шалғы салғанына аса көп уақыт өте қоймапты.

Жалпы аумағы 25 гектарды құрайтын шабындық алқапқа су каналдан арнайы насоспен жіберіледі екен. Қожалық ұжымы ауа райының қолайлы сәтін пайдаланып, 150-200 байлам пішен әзірлеуді межелепті. Олар қазірдің өзінде жоспардағы меженің үштен бір бөлігін дайындап үлгеріпті.

Сондай-ақ, Дәуіт Мұсағалиев басқаратын «Нұрболат» шаруа қожалығының пішеншімеханизаторлары да маңызды науқанда алдыңғы лектен көрінуде. Қожалықтың иелігіндегі 150 гектар жердің басым бөлігін суармалы шабындық құрайды. Мұнда су мамыр айынан бастап жіберілген.

Шілденің апшыны қуырар аптап ыстығына қарамастан, шөбі бітік өскен алқапта шалғы сырылы тоқтар емес. Бұл жігіттер де 300-350 дана шамасында орама дайындауды жоспарлапты.

Дәулетқали АРУЕВ

Исатай ауданы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *