Ауыл кәсіпкеріне – қомақты көмек

Елбасының бес әлеуметтік бастамасына арналған Үндеуінде атап көрсетілгеніндей, өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады.

news1464235453

Сондықтан да Мемлекет басшысы биыл осы салаға қосымша 20 миллард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді міндеттеп отыр. Демек, шағын несиені кеңейту жөніндегі төртінші әлеуметтік бастамасы аясында облыс бойынша жүздеген адамға несие алып, жаңа кәсібін ашуына мүмкіндік беріледі деген сөз.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы – «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйымы болғандықтан ауылдық жерлердегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өркендеп, қанатын кеңге жаюына елеулі ықпалын тигізіп келеді. Ауыл кәсіпкерлерінің арзан несиеге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аталған қор арқылы жылдық мөлшерлемесі 7% жеңілдетілген несие беру үшін бюджеттен жыл сайын қаражат бөліп тұрады.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында былтыр облыс бойынша 119 адам 432,2  млн. теңгенің несиесін алуға қолы жетті. Ал, «Ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті несиелендіру» бағдарламасы бойынша 87 адамға 395 млн. теңгенің қаражаты бөлінді. Осы уақыт аралығында 380 адамның 1,5 млрд. теңгеге жуық несие алуына мүмкіндік жасалды.

Елбасы тапсырмасына сәйкес соңғы қарыз алушыға несие қаражатын тезірек жеткізу үшін осы жылдың соңына дейін алдында бөлінген қаражат бойынша үшжақты несиелік шарттарға қол қою және дереу шағын несие бере бастау жүзеге асырылады. Халықты шағын несиемен көбірек қамту үшін қала мен ауылдарда несие беру лимитін сараланған түрде қарастыру көзделіп отыр.

Жеңілдік берілген шағын несие 5 жылға дейінгі, мал шаруашылығы саласындағы жобалар және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру үшін шағын несие 7 жылға дейінгі мерзімге берілмекші. Сыйақының жылдық тиімді мөлшері 6 пайыздан аспайды. Жалпы ұсынылып отырған тетіктерді іске асыру үшін бағдарламаға, сонымен қатар, ауылдық елді мекендер мен қалаларда шағын несие беру жөніндегі қағидаларға өзгерістер енгізілетін болады.

Аталған қор ауылдағы ағайынның өздерінің жаңа кәсіптерін ашуға, жобаларды қаржыландыруға, айналым қаражатын алуға және тағы басқа кәсіпкерлік мақсаттарды жүзеге асыруға әрқашан дайын.

Гүлзада ШАЛАҒҰЛОВА,

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының директоры.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*