Атыраудың лимоны

Агрокешен Аудан хабарлары Жаңалықтар

Atr.kz/2 қазан, 2019 жыл. Атырауда жергілікті фермер лимон өсіріп отыр десе, былайғы жұрттың илана қоюы екіталай. Десек те, топырағы тұзды аймақта да тропикалық жеміс – лимон өсіруге болатынын дәлелдегеннің бірі махамбеттік кәсіпкер Владимир Розметов.

Оның арманы – Қазақстанда тұңғыш рет лимон бағын Атырауда жайқалтып, өнімімен тұтынушыларын тәнті ету. Өз мақсатын жүзеге асыру үшін лимон сұрпын іздеп, Кавказ өңіріндегі Абхазияда болды. Соңғы таңдауы – Өзбекстанда өсірілетін «мир» атты сұрыпқа түсті.

Кәсіпкерге лимонның дәл осы сұрпына жергілікті климаттық ерекшелік пен топырақтың құрамы қолайлы көрінді.Осыдан үш жыл бұрын лимонның осы түрінің екі мың көшетін егіп, баптауға кіріскен Владимирдің шаруа қожалығы жуырда алғашқы өнімін алады. Қажырлы еңбек пен төзімнің арқасында 20 шақты шағын жылыжайдағы екі мың түп лимон жеміс беру кезеңіне жетті. Шаруа қожалығы мамандары алғашқы жылдың өзінде 1,5 тонна лимон алуға бекініп отыр.

– Лимон өсіру аса қиын шаруа емес екен. Тек баптап, күте білу қажет. Дегенмен, біздің аймақтың ауа райы қиындау. Қыста суық әрі үнемі жел, борандатып тұрады. Қыстың күні лимонарийдің ішіндегі ауа 2 градус жылылықтан төмен болмауы керек. Ал, жазғы мезгілде 60 градус ыстыққа төтеп береді,- дейді агроном Виктор Шеффер.

Махамбет ауданындағы «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығы он жылдан бері көкөніспен қатар жеміс-жидек, бау-бақша өсіруді қолға алады. Қазір 160 гектар алма бағы, жүзім және 1 гектар аумақты алып жатқан лимон жылыжайы бар. Рас, қазір оңтүстік өңірде өсетін бұл жемісті атыраулықтар базардан нарықтық бағамен сатып алуға мәжбүр. Құны тым қымбат болғанымен, сұраныс жоғары. Өйткені, адам денсаулығы үшін аса пайдалы лимонды күнделікті өмірімізде, ас мәзірінде жиі пайдаланамыз.

Лимон – қандай ауруға шалдықсаңыз да көмектесетін жеміс түрі. Өйткені, оның құрамында адам ағзасына қажетті дәрумендер, пайдалы элементтер көп кездеседі. Тамағымыз, ішіміз, тіпті бауырымыз ауырса да лимонды пайдаланамыз. Жүрек-қан тамырлары жүйесінің, артериялық қысымның төмендеуі сияқты
сырқаттарға да лимоннан шипа табасыз.

– Алдын ала нарықты зерттеп алдым. Бізде сатылатын лимонның барлығы сырттан әкелінеді. Бағасы – қымбат. Мысалы, бір лимонның базардағы бағасы 150-200 теңге аралығында. Менің есебімше, біз өсіретін лимон базар нарқынан әлдеқайда арзан бағада сатылатын болады. Себебі, көлік тасымалына шығынданбаймыз. Сөйтіп, жергілікті лимондар таяу арада импорттық өніммен бәсекелесе алатынына сенімдімін, – дейді Владимир Федорович.

Тек оны мазалайтын бір жайт – шығын көлемінің жыл санап өсіп келе жатқандығы. Аймақ фермерлері үшін судың текше метрі – 14 теңге, ал, Шымкентте 1 теңгенің шамасында. Әрі оңтүстік өңірде жаңбыр да жиі жауады. – Бізде жаз бойына бір тамшы тамбайды деуге болады. Судың тапшылығын көріп отырмыз. «Көгілдір отын» үшін жақында 1 мың текше метріне 200 теңге қосылды. Дизель отынының бағасы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге қымбаттады,- деп қынжылады шаруагер.

Бақытжан ЖҰМАТ,

Махамбет ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *